Жарнама
Білім

Ең басты мәселе – ғалымдар даярлау

Айнаш ШАБДИРОВА,
Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ассистент-профессоры, PhD:

«Ең басты мәселе – ғалымдар даярлау»
– Айнаш Дарынқызы, біздің оқырмандар әуелі өзіңіз туралы жан-жақты білгісі келеді. Қай жерде білім алдыңыз? Бұл университетте қашаннан бері еңбек етесіз?
– Мен Атыраудың тумасымын. Әке-шешем осы білім ордасында отыз жылдан астам қызмет істеп келе жатқан профессорлар – Дарын Шабдиров және Шарайна Жолдасова.
Елдің интеллектуалды элитасы оқыған жарты ғасырлық тарихы бар академик Орымбек Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебін бітірген соң Қазақ-Британ техникалық университетінде «Мұнай-газ ісі бакалавры» мамандығы бойынша білім алдым. Сосын «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияның Эдинбург қаласындағы Хериот-Уот университетінде сол мамандық бойынша магистратураны бітірдім. Елге келгесін екі-үш жылдай өндірісте, ғылыми институттарда жұмыс жасағаннан кейін 2015 жылы Назарбаев Университетіне PhD бағдарламасына түстім. 2020 жылы PhD-ді сәтті қорғап, сол жерде жұмысқа қалдым.
Назарбаев Университетінің (НУ) басты мақсаттарының бірі – өңірлік университеттерге маман дайындау. Яғни біз НУ-да оқып, ол жерде әлемдік деңгейде ғылыммен айналысуды үйренгеннен кейін, өз біліміміз бен тәжірибемізді өңірлердегі университеттерді, ғылымды дамытуға жұмсауға тиіспіз. Сондай мақсатпен 2022 жылдан бастап, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде жұмысқа орналастым.
– Әл-Фараби бабамыз «Ғылымы жоқ елдің болашағы бұлыңғыр» деген екен. Ал, ғылыми жобамен айналысу – әркімнің қолынан келе бермейтін іс. Сіздің мұндай тәуекелге баруыңызға не себеп болды?
– Ата-анамыз ғалым болғандықтан шығар, мен үшін ғылыммен айналысу аса бір тәуекелге баруды талап ететін іс болған жоқ. Маған зерттеу жасап, есеп шығарған бала кезден ұнайтын. Сондықтан, ғылымға келуім табиғи жағдай секілді.
– Жобаңыз тоған геомеханикасының негізінде Каспий маңы бассейнінде СО2 сақтау әлеуетін бағалау және CO2-нің тау жыныстарымен әрекеттесуі туралы екен. Бұл тақырыпты нендей мақсатпен таңдадыңыз? Каспий үшін СО2 сақтау әлеуеті қаншалықты маңызды?
– Жобаның қысқаша түсіндірмесі мынадай. Жасыратыны жоқ, қазір бәрімізге белгілі жағдай – ауа райы күннен күнге өзгеріп барады, жер бетінде температура артып, Мұзды мұхит еріп жатыр. Әсіресе Global warming, climate change деген сөздерді жиі естиміз. Оның бәрінің себебі біреу – адамның іс-әрекеті. Яғни, біз бензин, көмір жаққанда бөлінетін зиянды газдар жер атмосферасының құрамын өзгертіп, температураны жоғарылатады. Зиянды газдарды азайтудың негізгі екі жолы бар: бензин мен көмірдің орнына жел, су, күн қуатын қолдану (green energy) және ауадағы зиянды газдарды жер астында сақтау.
Біздің жұмысымыз – зиянды газдарды, оның ішінде көмірқышқыл газын (СО2) жер астына айдау және сақтау процесімен байланысты. Ағылшынша «Underground CO2 Storage and Sequestration (CCUS)» деп аталады. СО2 газын арнайы айдау ұңғымасы арқылы жердің астына бірнеше километр тереңдікке айдап, ұңғыманы жауып тастайды. Осылайша бірнеше миллион текше метр СО2-ні жердің астында мыңдаған жылдар бойы сақтауға мүмкіндік болады.
Бұл – өте күрделі, орындалуы қиын әрі қымбат жоба. Сондықтан, алдын ала өте көп зерттеулер жасалуы тиіс. Әлемде АҚШ, Канада, Қытай сияқты алпауыт, Еуропадағы дамыған және БАӘ сияқты бай елдерде ғана осындай СО2 сақтау жобалары бар.
CCUS жобасын іске асыру үшін жер астында газды сақтайтын қоймалардың болуы шарт. Яғни, кез келген жерге көмірқышқыл газын айдай алмайсыз. Жер астында кеуекті қабаттар болуы тиіс, олардың үстінде газды жер бетіне өткізбейтін өткізгіштігі өте төмен қабаттар болуы керек. Ал, босаған мұнай-газ кен орындары – СО2-ні сақтауға арналған жақсы әрі дайын қойма. Сондықтан, ірі мұнай-газ өндіретін ел ретінде Қазақстанда да CCUS жобасын жүзеге асыру мүмкіндіктері жоғары.
Оған қоса, Қазақстан – әлемдік қауымдастықтың белді мүшесі ретінде климаттың өзгеруі бойынша 2015 жылғы Париж келісіміне қатысқан ел. Ол келісім бойынша, біз 2030 жылға дейін зиянды газдар көлемін 15%-ға азайтуға міндеттіміз.
Жоғарыда айтып өткенімдей, көмірқышқыл газын сақтау – өте күрделі процесс, оған көп зерттеулер жасау керек. Әсіресе «жер астына айдалған СО2 тау жыныстарымен қалай әрекеттеседі? Оның геомеханикасын қалай өзгертеді?» деген сұрақтарға жауап алу өте маңызды. Себебі СО2 айдау кезінде тау жыныстарының механикалық қасиеттері өзгеріп, қабаттарда жарықтар пайда болса, СО2 сол жарықтар арқылы жоғары қарай қозғалып, жердің бетіне қайта шығып, жер бетіне жақын жерасты суын ластауы мүмкін.
Тау жыныстарының геомеханикасымен айналысатын ғалым ретінде, мен осындай сұрақтарға жауап алу үшін зерттеулер жүргіземін. Оның нәтижесі Каспий маңы ойпатында ірі СО2 сақтау жобасын ұйымдастыруға негіз болады. Ал, ол жоба ауадағы зиянды газдарды азайтуға септігін тигізеді.
– Кез келген жобаның грантқа ие болмайтыны да белгілі. Ғылыми жұмысыңыздың ерекшелігі неде? Бұл жобаны «төл туындым» деп санайсыз ба?
– Бұл пікірмен толық келісе алмаймын. Өйткені «ХХІ ғасырдағы ғылыми жұмысты біреудің төл туындысы деп айту қиын» деп ойлаймын. Бірнеше ғасыр бұрын, физика мен математиканың негізгі заңдары ашылып жатқан заманда, ғылыми жаңалықты бір адам ашатын. Ал, қазір кез келген ғылыми нәтиженің артында ғалымдар тобының жылдар бойғы еңбегі жатады. Сондықтан, бұл ғылыми жоба да менің төл туындым емес, біздің ғылыми топтың жұмысы деп айтсақ дұрыс болады.
Ғылыми жұмысымыздың негізгі ерекшелігі – ауадағы СО2 мөлшерін азайтуға бағытталған жұмыс болғандығы. Климаттың өзгеруі өте тез, салдары да өте ауыр болып жатыр. Оны тежеуге атсалысу – әр адамның міндеті. Осы мүмкіндікті пайдаланып, оқырмандардан энергия көздерін барынша үнемдеп, күнделікті өмірде ысырапқа жол бермеуге шақырғым келеді.
– «Ғылым» сөзінің өзі жаңалық ашу, жаңалық әкелу дегенді білдіреді. Сол іске жастардың араласуы, оларға арнайы гранттың тағайындалуы – отандық ғылымға салынған инвестиция деуге толық негіз бар. Шын мәнінде бұл біздің ғылымның бәсекеге қабілеті арта түскенін білдірмей ме, сіз қалай ойлайсыз?
– Соңғы жылдары ғылымға көп көңіл бөлініп жатыр, бұл қуантарлық жағдай. Әттеген-айлары да жоқ емес әрине, бірақ бағытымыз жаман емес деп ойлаймын.
Дұрыс айтасыз, ғылымға бөлінген қаражат – ол елдің болашағына салынған инвестиция. Бірақ әр істің өзіндік жүйесі болуы керек деп ойлаймын. Себебі ғылымға жай ақша бөлу аз, алдымен сол ғылымды жасайтын ғалымдарды дайындау керек. Ол үшін жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының жағдайын дұрыстау қажет. Ең бастысы, сол оқу орындарына келетін оқушылардың біліміне көбірек көңіл бөлген дұрыс шығар.
Жалпы әлемге қарасақ, білімі мен ғылымы жоғары деңгейдегі мемлекеттерде коррупция да аз, технологиясы да дамыған.
– Бізді сіз секілді жас ғалымдардың осындай күрделі мәселеге маңыз беруі қуантады. Айтыңызшы, алдағы уақытта Атырау экологиясын сауықтырудың тың тетігін табу туралы ойланып көрдіңіз бе? Жалпы, алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз…
– Атыраудың экологиясын жақсартуға дәл қазір жаңа бірдеңе ойлап табудың қажеті жоқ сияқты. Әйтсе де әлемдік тәжірибені қолданып, Атырауды жайқалтып жіберуге болады. Кедергі болып тұрғаны – жемқорлық. Тиісті органдар өз міндетін дұрыс атқармайынша зауыттар шектен тыс зиянды қалдықтарын ауаға, суға лақтыра береді. Көгалдандыруға бөлінген ақша да толық игерілмесе, қаражат тиімсіз жұмсала бермек.
Әрине бұл проблемалар айтылмай жүрген жоқ. Тіпті проблемамен қатар, оны шешудің тәсілін ұсынып жүрген топтар да бар.
Өзімнің келешек жоспарыма келсек, ғылыми зерттеулерімізді сәтті аяқтап, жобаның екінші кезеңіне өтуді басты мақсат деп білемін. Сосын нәтижелерін сынақтан өткізіп, қолданысқа енгізсек…
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button