Кенбайдағы мектепте тек бір оқушы оқиды

2022 03 14 201104184643a3714726d Білім

Атырау облысының Кенбай ауылындағы мектеп жалғыз оқушыға бола істеп тұр. Үшінші сыныпқа баратын бір балаға бес мұғалім сабақ береді екен. Жалғыз оқушысы бар мекемеде одан бөлек 15 маман қызмет етуде, деп хабарлайды КТК арнасы.

Осынша жыл санаулы балаға сабақ беріп келген мектепті биыл жабамыз депті. Бірақ тұрғындар мектеп жабылса, ауыл құриды деп қорқып отыр

«Күйеуімнің жалғыз жалақысымен кәмелетке толмаған төрт баламен қалада тұра алмаймын. Сол үшін осы жерде тұрып жатырмын. Мен ауылым деп шырылдап отырмын. Сол үшін мектепті жаппауын талап етемін. Бала жоқ, бала жоқ дейді. Бер жағында өсіп келе жатқан 10 шақты бала бар. Мектеп жоғалып кетсе, біздің ауыл құриды», – дейді ата-ана Айсара Әбезбаева.

Бүтін бір ауылды асырап отырған мектепті жаппауды сұраған кенбайлықтар, жергілікті билік елдімекенге көңіл бөлуі керек дейді. Өсіп келе жатқан өзге балаларды қалаға қаңғыта алмаймыз деп отыр. Сондай-ақ шенеуніктер бұл мектептің жөндеу жұмысына осыдан үш жыл бұрын 30 миллион теңге жұмсапты. Оған қоса ауылға газ құбырын жүргізуге 2 млрд теңге тағы бөлінген. Қарайған қаржы жұмсалып жатқан елдімекен тұрғындары тентіреп кетуден қорқады. Ал білім басқармасы бір бала үшін бір мекеме ұстап отыру тиімсіз дейді.

«Қаржы жағынан алып қарағанда, бір балаға бірнеше қызметкер ұстап, бір мектепті ұстап тұру қиын. Халықтың ұсыныспікірін ескеріп әрі қарай мәселені дұрыс шешуге талап қойғалы отырмыз», – дейді Атырау облысы білім беру басқармасы басшысының орынбасары Орынтай Биманова.


Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз