
Елу жылдан кейінгі ерекше кездесу
Атырау қаласындағы Ғ.Мүсірепов атындағы №5 орта мектебінде ерекше жылулық пен сағынышқа толы сәт орын алды. Соңғы қоңырау салтанаты аясында мектеппен қоштасқан XI және IX сынып оқушылары ғана емес, тура 50 жыл бұрын – 1975 жылы – дәл осы білім ұясынан үлкен өмірге қадам басқан түлектер де білім ордасының табалдырығын қайта аттады.

Жарты ғасыр бұрынғы түлектерге арналған «Үлкен үзіліс» атты форум шын мәнінде уақыттар тоғысына айналды. Осы бір айтулы күні олар мектеп партасына отырып, ескі достармен шүйіркелесіп, жүректерінде мәңгіге қалған сәттерді еске алды. Іс-шара барысында сол бір бала күнгі әзілдер, шынайы күлкі мен қуанышқа толы сәттер қайта жанданды.
Форум барысында бірін-бірі құшақтап қауышқан достар сезімдеріне ерік беріп шынайы сөздерін жолдап жатты.

Кездесуді ұйымдастыру оңай болмаған. Ұйымдастырушылардың бірі әрі осы кездесудің жанашыры Әділхан Ақботиннің айтуынша, түлектердің көбі елдің әр өңіріне, тіпті шетелге қоныс аударған.
Мектеп директоры Ұлжан Ақтананова өз сөзінде №5 мектептің әрдайым түлектеріне құшағын айқара ашуға дайын екенін атап өтіп, осы шаңырақтан талай тағдырдың бастау алғанын мақтанышпен жеткізді.

Ал мектеп оқушылары үшін бұл – тірі тарихпен жүздесу болды. Сол дәуірдің мектеп өмірі, түлектердің балалық шағы мен арман-мақсаттары – оқушылар үшін тың дүние, қызықты естеліктерге толы әңгімеге айналды.
Форумның бейресми жалғасы да өзіндік әсерге толы болды.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген Георгий ШАПОШНИКОВ