ІЛГЕРІЛЕУ ТЕТІГІ – ІЗДЕНІСТЕ
Тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы – мектеп десек, мектептің басты тұлғасы – мұғалім. Егемен еліміздің ертеңін ойлар білімді де саналы, Отанын, туған жерін, ұлтын сүйетін ұлтжанды парасатты азаматты тәрбиелеуде мұғалімнің еңбегі орасан зор екенін баршамыз мойындаймыз.
Елбасының «Болашаққа еңбек етіп, өмір сүретіндер бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан, ұстазға жүктелер міндет ауыр» деп ұстаздарға үлкен сенім артады, олар тәрбиелеген жастардың болашағынан үлкен үміт күтеді. Қазіргі заман мұғалімінен тек өз пәнінің білгірі болу емес, тарихи танымдық педагогикалық-психологиялық сауаттылық, саяси экономикалық білімділік және ақпараттық сауаттылық талап етіледі. Ұстаз өзгелерден оқ бойы озық тұрып шәкіртіне ғаламның бар сырын үйретіп, ғылым, білімнің биігіне жетелеуі керек.
Бүгінгі ұстаз шәкіртіне мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни, қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеу маңызды рөл атқарады. Бүгінгі күні мұғалімнің көп ізденіп, тынымсыз еңбек етуін, сабақ берудің амал-тәсілдерін жетілдіріп отыруды қажет етеді. Білім сапасын арттыруда жаңа технологиямен тұрақты, жүйелі жұмыс істеу мұғалімге еркіндік, шығармашылық ізденіс қажет, ол үшін біліктілікті арттыру курстары, семинар-тренингтер көп ұйымдастырылса, тәжірибе алмасу болса, мұғалімге қажетті жағдайлар жасалып, қолдау көрсетілсе ғана ұстаздың еңбегі жандана түседі деген сенімдемін.
Жақында Қазақстан Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім, ақпараттық технологиялар департаменті мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының ұйымдастыруымен Астана қаласында «Қазақстандағы мемлекеттік этносаясаттың басты мақсаты ретінде оқушылар мен жастар арасында этномәдени толеранттылықты қалыптастыру» атты семинар-тренинг болып өтті. Семинарға әр облыстан жалпы орта білім беретін мектептердің қоғамдық-гуманитарлық бағытта сабақ беретін жас мұғалімдері қатысып, өз шығармашылықтарымен бөлісіп, тәжірибе алмасты. Осындай семинарлар мұғалімнің іскерлік қабілетін дамытуда ерекше орын алады.
Еліміз өркениетті елдердің қатарынан орын алып, ұрпағымыз қоғам қажеттілігіне сай болып жатса, бұл – ұстаздардың еңбегінің жемісі. Олай дейтін себебіміз, ақынды да, батырды да, алыпты да, дананы да ұстаз тәрбиелейді.
Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да, ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Қашанда білімді ұрпақ – болашағымыздың кепілі. Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі – қазіргі ұстаздардың қолында.
Салтанат ӘБІЛОВА,
Х.Нәубетов орта мектебінің мұғалімі, магистр,
Исатай ауданы.