
Кәсіби бағдар – болашаққа бағыт
Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар» жылы техникалық және кәсіптік білім беру саласына жаңа мүмкіндіктермен қатар үлкен жауапкершілік те жүктеп отыр.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін Тамыз конференциясының жұмысын білім, тәрбие, жас ұрпақ тағдырына бейжай қарамайтын жұртшылық үнемі қадағалап отырады.
Мемлекеттік деңгейде беріліп отырған қолдау, енгізіліп жатқан жаңалықтар саланың жарқын болашағына сенім ұялатады.
Осы орайда орта білім беру ұйымдарында кәсіби бағдар беру педагогы лауазымының енгізілуін жағымды жаңалық ретінде қабылдадық. Өйткені оқушыларға кәсіптік бағдар беру – аса маңызды жұмыс. «Мамандық таңдауда қателеспеу керек» деген сөз қазір жиі айтылады. Бұл ретте колледждер мектептермен, ата-аналармен және қоғаммен бірлесе отырып жан-жақты жұмыс жүргізуде. Дегенмен жыл сайынғы талапкерлермен жұмыс барысында күткен нәтиже әрдайым ойдағыдай бола бермейтіні жасырын емес.
Сондықтан бітіруші түлектерге мамандықты дұрыс таңдауға бағыт-бағдар беру – маңызды міндет. Оқушыларға кәсіби мүмкіндіктерді сауатты түсіндіру, бойындағы қабілеттері мен қызығушылығын ашу, жаңа мамандықтармен таныстыру, өңірдің ерекшелігі мен елдік және жаһандық сұраныстағы кәсіптерді нақты мысалдармен жеткізу – қашанда қажет дүние.
Бүгінде елімізде, соның ішінде өңірімізде техникалық және жұмысшы мамандықтарына деген сұранысты қолдау – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Осы бағытта біздің колледж ұжымы бірнеше рет ұсыныс білдіріп, кәсіптік бағдар жұмысын тек бітіруші сыныптарда ғана емес, одан да төменгі сыныптардан бастап тұрақты түрде жүргізу қажеттігін айтқан болатын.
Кәсіби бағдар беру педагогы лауазымы – осы істі жаңа талаптар тұрғысынан тиімді ұйымдастыруға жол ашады деген сенімдеміз. Колледждер бұл сала мамандарымен тығыз бірлесе жұмыс істеуге дайын!
Нұрлы НҰРЖАНҚЫЗЫ,
С.Мұқашев атындағы Атырау
политехникалық жоғары колледжі
директорының ақпараттық технологиялар
жөніндегі орынбасары