Диплом мәңгі азық болмайды, өмір бойы оқы және үйрен – Қасым-Жомарт Тоқаев

img 0132 Білім

Еңбек нарығы жылдам өзгеріп жатқан заман талабына бейімделе білу қажет. Республикалық педагогтер съезінде сөйлеген сөзінде Президент осы мәселенің астына сызып айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап. 

«Екінші мәселе, балаларымыз заманға сай озық білім алуы қажет. Қазір еңбек нарығы өте жылдам өзгеруде. Көптеген салаға жасанды интеллект еніп жатыр. Бұл үдеріс жылдан жылға қарқын ала беретіні сөзсіз. Бүгін жоғары сұранысқа ие мамандық ертең қажет болмай қалуы мүмкін. Ғалымдар 2050 жылға қарай қазіргі кәсіптердің жартысына жуығын цифрлық және техникалық жүйелер алмастырады деген болжам айтып отыр. Сондықтан, азаматтарымыз жаңа заманға қажетті дағдыларды үйренуі керек. Бұл – өте маңызды міндет», – деді Мемлекет басшысы.

Демек, заман талабына қарай бейімделі білу қажет.

«Бұрын «алған дипломың өмір бойы азық болады» деген түсінік бар еді. Енді оның орнын «Өмір бойы оқы және үйрен» деген қағида басуы керек. Қазір жұмыс берушілер үшін ең бастысы диплом немесе сертификат емес. Олар іздене білетін, жаңа талапқа икемделе алатын, тәртіпті және ұқыпты жас мамандарды бағалайды, яғни қызметкердің қолындағы қағазға емес, қарым-қабілетіне мән береді. Сондықтан, әр азамат үздіксіз оқуы керек. Осындай білімге құштарлықты баланың бойына мектептен бастап сіңіру қажет, яғни балаларымыз білікті маман болсын десек, ең алдымен, орта білім сапалы болуы керек», – деді Президент.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз