Инновациялық технологиялардың игілігі көп
«Сөзімді ақын Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» еңбегіндегі «Мен педагогика майданында бәйге алып жүрген жүйрік емеспін. Кітаптың құрылысында, тілінде, түрлі ат қоюда, хатта, кітаптың жалпы негізінде көп кемшіліктер болуы мүмкін. Мұғалімдер тексеріп оқып, қате жерлерін көрсетсе, сансыз рақмет айтар едім» деген сөзімен бастағым келді. …IT саласын оқып, жасанды интеллект технологиясымен жүйелі айналысып жүрмегеніммен, оны бірнеше жылдан бері қолданып келемін. Жасанды интеллектінің құрылымында, тілінде, түрлі қосымшаларында көптеген мүмкіндіктері бар» деді Әл-Фараби атындағы Binom school мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тілекқабыл Қазим педагогтардың тамыз мәслихаты қарсаңында өткен секциялық отырысында.
Мұғалімнің әлеуметтік мәртебесі мен беделін арттыру – білім беру жүйесінің басты бағыттарының бірі. Бұл тұрғыда педагогтардың біліктілік санатын аттестаттаудың ерекшеліктері де маңызды. Осы жөнінде «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-ның «Атырау облысы бойынша Кәсіби даму институты» филиалының директоры Роза Дәулетова «Педагогтарды аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы Оқу-ағарту министрінің 2024 жылғы 2 сәуірдегі №72 бұйрығына шолу» тақырыбында кеңірек ақпарат беріп, ұстаздарды толғандырған жұмыс барысындағы сұрақтарға жауап берді.
Мұғалім беделін арттыруда, олардың жұмыстағы көшбасшылық қабілетін жоғарылатуда командалық әдіс-тәсілдің айтарлықтай пайдасы бар. Бұл туралы Мақат ауданы, Х.Санбаев атындағы орта мектебі директорының орынбасары Ақжанар Жалғасбаева білім берудегі инновациялар, инновациялық менеджмент, инновация, жетекші мектептің функциялары туралы тәжірибесімен бөліскен кезінде айтты.
Спикерлердің білім берудегі жаһандық трендтер және құндылықтар бағытындағы тәжірибелері маңызды. Цифрландыру, ІТ саласындағы білім беру ерекшеліктері, жаңа технологиялар туралы Әл-Фараби атындағы Binom school мектеп-лицейінің информатика пәнінің мұғалімдері Альфия Алипова, Эльдар Ислямов кеңірек баяндады. Олар білім беруде жасанды интеллектіні пайдалану, білім беру платформаларын тиімді қолдану жөнінде қызықты тақырыптарды қозғады.
Ал, Индер ауданындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары Айнұр Оспанова жиында өзекті тақырыптар көтеріліп отырғандығына тоқталды.
– Әсіресе білім беруде жасанды интеллектіні пайдалану, білім беру платформаларын тиімді қолдану мақсатында жасанды интеллект туралы арнайы курс өткізілгенін қалаймыз. Оның тиімді тәсілі мен қызықты тақырыбы біз секілді ұстаздарды ынталандырады деген ойдамын, — деді ол.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ