Жарнама
Білім

«Елім үшін еңбек етемін»

Әр оқу жылының соңында білім ордасын бітіруші түлектерге диплом тапсыру салтанаты ұйымдастырылатыны белгілі. Бұл – тек оқу орны мен болашақ мамандар үшін ғана емес, серіктес мекемелер, жұмыс берушілер, ата-аналар үшін де айтулы оқиға. Жақында осындай игі шара С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжінде өтті. Биыл аталған оқу орнының 91-ші түлектері білім ұясынан ұшып, 462 түлек өмірге жолдама алса, олардың ішінде 14-і үздік диплом иегері атанып отыр. Ең бастысы, маңызды кешке көптеген мекеме өкілі қатысып, өздері жұмысқа қабылдаған түлектерге еңбек кітапшаларын салтанатты жағдайда табыс етті.

–Біздің колледж тек білім мен мамандық беріп қана қоймай, тәрбиелі, жан-жақты дамыған тұлға қалыптастыруға ерекше мән береді. Еліне қызмет ететін жас өз елінің патриоты болуы тиіс. Биыл колледж студенттері ел үшін қандай қиындықтар болса да қарсы тұруға қабілетті екендіктерін іс жүзінде көрсете алды. Бұған айқын мысал – көктемгі тасқын су қаупі туып, облыста төтенше жағдай жарияланған кезде олар ұстаздарымен бірге тізе қосып, «тілсіз жаудың» алдын алуға жұмылды. Осы жауапты науқандағы жанқиярлық еңбектері үшін 50 оқытушы, қызметкер және 70 студентке жоғары атқарушы орындар тарапынан Алғыс хаттар салтанатты жағдайда табыс етілді.
Осындай нәтижелі жетістіктермен оқу жылын қорытындылаған білім ордасы келесі жылға талапкерлерді қабылдау жұмысын бастап кетті. Алдағы оқу жылына 450 білім алушыны осынша грантпен қабылдауға дайынбыз,-деді аталған жоғары колледж директоры Бағыт Шеркешбаева.
Колледжде негізгі басымдық мұнай, газ, химияға қатысты мамандықтарға берілгенімен, сұранысқа ие басқа да заманауи салалар қамтылған. Сондықтан түлектердің еңбекке орналасуы жыл сайын тұрақты көрсеткіш көрсетіп келеді. Мысалы, былтырғы түлектердің 80 пайызы жұмыспен қамтылған.
Аталған оқу орнынан түлеп ұшқан Жанарыс Дастан техник-механик мамандығын алып шыққан жас. Келешекте ол өз таңдаған саласы бойынша еңбек етпек ниетте.
– Бұл мамандықты таңдауымның бірнеше себебі бар. Біріншіден, өзіме техникалық сала ұнайды. Менің қалауым мемлекет саясатымен де үндесіп жатыр. Себебі, елімізге кәсіптік техникалық мамандар қажет екендігі туралы көп айтылып жүр. Экономиканы дамытатын да осы мамандық иелері ғой. Оның үстіне, қай салада болмасын жергілікті кадрлардың болуы, олардың үлесі де жеткілікті дәрежеде болуы керек. Ал, өндірісі дамыған облысымызға осы мамандықтар қажет екені айтпаса да түсінікті. Сондай-ақ, жігіттер техника саласына көбірек барулары керек деп есептеймін,-дейді Жанарыс Дастанұлы.
Ол колледжде оқыған кезі есею жылдары болғанын айрықша атап өтті. «Онда жүріп көп нәрсеге қол жеткіздім. Әрине, бұл арада жетістік пен табыс білікті ұстазсыз мүмкін емес. Сол үшін ұстаздарыма алғысым шексіз. Студенттік кез бен жастық шақты өз басым қоғамдық жұмыстарсыз елестете алмаймын. Мүмкіндігіме қарай бұл бағытта барынша атсалыстым. Нәтижесіз де емеспін» дейді ол.
Жанарыс Дастанұлы 2021 жылы «Қазақстан Республикасы колледждерінің «Үздік 100 студенті» конкурсының жеңімпазы атанған. Зияткерлік сайыстарға, пәндік олимпиадаларға тұрақты қатысқан. Колледждің «Infinity» Студенттік парламентік экология фракциясының жетекшісі болған. 2020 жылы «Дарын онлайн» және «КАЗТЕСТ» білім беру платформасында тарихымызды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған республикалық «Жас тарихшы» олимпиадасына қатысып, арнайы сертификат алған.
«Колледжішілік «Жігіт сұлтаны» байқауында бақ сынап, «Өнерлі жігіт» номинация иегері болғаным да бар. Енді өмірге жолдама алып еңбек жолымды мамандығым бойынша «Борусан Макина Казахстан» шетелдік кәсіпорнында бастағалы отырмын. Уақыт жүйрік, оның қалай өтіп кеткенін байқамай да қалдық. «Ең қымбат – ол уақыт» деп бекер айтылмаған екен. Соны барынша орынды да тиімді пайдаланғанға не жетсін?!» дейді жас түлек бізбен әңгімесінде.

Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button