Білім додасы мәресіне жетті

WhatsApp Image 2018 11 14 at 17.36.34 3 Білім

Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың үшінші кезеңі өтті. Екі күнге созылған білім додасының жабылу салтанаты  Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде болды.

WhatsApp Image 2018-11-14 at 17.36.34

Бүгінгі заман талабы жастарға қолдау көрсету, тілдерді жетік меңгеру арқылы еліміздің экономикасын өркендету,  дарынды ұрпақтар қалыптастыруды мақсат еткен білім бәйгесіне 655 оқушы қатысып, 14 пәннен бақ сынады. Байқаудың бірінші турынан 9 сыныптан – 174, 10 сыныптан – 179, 11 сыныптан – 168 оқушы, барлығы 521 оқушы екінші турға өтті. Нәтижесінде, барлығы 221 оқушы жүлделі орындарды иеленді. Оның ішінде 36 оқушы бірінші орынды  алса, 69 оқушы екінші, 116 қатысушы үшінші орынды місе тұтты. Ал, одан бөлек 70 қатысушы Алғыс хатпен марапатталды. Сондай-ақ, республикалық кезеңге қоғамдық гуманитарлық бағыттағы пәндерден – 28, жаратылыстану математикалық бағыттан – 36 оқушы жолдама алды.

Командалық есепте облыстық білім мекемелері арасында «Білім-инновация» мектеп-лицейі үздік деп танылды. Облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназия және Атырау қаласының мектеп оқушылары екінші орынға лайық делінсе, Жылыой аудандық мектеп оқушылары мен дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицей интернатының шәкірттері үшінші орыннан көрінді.

Қазылар алқасының айтуынша, келесі жылға  математика, информатика, физика пәндеріне көбірек көңіл бөлу керектігі туралы оқушыларға ескерту берілген. «Себебі, еліміз білімді жастардың қолында. Мемлекетіміз әлемдегі өркениетті елдердің ортасынан ойып тұрып  орын алатын, «қазақ» деген елді көрсететін, дәлелдейтін бір ғана құдіретті нәрсе ол – білім. Сондықтан, білім жолындағы оқушыларға айтарымыз ізденістері тоқтамасын. Алға қарай талпынып, қадамдары оң болсын» деген тілектерін де білдірді.

Нұрзила Сәрсенова,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, қазылар алқасының төрайымы:

– Биылғы олимпиада ұйымшылдықпен болды. Байқауға кешігіп келген бірде-бір қатысушы болған жоқ. Бүгінгі білім сайысындағы оқушылардың барлығы жай шәкірттер емес. Дарынды  жастарға жылма-жыл жетілдірілген сұрақтар дайындалған. Олар соған қарамастан  білім деңгейлерін толықтай көрсете білді.  Бірінші орын алған және екінші орынның жоғары балын жинаған екі оқушы республикаға жолдама алды. Бұл осы оқушылардың өздеріне қуаныш. Бірақ, оның арғы жағында үлкен жауапкершіліктері де бар. Себебі, ертеңгі күні біздің өлкеміздің намысын қорғайды. Ол жақта да осындай жоғарғы белестен көрінеді деген сенім артамыз.

Утей Санжар Ермекқалиұлы,

«Білім-инновация» мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы:

– Олимпиадаға биология пәнінен қатыстым. Жарысқа келерде ұстазыммен бірге мектеп бағдарламасынан тыс оқулықтарды да пайдаланып, жан-жақты дайындалғанбыз. Жарыс мен үшін қатты қиын болмады. Бірақ өте қызықты сұрақтар кездесті.  Нәтижесінде 1 орынды иеленіп,  республикаға жолдама алдым. Алдағы уақытта облысымызды Республикалық олимпиада да жақсы дәрежемен көрсетуге ұмтыламын.

Гүлдана ЖАМБОЗОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз