
«Келер күннен үміт күтемін!»
Енді аз уақыттан кейін мектеп формасы мен оқулықтың орнына үміт пен сенім арқалаған жас түлек үлкен өмірге қадам басады. Қоңырау үнімен аяқталған соңғы сабақ артта қалды. Бүгінде олардың әрқайсысы болашағын ойлап, өз арманына ұмтылып барады. Бірі дәрігер, енді бірі ұстаз болуды армандайды, бірі техниканы, тағы бірі өнерді таңдайды. Әрқайсысының көкейінде «елге қызмет етсем, ата-ананың үмітін ақтасам» деген ниет бар. Жастардың бүгінгі арман-мақсаты, өмірге деген көзқарасы келешек үшін маңызды.
Сол жас жүректердің үніне құлақ түріп, болашаққа деген үміт-сенімін, талап-құлшынысын қағаз бетіне түсіруді жөн көрдік.
Болашақ педиатрдың асқақ арманы

Айназ Карапиденова – «Dostyq school» мектебінің XI сынып оқушысы. Бұған дейін ол Д.Байбосынов атындағы №13 мектеп-гимназиясында химия пәнін ерекше қызығушылығы бар шәкірттердің бірі екен. Биология мен математика пәндерін де сүйіп оқып, жаратылыстану бағытында терең білім алуға ден қойған. Ал 2024-2025 оқу жылынан бастап, VII-X сынып аралығында қосымша оқыған «Dostyq school» мектебінің жанындағы дайындық курсындағы ілім-білімін одан әрі жалғастыруға бел буған.
Биыл Айназ химия-биология бағытын таңдапты. Себебі бала күнгі арманы – адам жанына шипа беретін дәрігер болу. Соның ішінде бөбектерге көмек қолын созатын педиатр мамандығын қалап отыр. Айназды бұл салаға жетелеген қызығушылық – адам ағзасындағы күрделі де ғажайып процестердің қалай жүретіні, оларға не әсер ететіні секілді сұрақтарға жауап табу талпынысы.
– Баланың ағзасы ересек адамға қарағанда мүлде ерекше. Қазір көптеген баланың сөйлеу, ойлау, жүру қабілетінің баяулауы жиі кездеседі. Осы бағытта еңбек етіп, балалардың сауығуына өз үлесімді қосқым келеді, — дейді Айназ өз ойын анық жеткізіп.
Ұлттық бірыңғай тестілеуге қарқынды дайындалып жатқан оның негізгі уақыты химия мен биология пәндеріне арналады. Бірі – формулаларды жаттатып, есеп шығаруға жетелесе, екіншісі – теориялық білім арқылы терең ойлануға үйретеді. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерге қызығушылығы жоғары болғанымен, гуманитарлық пәндерге келгенде біраз қиындық туындайтынын да жасырмайды. Дегенмен, ол болашақта мықты маман атанып, еліне адал қызмет етуді армандайды.
– Өзім секілді түлектерге айтқым келетіні – мектеп бағдарламасын үнемі қайталап отыру керек. ҰБТ кезінде әр пәннен жоғары ұпай жинау арқылы арманыңа бір қадам жақындай түсуге болады, — дейді ол.
Көбінесе түлектер мамандықты ата-анасының кеңесімен таңдайтыны рас. Ал, отбасының кенжесі Айназдың медицина саласына қызығушылығы – жүрек қалауы. Ата-анасы мен бауырлары да оның бұл шешімін толық қолдап отыр.
Оқу жылы басталғалы түрлі тегін онлайн сынақ тапсырып, өзін-өзі шыңдап келе жатқан оның қазіргі нәтижесі жақсы. Бірақ Айназ бұған тоқмейілсіп қалмай, одан да жоғары көрсеткішке жетуді көздейді.
– Көп тіл білемін деп мақтана алмаймын. Ана тілімде еркін сөйлеймін, ал орыс тілін күнделікті өмірде жиі қолданамын. Жекеменшік мектепте оқитын болғандықтан, ҰБТ форматына сай бес пәнмен ғана шектелеміз. Сондықтан ағылшын тіліне аз көңіл бөлгенімді жасырмаймын. Бірақ бұл тілді қайтадан меңгеріп, деңгейімді жақсартуға тырысамын, — дейді ол.
Мектеп пәндерінен бөлек Айназдың домбыра шертуге де қызығушылығы ерекше. Үш жыл бойы домбыра үйірмесіне қатысып, біраз үзіліс жасағанымен, үйренгенін ұмытпай, нота мен бейнесабақтар арқылы сүйікті аспабын қайта серік еткен. Бүгінде оннан аса күйді шебер орындайтын ол домбыраның өзіне ерекше ыстық екенін де жасырмайды.
Кітап оқуға ынтасы күн санап артып келе жатқан Айназ америкалық нейрохирург-дәрігер, жазушы Пол Каланитидің «Когда дыхание растворяется в воде» атты мемуарлық шығармасын оқып жүр екен. Оның медицинаға деген көзқарасын тереңдете түскен бұл туынды өмірдің шынайы құндылықтары туралы да ой салған.
– Пол өзінің кәсіби жолында тек ғылыммен шектеліп қалмай, әдебиет пен поэзияға да жаны жақын болған. Ол дәрігердің міндеті – тек тәнді емес, жанды да емдеу екенін ұғынды. Оның «Кейде тағдырға сенің дәрігер екенің маңызды емес сияқты» деген сөзі маған ерекше әсер етті. Демек бұл білім мен кәсіби біліктіліктің де белгілі бір шегі бар екенін көрсетеді. Кейде өмірдегі кейбір жағдайлар тек логикамен шешілмейтінін аңғартады. Пол науқасты жай ғана ағза ретінде емес, тұтас тұлға ретінде қабылдады. Бұл – шынайы дәрігерлік жолдың басты қағидасы, — деп ой бөлісті Айназ.
Оның айтуынша, шын дәрігер болу әркімнің жүрегін тәрбиелеуден басталады. Пол Каланитидің өмірі мен шығармасы – ғылым мен руханиятты қатар ұстанған тұлғаның бейнесі. Айназдың арманы – дәл сондай мейірімді әрі білімді дәрігер атанып, елінің саулығы жолында аянбай еңбек ету.
Мақсаты айқын Мархабат

Абай атындағы №15 орта мектептің XI сынып оқушысы Мархабат Аманжолқызы – талапты түлектің бірі. Балауса шағынан-ақ орыс және ағылшын тілдеріне ерекше қызығушылық танытқан ол бүгінде бұл бағыттағы білімін тереңдетіп, биік мақсатқа қол созып отыр. Мархабат тек тіл үйренумен шектелмей, химия мен дүние жүзі тарихы секілді пәндерге де зор ынтамен қарайды.
Ұлттық бірыңғай тестілеудегі таңдау пәні – дүние жүзі тарихы. Ал, ағылшын тілі бойынша IELTS халықаралық емтиханын тапсырып, оның нәтижесін ҰБТ-да қолдануға болатынын біледі екен. Осылайша уақытты тиімді пайдаланып, бір бейіндік пәнге тереңірек дайындалуды қалаған. Ал жалпы дайындықты оқу жылының басында-ақ JUZ40 курсы арқылы бастап кетіпті. Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық секілді пәндерге де зор жауапкершілікпен қарайды. «Халықаралық қатынастар және дипломатия» мамандығын таңдаған Мархабаттың бұл шешім ізденістің нәтижесі екеніне де көзі жеткен. Оның пікірінше, жаһандық ынтымақтастық пен елдер арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас – қазіргі заманның аса маңызды саласы. Саясат пен халықаралық қатынастарға деген қызығушылығы оны жиі саяхаттауға, жаңа тілдерді меңгеруге жетелейді.
– Әрине, бұл шешімді қабылдамас бұрын көп ойландым. Кейбіреулер бұл саланың бәсекелестігі жоғары әрі жұмыс табу қиын деп жатады. Бірақ адам өз ісінің маманы болып, білімін жетілдірсе, міндетті түрде өз орнын табатынына сенемін, — дейді ол.
Дайындық кезінде кейде шаршау мен сенімсіздік те жоқ емес. Алайда ол мұндайда нәтижеге емес, дайындық барысына назар аударып, өз мақсатына табандылықпен ұмтылуды үйренген. Күні бұрын жоспар құрып, тапсырмаларды жүйелі түрде орындау – күнделікті дағдысы. Аз-аздан, бірақ тұрақты түрде жұмыс істеуді басты қағидаға айналдырған.
Болашақта Біріккен Ұлттар Ұйымы, ЮНИСЕФ сынды халықаралық ұйымдарда еңбек етіп, еліміздің атын әлемге танытқысы келетін талапшыл түлек нағыз елшінің бейнесін елестетеді. Өйткені шет елде білім алып, халықаралық тәжірибе жинау – оның асқақ армандарының бірі. Өз тәжірибесіне сүйене отырып, өзге де түлектерге дайындықты ертерек бастаудың мән-маңызын ескерткен ол уақытты тиімді пайдаланып, күн тәртібін дұрыс құру мен саулықты сақтау арқылы табысқа жетуге болатынын жақсы біледі. Дұрыс тамақтанып, таза ауада серуендеген соң уақытында ұйықтау сынды қарапайым әдеттер де дайындыққа оң әсер ететінін атап көрсетті.
Мархабаттың отбасы әрқашан оның таңдауына түсіністікпен қарап, қолдау білдіріп келеді. Бос уақытында тамақ пісіріп, тәттілер әзірлегенді жақсы көретін ол би билеп, кітап оқуға да уақыт табады. Тоқыма тоқу, таңғы серуен, кино көру – оның жанын тыныштандыратын сүйікті істері.
Оқу жылы басталғалы бірнеше сынама тест арқылы жоғары нәтиже алды. Қаңтар айында 117 балл, ал наурызда 126 балл жинап, көрсеткішін тұрақты түрде жақсартып келеді.
– Қазір де тынымсыз дайындалып жатырмын. Мамыр-маусым айларындағы негізгі ҰБТ-да өзім қалаған жоғары нәтижеге қол жеткізуім керек. Қазақ тілімен қатар, орыс және ағылшын тілдерін де еркін меңгердім. Бала күннен қызығатын француз тілінің де базалық деңгейін меңгердім. Бұл – көп оқудың және үнемі ізденудің нәтижесі деп білемін, — дейді ол.
Жас түлек жақында оқыған Эрих Мария Ремарктың «На Западном фронте без перемен» және Джон Кехоның «Подсознание может всё!» атты кітаптарынан да мол әсер алыпты. Оның ішкі сенімін нығайтқан бұл туындылар арманға табандылықпен жетуге болатынын тағы бір мәрте дәлелдеген. Арманына сеніп, сол жолда еңбек етіп келе жатқан Мархабаттың сөзі мен ісі замандастарына үлгі боларлықтай. «Ой жеткен жерге – қол да жетеді» деген ұстаныммен өмір сүретін ол Қазақстанның жарқын болашағын қалыптастыруға өз үлесін қосуға ниетті.
Цифрлы әлемнің болашақ шебері

Заманға сай білім мен табандылық – табысты болашақтың алтын кілті. Осыны ерте түсініп, алдағы күнге берік сеніммен қадам басып келе жатқан жастардың бірі – Абай атындағы №15 орта мектептің үздік оқушысы, «Алтын белгіден» үміткер Сабина Сираж. XI сыныптың оқушысы, арманы биік, мақсаты айқын жас математика, информатика және биология пәндерін сүйіспеншілікпен оқып, Ұлттық бірыңғай тестілеуге X сыныптан бастап тұрақты дайындалып келеді. Техникалық бағытта терең білім алып жүрген оның келешекте таңдаған саласы – ақпараттық технологиялар.
– IT бүгінгі күннің ғана емес, ертеңнің де тілі. Бұл салада дамудың шегі жоқ, сондықтан мен де заман талабына сай маман болып қалыптасқым келеді, — дейді Сабина.
Ақпараттық технологияны таңдауына тек қызығушылық емес, болашаққа деген көреген көзқарас себеп. Ол өзінің бейім-қабілетін саралай отырып, қоғамда сұранысқа ие маман болуды мақсат етеді. ҰБТ-ға дайындық барысында Сабина төрт пәнге де бірдей назар аударып, әрқайсысының маңызды екенін жете түсінген. Әрине, бастапқыда жеңіл болған жоқ. V-XI сыныптарда күрделі әрі кең ауқымды бағдарламаны бір мезетте қамту зор еңбек пен төзімді талап етті. Бірақ Сабина бұл қиындықтарды да еңсеріп, бүгінде өз білімін жүйелеп, мақсат жолында нық сеніммен алға басып келеді.
– Алғашқыда материал көлемі тым көп болып көрінді. Бірақ үздіксіз дайындық пен табандылықтың арқасында бәрін меңгеріп келемін. Болашақта өз мамандығымның майталманы болғым келеді. Оқуымды ойдағыдай аяқтап, IT саласының дамуына үлес қосып, әлемді еркін аралауды армандаймын, — дейді ол.
Жас талаптың арманы – тек қиял емес, нақты қадамдармен бекітілген мақсат. Оның жанында әрдайым қолдау көрсететін отбасы бар, өзі сенім артқан ата-анасы – оның ең үлкен тірегі. Енді олардың үмітін ақтау – ол үшін зор жауапкершілік.
Жан-жақты әрі қабілетті Сабина Сержанқызы сәби кезінен қызықтырған би өнерін де тастап кеткен жоқ. Демалыс уақытында ол қызықты көркем әдебиеттер оқи отырып, оқу үрдісіндегі жүктемені жеңілдетіп, рухани тынығады екен. Ақылы ҰБТ нәтижесі көңілінен шыққан жас түлек енді негізгі сынаққа ынтасымен дайындалып жүр. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлейтін ол бүгінде қосымша кәріс тілін үйренуге бел буып отыр. Тіл меңгеруді тек қабілет емес, болашақтағы халықаралық қарым-қатынас пен мәдени диалог құралы деп санайды.
– Әр тіл – жаңа мүмкіндік. Әлеммен еркін байланыс орнату үшін тіл білу аса қажет. Түрлі халықпен танысып, мәдениеттерді терең түсінгім келеді. Бұл маған кең өріс ашады, — дейді болашағынан зор үміт күттіретін шәкірт.
Сабинаның өмірге деген көзқарасы, білімге деген құштарлығы – бүгінгі жастардың ішінен жарық жұлдыздай жарқыраған болмысын танытады. Ол – қиындықта мойымай, мақсатқа жету жолында қажымай еңбектенудің айқын үлгісі. «Алтын белгіден» үмітті шәкірттің бұл табанды жолы тек өзіне емес, өзі құралпы қатар-құрбысына да үлгі. Оның өмірлік ұстанымы – бастаған істі аяғына дейін жеткізіп, алға ұмтылу. Сабинаның шынайы болмысы мен ұмтылысы – болашақтың үмітін ақтайтын, ұлт игілігіне қызмет ететін тұлға боларының жарқын белгісі.
Түйін
Айназ, Мархабат және Сабина секілді түлектердің арман-мақсаты – елдің жарқын болашағына сенім артудың жарқын мысалы. Әрқайсысы өз жолында табандылық танытып, діттеген межеге жету үшін шынайы ілгерілеп келеді. Олар өздері таңдаған мамандықтарында кәсіби шыңдалып, қоғамға пайдалы әрекет етуді мақсат етіп отыр. Олардың еңбекқорлығы мен табандылығы бізге тек болашаққа деген үміт сыйлайды.
Алмас ҚАБДОЛ