
Ғылымға қызығушылық – сапалы білімнің бастауы
Атырауда ұстаздар мен оқушыларға арналған ғылыми-тәжірибелік семинар өтті. Өңірдегі білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған тағы бір тың бастама жүзеге асты. Әл-Фараби атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінде «Таланттарды анықтау және қолдау орталығының» ұйымдастыруымен өткен ғылыми-тәжірибелік семинар – осының дәлелі.

Семинарды орталық директоры Қайырғали Азилов ашып, шараның мақсаты мен маңызына жан-жақты тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда білім беру жүйесі тек теориялық біліммен шектелмеуі тиіс. Ғылыми ізденіс пен зерттеу жұмыстары – оқушының ойлау қабілетін дамытып, болашақ кәсіби бағдарын айқындайтын маңызды құралдардың бірі.
– Бұл семинардың басты мақсаты – педагогтер мен оқушылардың бойында зерттеушілік қабілетті оятып, ғылыми ізденіске ынталандыру. Бүгінгі шара арқылы біз зерттеу мәдениетін қалыптастырып, білім сапасын жаңа деңгейге көтеруге ұмтыламыз. Сонымен қатар, ұстаздар мен жас зерттеушілердің еңбектерін кең көлемде насихаттап, кәсіби қауымдастық арасында тарата білсек, бұл біздің ортақ жетістігіміз болар еді. Ғылымға ерте араласқан оқушы – ертеңгі жаңалықтың иесі, — деді Қайырғали Сүйіндікұлы.
Семинар TED-x форматына сай ұйымдастырылып, онда қысқа әрі мазмұнды баяндамалар ұсынылды. Спикерлердің сөздері нақты тәжірибеге негізделіп, тың идеялармен толықты.
Атап айтқанда, №1 «Білім-Инновация» лицейінің ұстазы Әділет Раисов «Зерттеу жұмысына ынталандыру: өздігінен жұмыс істейтін оқушыны қалыптастыру» тақырыбында сөз сөйлесе, №3 «Білім-Инновация» лицейінің ұстазы Жанар Жақыпова «Зерттеуші тұлға қалыптастыру: ізденіс жолындағы сапар» тақырыбын қозғады. Сондай-ақ №1 «Білім-Инновация» лицейінен Сұлтан Ахметов «Селективті бағдарламалар – мықты портфолиоға жол», облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназиядан Нұргүл Аққайнанова «Ғылыми жобамен жұмыс жасау қадамдары», №3 «Білім-Инновация» лицейінен Асқар Нұркей «Заманауи сынып дизайны: тиімді енгізу және бейімдеу стратегиялары» тақырыптарында баяндама жасады.
Жас зерттеушілер де белсенділік танытты. Қазақстан-Британ техникалық университетінің студенті Қазбек Қыдырбай «Мектептен республикаға» тақырыбында ой бөліссе, облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияның XI сынып оқушысы Айсана Ахатова «Ғылымнан ғаламға алғашқы қадам» идеясы төңірегінде баяндама жасады.
Семинар аясында оқушылар өз ғылыми жобаларын постер форматында қорғап, 5–7 минут аралығында зерттеу жұмыстарының барысы мен нәтижелерін көпшілік назарына ұсынды. Сонымен қатар, республикалық ғылыми жобалар байқауына қатысқан жұмыстар сараланып, топтық пікірталастар ұйымдастырылды. Бұл бөлімге жетекшілік еткен жобалау қызметі және шығармашылықты дамыту бөлімінің басшысы Шолпан Хамзина жас ізденушілерге бағыт-бағдар беріп, практикалық кеңестерімен бөлісті.
Іс-шара соңында қатысушылар арасында кері байланыс орнап, ұсыныс-пікірлер ортаға салынды. Жалпы, мұндай семинарлар жас ұрпақтың ғылымға деген ынтасын арттырып қана қоймай, білім беру саласына тың серпін беретін жаңашыл ойлардың кеңінен таралуына ықпал етеді.
Майра ЕРҒАЛИ