Жарнама
Білім

Кәсіптік білім беру саласына кәсіби көзқарас

Былтыр республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында кәсіптік білім беру саласына реформа жасау айрықша өзекті мәселе екенін, бұл экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам екеніне нақты тоқталды. 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялай отырып, мемлекет басшысы: «Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз…» — деді.

Президент республикалық «Ana tili» газетіне 3 қаңтарда берген сұхбатында да ел экономикасының көптеген салаларында жұмысшы күштерінің тапшылығын атап көрсетіп, «…Мемлекеттің мақсаты – жас мамандарға материалдық және моральдық көмек көрсету, сондықтан бұл жұмыспен тұрақты айналысатын боламын», — деп, өз көзқарасын нақтылады.

Осы салада өндірістік оқу шеберінен бастап, екі кәсіптік білім беру орнын басқарған маман ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл шешімін өте ризашылық сезіммен қабылдадым. Тек мен ғана емес, саланың барша ардагерлері мен қазіргі қызметкерлері де зор үмітпен қабылдағанына сенімім мол.

Меніңше, кәсіптік білім беру саласына реформа жасауға шешім қабылдануы – саланың одан әрі дамуына айрықша серпін береді. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін экономиканың дамуына өлшеусіз үлес қосқан, талай еңбек майталмандарына өмірге жолдама берген, жұмысшы кадрлар даярлауда бірден-бір басты роль атқарған оқу орындары да, басқа салалар сияқты дағдарысқа ұшырағаны мәлім. Материалдық база ескіріп, құрал-сайман мен оқытуға қажетті материалдардың жетпей, тәжірибелі маман кадрлардың өндіріске ауысуы салдарынан инженер-педагог қызметкерлердің тапшылығы оқу орындарын біршама тұралатып тастады. Мемлекеттік тапсырыс азайып, қысқа мерзімді ақылы курстарға бет бұрылды.

Уақыт өте келе қоғамда болған оң саяси-әлеуметтік өзгерістерге байланысты, бұл сала да қайтадан жандана бастады. Бүгінде оқу орындарының материалдық-техникалық базалары жоспарлы түрде ауық-ауық жаңарып, өндірістік оқытуға қажетті құрал-саймандармен, материалдармен қамтамасыз етіле бастады. Оқу орындарының қажеттілігі үшін бөлінген жергілікті бюджет қаржысымен қатар, республикалық бюджеттен де әртүрлі мақсатты жобаларға қомақты қаржы беріліп келеді. Әр облыста әдістемелік жұмысқа басшылық жасайтын жергілікті білім басқармалары жанынан құрылған Әдістемелік орталықтар қайта ашылып, жұмыс істеп жатыр.

Желтоқсан айының аяғында Үкімет Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында 7 бағыт, 70 қадамнан тұратын іс-шаралар жоспарын жасақтап бекітті. Онымен танысып шыққан соң өте ауқымды, сапалы құжат екеніне көзім жетті. Саланы дамытудың жолдарын толықтай дерлік қамтыған. Ондағы менің аса назарымды аударғаны – төртінші бағыттағы жұмыс берушілердің жұмысшы кадрлар даярлауға және қолдауға қатысуын кеңейтудің 10 қадамы болды.

Аталған бағыттың бірнеше қадамына облыстық білім беру басқармасы басшысының үш мәрте орынбасары болып, саланы тікелей басқарып қадағалаған ардагер ретінде өз пікірімді білдірейін:

1. «Техникалық және кәсіптік білім беру сапасын арттыру мақсатында оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлерін еліміздің және шетелдің кәсіпорындары базасында тағылымдамадан өтуін ұйымдастыру, оларға заманауи технологиялармен, инновациялармен және жұмыс әдістерімен танысуға мүмкіндік жасау» бойынша – егер отандық кәсіпорындарда тағылымдамадан өту және дуалды оқытуды кеңейту мәселелері қаржылық шығындарды қажет етпесе, шетелдік кәсіпорындар базасында тағылымдамадан өту үшін қаржылық шығындар мен нақты ұйымдастырушыны анықтау қажет.

2. «Білім ұйымдарына өндірістен 200 шеберді (педагог) тарту» бойынша – білім беру мекемелеріне өндірістен шебер кәсіби мамандарды тартқан кезде олардың бұрынғы жалақысы сақталуы қажет. Өйткені өндіріс маманының жалақысы жоғары екені белгілі. Осы жердегі айырмашылықты бюджет өтей ме, әлде өндіріс ошағы өтей ме? Меніңше, бұл заңды сұрақ.

3. Ірі компаниялардың колледждерге әдістемелік және материалдық қолдау көрсетуі, жабдықтар мен оқу материалдарын ұсынуы деген мәселенің жүзеге асуына кім жауапты болатынын айқындаған жөн. Себебі кәсіптік білім беру мекемесі (бұл жерде оқу орны) кез келген кәсіпорынға барып, қажетті жабдықтар мен материалдарді алып беруге сұраныс жасай алмайды.

4. «Дуалды оқытуды кеңейту» тақырыбы өте орынды. Алайда, дуалды оқытуды талап деңгейінде жүзеге асырып, барысын қатаң қадағалап, формализм мен заңсыздыққа жол бермеу қажет. Осы тұрғыдан алғанда республика Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 21 қаңтардағы №50 бұйрығымен бекітілген «Дуалдық оқытуды ұйымдастыру ережесі» қайта қаралып, нақтылауды қажет етеді.

5. Дуалды оқыту үшін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының цифрлық платформасында оқу-өндірістік алаңдарын қалыптастырған жұмыс берушілердің тізілімін енгізуге келсек, тізілімді барынша сапалы жүргізіп, өзгерістер уақытылы енгізіліп, облыстық білім беру басқармасына жеткізіп отыруған дұрыс.

Осы қадамдарды орындау үшін Үкімет пен облыс әкімдігі тарапынан нақты шешімдер мен ресми құжаттар болуы қажет деп ойлаймын.

Жоспарлы экономика кезінде кәсіптік-техникалық білім беру саласы «Госпрофобр» комитеті арқылы басқарылып, комитетке қарасты Бүкілодақтық ғылыми-әдістемелік орталығы жасақтап жіберетін мамандықтар бойынша оқу бағдарламалары мен жоспарларға сәйкес әр оқу орынына ірі кәсіпорындар базалық (шефтік) мекеме ретінде бекітілетін. Өндірістік практикадан өту кезінде студентке жалақы, оның тәлімгеріне қосымша ынталандыру мақсатында өтемақы төлеу, оқуды аяқтаған соң жұмысқа орналасу мәселелерін шешу, тіпті оқу орынына жоғары кәсіби деңгейлі мамандарды жұмысқа ауыстыру мәселелері Үкімет қаулысы негізінде жүктелген еді. Оқу орынының шеберханасын жабдықтауға атсалысып, жаңа қондырғылар мен құрал-саймандарды ақылы негізде де, тегін де бөліп отыру үшін Үкіметтің арнайы қаулысы қабылданушы еді. Тіпті, «оқу орыны сол кәсіпорынның бір бөлімшесі, яғни цехы ретінде есептелсін» деген шешім де болғанын саланың байырғы ардагерлері жақсы біледі.

Әрине, қазір кәсіпорындарды базалық мекеме ретінде міндеттеу мүмкін емес. Дегенмен, кәсіпорындардың оқу орындарын оқу материалдары және жабдықтармен нығайтуға атсалысуын қандай да бір ресми құжатпен реттелуі қажет деп ойлаймын. Бұл бағытта Үкімет тарапынан батыл, әрі заң шеңберіндегі шешімдер болуы тиіс.

Облыстағы кәсіптік білім беру орындарының дағдарыстан шығуына алғашқы қадам жасап, елеулі серпіліс берген 2002-2006 жылдары облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған Виктор Супрун болғанын атап көрсеткен жөн. Басшылық жұмысқа өндірістен келген (өзі де кезінде кәсіптік-техникалық оқу орынын аяқтаған болуы керек) Виктор Васильевич жергілікті кәсіптік білім беру орындарын аралап, жағдаймен танысқаннан кейін жауапкершілікті мойнына алып, күрделі шешім қабылдағаны есімде. Облысқа кәсіби шетел жұмысшыларын әкелу үшін квота алуға ынталы компанияларға кәсіптік білім беру орындарының материалдық-техникалық базасын нығайту, мамандарын жаңа техника мен технологияны игеру үшін тағылымдамадан өткізуге келісім-шарт жасасуға міндеттеді.

Бұл өте батыл шешім еді. Мысал ретінде айтсам, тек Атырау индустриалдық колледжінде «Пундж Ллойд Казахстан», «КазЕН», «Ескерткіш қызмет Қазақстан», «Болашақ» компаниялары 3 өндірістік оқыту цехын, 2 арнайы пән кабинетін жаңа заман талабына сай құрылғылар және құрал-жабдықпен жарақтандырып, 2 өндірістік оқыту шеберін шәкіртақы төлей отырып, тағлымдамадан өткізді.

Кейін бұл шешім заңды негізі болмағандықтан әрі қарай жалғасын таппай қалғаны өкінішті. Бірақ қысқа мерзім болса да, осы арқылы кәсіптік білім беру орындарының дамуына, дайындалатын мамандардың кәсіби сапасының артуына зор серпін берді. Қазір де басшылар тарапынан осындай батыл, заң аясындағы шешімдер қажет деп ойлаймын.

Меніңше, өндірістік практика кезінде студенттерге еңбекақы, жұмысшы-тәлімгерге ынталандыру мақсатында қосымша үстемеақы төлеу, оқу орнына басқа да нақты қолдау көрсету үшін әрбір кәсіпорын кадр даярлау қорын жасақтауы қажет. Бұл әдіс кезінде қолданылды. Өз тәжірибеме сүйенсем, Германияда әр жұмысшының жалақысының 1,6 %-ына дейін, Голландияда – 0,1 %-ға дейін мөлшері жинақталып, арнайы қор құрылатын.

2012 жылы мұнай-газ саласының өңіраралық оқу орталығы (АРЕС РеtroTechnic) ашылмас бұрын сол кездегі Үкімет басшысы өткізген жиында осы ұсыныстарымды және дуалдық оқытуды қолға алып, кәсіптік-техникалық оқу орындарына қолдау аясын кеңейтуді ұсынған едім.

Көпжылдық іс-тәжірибеден түйгенім – келешекте студенттерді сапалы практикамен қамтып, оларды ақылы жұмыспен ынталандыру мақсатында түрлі бинес құрылымдары тендерге қатысқан кезде жұмысшылар санының 10%-дан кем емес мөлшерінде кәсіптік оқу орындарының студенттерін практикаға алуы конкурс шартына енгізілсе көптеген түйіннің шешімін табуға болады. Осы арқылы олардың конкурс жеңімпазы болуға ынталандыру жолдарын қарастырса, болашақ жас жұмысшыларды даярлауға толық мүмкіндік бар.

Сала жанашыры ретінде, Атырау облысында көптеген жаңа өндірістік жобалар іске асырылуына байланысты биыл жұмысшы мамандықтарына ерекше көзқарас болатынына сенім кәміл. Егер облыста «Жұмысшы мамандықтары жылына» орай бекітілген іс-шаралар жоспарына терең ойластырылған ұсыныстарды қосып, оны пилоттық жоба ретінде Үкіметте қорғап шықса, жаңа деңгейде жұмыс істелер еді. Сонда ғана сапалы әрі қашанда сұранысқа ие кәсіби жұмысшы мамандары дайындалатыны сөзсіз.

Серік ЕСҚОЖИЕВ,

кәсіптік білім беру саласының ардагері

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button