Жарнама
Білім

ҚҰЖАТСЫЗ БАЛА

Белгілі болғанындай, Атырау қаласындағы аталған мекемеде бүгінде 10 бала бар. Мұнда олардың бәріне қажетті жағдайлар жасалған. Ғимарат талапқа сай. Тұрақты жұмыс жасайтын сенім телефонына өткен жылы –38, биыл 13 хабарлама түскен. Жұмыспен қамту мәселесі де өз шешімін тауып келеді. Аталған орталықтың араласуымен бүгінге дейін отбасымен қауышқан бес баланың ата-анасы жұмыспен қамтылса, бірқатар балалар мен ата-аналарға әртүрлі көмек көрсетілген. Баласынан мүлдем бас тартып жатқандары да бар.

Орталық директоры Ғалия Бижанованың айтуынша, заң бойынша бала мұнда үш айдан артық болмауы керек. Алайда, орталықта кейбір балалар бес, сегіз айға дейін паналапты. Оған балаларды мемлекеттік қамқорлыққа алу орындарына берілген рәсімдеуге қажетті құжаттардың түгел болмауы, не олардың дер кезінде дайындалмауы себеп болуда. Осы тұста айта кету керек, 14 жастағы бір баланың бүгінге дейін ешбір құжатсыз жүргені белгілі болды.

— Неге бала сегіз ай бойы осында тұрады? Неге құжат уақытында дайындалмайды? Неге мұнда ата-анасы бірнеше жыл бұрын қайтыс болған балалар мемлекеттің қамқорлығына рәсімделмей әлі отыр? Бұл жерде қатаң тәртіп болуы керек. Орталыққа бір күнде қанша бала түседі, сол бала туралы аталған комиссияға дереу мәлімет берілуі тиіс. Облыс орталығында тұратын балалардың құжаты аз уақыттың ішінде дайындалуы керек, аудандардан келген балалар үшін құжат дайындауға бұдан көбірек уақыт кететін шығар, дегенмен баланы сарылтып сегіз ай бұл орталықта отырғызып қоюға болмайды, — деді Ш.Мұқан.

Мұндай келеңсіздікке жол беру жұмыстың жүйелі жүргізілмегенін айғақтайтынын алға тартқан комиссия төрағасы: «14 жасқа дейін баланың туу туралы куәлігін алмауы – үлкен олқылық. Сондықтан,  дүниеге келген әр сәбиді туу туралы куәлігіне қажетті құжаттар рәсімделмей перзентханадан шығармау керек» деп, мәселе төңірегінде құзырлы орындарға бір-екі күндік семинар ұйымдастыруды тапсырды.

Сондай-ақ, ол өз сөзінде аймақтағы бала асырап алуға құлшыныс танытқан патронат ата-аналарға жан-жақты қолдау болу керектігін де атап айтты.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button