Дуальды оқыту: САНЫ БАР, САПАСЫ ҚАНДАЙ?

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының ұйымдастыруымен Атырау индустриалды колледжінде  «Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі дуальдық оқытудың жүзеге асырылуы» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті. Оған қала мен аудандардағы кәсіптік білім беретін оқу орындарының басшылары мен қызметкерлері қатысты. 

Іс-шара екі бағыт бойынша ұйымдастырылды. Бірінші бағытта қатысушылар колледж ғимаратының фойесінде жасақталған «Дуальдық  оқытудың әлеуметтік  әдістемесінің  нәтижесі» атты көрмені тамашалады. Республикалық, облыстық мерзімді басылымдарда жарық көрген материалдар мен ғылыми еңбектер кеңінен таныстырылды. Қатысушылар кейін дуальдық  оқыту жүйесіне лайықталған, эксперименттік алаң болып есептелетін колледждің өндірістік-тәжірибе базасын аралады. 

Екінші кезең бойынша облыстағы колледж оқытушылары «дөңгелек үстел» басында дуальдық оқыту жүйесі жайында ойларын ортаға салды. Нақты міндеттер мен айқын мақсаттар сөз болған іс-шарада оқу орнын тәмамдаған түлектің жұмысқа орналаса алуына кепілдік беретін дуальдық оқыту жүйесінің механизмдерін дамыту жайында толғамды ойлар айтылды. 

«Дөңгелек үстелді» педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының «Тұлғаны тәрбиелеу және әлеуметтендіру» кафедрасының меңгерушісі  Нұрзила Сәрсенова  кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды. Кәсіптік-техникалық білім берудің эксперименттік алаңы ретінде танылған Атырау индустриалды колледжінің директоры Халидолла Тайпанов дуальдық жүйе бағытында атқарылған іс, игі қадамдары туралы айтты. Биыл ашылғанына 65 жыл толып отырған құрылысшы, жұмысшы мамандарын дайындайтын бұл оқу орны бүгінде Атырау  индустриалды колледжі болып қайта құрылып, талай кәсіп иелерін тәрбиелеп шығаруда. «Колледжде 2011-2012 оқу жылдары жұмысымызды еңбек нарығындағы сұранысты мамандарды анықтаудан бастадық. Нәтижесінде, Атырау облысындағы темір-бетон шығарып жатқан зауыттарға арматуршы, Қарабатан зауытына құбыр монтаждаушы мамандар қажеттілігі анықталды. Облысымызда электр дәнекерлеуші, бетоншы мамандықтары да қажет. Қазір оқу орны «КазКом-С» ЖШС, «Ғұмаров» ЖШС мекемелерімен әлеуметтік серіктестік ретінде жұмыс жасайды. Студенттерге теориялық білім 40 пайыз, ал, тәжірибе 60 пайыз көлемінде беріледі. Бүгінде 20 студент арматуршы мамандығы бойынша тәжірибеден өтуде. Бес оқушы өткен оқу жылының жазғы демалысында «КазКом-С» ЖШС мекемесінде жұмыс жасап, 25-30 мың теңге көлемінде жалақы алды», – дейді колледж директоры Халидолла Тайпанов. 

«Дөңгелек үстел» басында педагогтар көкейдегі сауалдарын жолдады. Олардың сұрақтарына Атырау облысындағы білім саласын бақылау департаментінің басшысы Мәдениет Ахметова жауап берді. 

«Дуальдық оқыту жүйесі бірінші жылы айтылып отыр-ған жоқ», – деді ол  жүйенің мақсаттары мен міндеттеріне жеке тоқталып. – Елбасы «Дуальдық элемент» деген сөзді атамауды тапсырды, керісінше, іске кірісетін кез келгендігін нақтылап айтты. Біз «Дуальдық оқыту жүйесінің элементі» дегенді әлі айтып жүрміз. Экономикамыздың дамуы үшін әрбір кәсіпорын, мейлі зауыт, жеке қожалық болсын, алдымен кадрлық әлеуетін жақсартуы керек. Осы орайда дуальдық жүйенің маңызы зор болуы тиіс. Негізінен оқу орындары санға емес, сапаға қарай білімді бағыттап, жұмыс жасауы шарт. Сонда осы уақытқа дейін «60 немесе 50 пайызы еңбекке араласты» деп беріліп келген жалған есептер де жойылар еді. 

«Дөңгелек үстелге» әлеуметтік серіктестік өкілі ретінде қатысқан «КазКом-С» ЖШС-нің цех басшысы Сағындық Байзақов өндіріс пен оқу орны байланысы туралы айтты. 

–  Қазір жастардың  көбі бірден бастық болғысы келеді, сол үшін жоғары оқу орындарына түседі. Меніңше, әркім өз қабілетіне қарай оқуы керек деп ойлаймын. Біздің өндіріс орнында ылғи үлкен кран, дәнекерлеу аспаптары ток көздерімен жұмыс жасалатындықтан, алғашында 18-ге толмаған колледждің студенттерімен жұмыс жасау қиын болды. Қазір студенттер жұмысқа біраз үйреніп қалды. Жігіттер арматураны тоқумен айналысады. Солардың жұмыс күштерімен өндірісіміз бұрынғымен салыстырғанда, дамып отыр. Кәмелетке толмаған бес студентке төрт сағатқа еңбек шарты жасақталып, тиісті жалақыларын беріп отырмыз, – дейді Сағындық Байзақов.  

Жиынға қатысқан мамандардың ешқайсысы пікірін жасырып қалмады. Әр маман мәселелер мен міндеттерді жүзеге асыруға түрлі ұсыныстарын жеткізіп бақты. Атырау облыстық білім беру басқармасының әдістемелік кабинетінің салалық әдіскері Нұрлан Қабдирова, Жылыой мұнай және газ технологиялық колледж директорының өндірістік оқу ісі жөніндегі орынбасары Бақтылы Атшыбаева, Атырау индустриалды колледжі директорының бірінші орынбасары Зоя Түсіпқалиева, Атырау политехникалық колледжі мұнай бөлімінің меңгерушісі Гүлзада Әйтімбетова, Мақат мұнай-газ технологиялық колледж директоры Ізтұрған Тасбаев, «Кәсіпқор» ЖШС директорының орынбасары Мақсот Сейітқалиев, Құрманғазы аудандық аграрлық-техникалық колледж директоры Шайхатолла Жәлелов, Атырау құрылыс-энергетикалық колледж директоры Нұрғали Темірташев дуальдық оқыту жүйесінің шешілмеген түйткілдері көп екенін жеткізіп, сөзден гөрі нақты іске кірісер кез келгенін айтты.Сондай-ақ, колледждер басшылары жұмыс беруші жақтың мамандары көбіне тәжірибеденөтуге баратын жастарға оң көзқарас таныта бермейтініне тоқталды.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз