Жарнама
Білім

Дәстүрлі оқыту форматына қашан көшеміз?

Бүкіл әлемді өрттей шарпыған коронавирус пандемиясының адамзат өміріне үлкен өзгерістер әкелгені шындық. Құндылықтар күнде өзгеріп жатқан құбылмалы дүниеде адам баласы үшін ешқашан мәнін жоймайтын бір нәрсе бар.

Ол – ұрпақ жалғастығы. Ата-бабалар көшін алғы күнге апаратын өскелең ұрпақтың өз ұлтының дәстүрі мен салтын қадірлейтін, өркениеті жоғары елдің жастарымен иін тірестіріп тұра алатындай білімді де мәдениетті, дарынды да қабілетті болуын қаламайтын адам жоқ шығар, сірә?! Ескен желдей, көшкен сеңдей өтіп жатқан өмірдің шын бағасы – ұл мен қыздың адамгершілік жолын таңдап, саналы болып қалыптасуында. Дүниенің астын үстіне келтірген тәжтажал туралы алдын ала ешкім де білмегені даусыз.

Мұхит асып білім іздеп, өзге елде бағын сынап, қызметке орналасып, шетелдің тілін меңгеріп жүрген талай адам осы бір қысылтаяң шақта туған жерге, тұма бастауына оралуға асықты. Бұрын да көп сынға ұшырап жүрген білім саласы үшін шын сынақ осы кезеңде басталған болатын. Адамзат көшін жалғастыратын ұрпақты сақтап қалу мақсатында елде төтенше жағдай жарияланғаннан кейінақ қашықтан оқыту жүзеге аса бастады. Әрине, белгілі бір салаға бірден келіп енген өзгеріс кезінде көптеген қателіктердің болатыны да белгілі. Алайда, еліміздің ұстаздары абдырап қалмай, етек-жеңді жинап, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, саптағы сарбаздардай болып іске кіріскені де рас.

 Міне, содан бері алты айдың жүзі де болып қалыпты. 2019-2020 оқу жылы қашықтан оқу форматында аяқталып, соңғы қоңырау салтанаты да ашық аспан астында, аталған форматта өткізілді. 8 платформа ұсынылды Жаңа оқу жылының қашықтан оқу форматында басталатыны да алдын ала мәлім болды. Білім беру онлайн платформаларына қойылатын бірыңғай талаптар да әзірленген болатын.

 Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: «Орта білім саласына тоқталсақ, қашықтан оқыту аясында отандық нарыққа сегізден астам білім беру платформасы шығуда. Бірақ, платформалардың функционалы мен мүмкіндіктері әртүрлі. Министрлік оқыту процесін толыққанды іске асыру үшін қажетті функционалды алуға мүмкіндік беретін білім беру онлайн платформаларына қойылатын бірыңғай талаптарды әзірлеп, біріздендіріп, іске асыратын болады» деген еді. Сонымен қатар, ол оқытудың дәстүрлі күндізгі форматына қайтару қадамына да тоқталған еді.

«Білім беру ұйымдарын оқытудың дәстүрлі күндізгі форматына қайтарудың тиісті тәртібі Денсаулық сақтау министрлігімен бірге әзірленеді» деген министр, дәстүрлі күндізгі форматқа көшудің оңайға соқпайтынын да ескертті.

Мектептерде қазіргі таңда қашықтан оқыту 8 интернет платформада жүргізіліп отыр.

– Әрине, қашықтан оқыту бойынша екі негізгі бағыт бар. Бірінші бағыт – интернет арқылы оқыту. Интернет арқылы оқыту бойынша бізде арнайы бірнеше интернет платформа бар. Жалпы, өткен оқу жылының 4-тоқсанында бізде екі негізгі 2 интернет платформа болса, осы уақытта оған тағы 6 интернет платформа қосылып, 8-ге жетті, — деді Асхат Аймағамбетов.

Оның атап өтуінше, осы платформалардың ыңғайына, мүмкіндігіне байланысты мектептер, қалалық, аудандық білім бөлімдері шешім қабылдап, келісім-шартқа қол қояды және сол платформамен жұмыс істейді. «Екінші бағытта балаларға телеарналар арқылы сабақ беріледі. «Ел арна» және «Балапан» телеарналары телесабақтарға тәулігіне 9 сағатқа дейін эфир бөліп отыр» деді министр.

«Ең тиімдісі – MektepOnlain»

Білім және ғылым министрлігі қ а ш ы қ т а н о қ ы т у ж а ғ д а й ы н д а балалардың толыққанды білім алуына мүмкіндік жасау үшін жаңа платформаларды қолданысқа шығарып отыр. Әрбір оқушы ноутбук, компьютермен қамтамасыз етіліп, берілетін білімнің негізгі көздері – оқу платформаларына шығуы тиіс. Әлбетте, өткен оқу жылының төртінші тоқсанында мұғалімдер мен оқушылар WhatsApp желісі арқылы кері байланыс орнатып, сол арқылы жаңа тақырыпты меңгеріп, оқушының білімі тексерілген болатын. Жаңа оқу жылында Kundelik.kz, BilimLand, DarynOnlain платформалары өз қызметтерін ұсынды. Мектептердің жаңа оқу форматы жағдайында тығырықтан қалай жол тауып жатқандарын білу мақсатында «Нұрсая» шағын ауданында жаңадан бой көтерген №40 орта мектептің директоры Жанаргүл Атшыбаеваға бірнеше сұрақ жолдаған едік.

– Жаңа 2020-2021 оқу жылын мектепалды даярлық сыныптарының оқушыларын қосқанда 1670 шәкіртпен бастадық. Пандемия кезіндегі талаптарға сәйкес, азаматтардың және оқушылардың денсаулығына қауіп төндірмеу мақсатында қашықтан оқыту форматы жүзеге асты. Сондай-ақ, санитарлық талаптарды сақтай отырып, мектепте кезекші сыныптар ұйымдастырылды. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған, көп балалы және аз қамтылған отбасы балаларына, яғни, 66 оқушыға қаржылай көмек беріліп отыр. Ал, 12 оқушыға роутер ұсынылды. Мектеп иелігіндегі 105 компьютер ата-аналармен жасалған қайтарым жөніндегі құжат арқылы көп балалы отбасыларға берілді, — деп жауап берді Жанаргүл Ерсайынқызы.

Аталған мектептің 1-4 сыныптар аралығындағы 340 оқушыға 18 кезекші сынып ұйымдастырылған. Бастауыш сынып және басқа да қажетті пән мұғалімдері дәстүрлі форматта жұмыс жасауда. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптар орындалған. Кезекші сыныптарға арналған арнайы жолақтар жасалыпты. Кіріп-шығу белгілері де бар. Антисептиктер, арнайы кілемшелер, жуу құралдары, бетперде мен қолғаптар да қамтылған. Мектептің материалдықтехникалық базасы жаңа форматта жұмыс жасауға әбден дайындалғаны көрініп-ақ тұр. Педагогикалық кеңесте алған шешім бойынша BilimLand платформасының MektepOnlain форматымен жұмысқа кірісіп те кетіпті. – Аталған платформаның біз таңдаған MektepOnlain форматы орта білім беруге арналған жаңартылған бағдарламаға сәйкес мектеп пәндерінің интерактивті сабақтарын, бейнероликтерді, түрлі

тапсырмалар мен қосымша тегін сабақтарды қамтыған. Бұл ұстаз үшін де, шәкірт үшін де тиімді, — дейді Жанаргүл Атшыбаева. «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында Президент толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеуді тапсырды. Мұнымен қоса, мемлекет басшысы білім алудың қалыптасқан дәстүрлі тәсіліне қайта көшудің тәртібін әзірлеуді жүктеді.

«Үздіксіз білім беру тұжырымдамасын әзірлеу қазіргі уақытта ерекше маңызға ие. Осы тұрғыда бейресми білім берудің нәтижелерін растау жүйесі де қайта қарастырылады. Тәуелсіз сертификаттау орталықтарының, оның ішінде өз бетінше мамандық иегерлері үшін де біліктілік беру одан ары қарай дамытылатын болады» деді елдің Білім және ғылым министрі Үкімет отырысында.

Сондай-ақ, А.Аймағамбетов білім алушылардың кәсіпкерлік дағдыларын дамыту тақырыбына да тоқталып өткен болатын: «Барлық деңгейдегі білім алушылардың кәсіпкерлік дағдыларын дамыту жөнінде жұмыс білім берудің бүкіл деңгейлерінде жүргізіледі. Еңбек нарығының сұраныстарын ескере отырып, «Атамекен» палатасымен бірге бұл жұмысты ары қарай жалғастырып, жүйелі түрде ұйымдастыратын боламыз».

Петицияға – жауап Ата-аналар оқушыларды дәстүрлі оқуға қайтару туралы Президент пен Білім және ғылым министріне петиция жазған еді. «Біз, қазақстандық балалардың атааналары, оқушылардың Қазақстан Республикасы Конституциясының 30-бабында көрсетілген орта білім алу құқығы толық көлемде – кәсіби мұғалімдердің тікелей қатысуымен барлық пәндер бойынша қамтамасыз етілуін талап етеміз. Мектептегі білім күндіз әрі оқу орнында болуы керек. Оны цифрлық суррогат алмастырмауы керек.

Цифрлық технологияларды тек қосымша әдістер ретінде, ережелермен бекітілген қатаң шектеулі көлемде және тек ерікті негізде пайдалануға болады» делінген петицияда. Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Гаухар Омарбек ата — аналардың наразылығына қатысты пікір білдірді. «Қазіргі уақытта бастауыш сынып оқушылары ата-аналарының өтініші бойынша мектептерде оқи алады.

Сондай-ақ, 3 мыңға жуық шағын жинақты мектеп оқушылары (1-11 сынып оқушылары) дәстүрлі форматта оқып жатыр. Қалған мектеп оқушылары үшін санитарлық дәрігерлер дәстүрлі оқыту форматына кезең-кезеңмен көшуге болатынын хабарлағаннан кейін ғана біз бұл процесті бастай аламыз. Бас санитарлық дәрігердің шешімі шықса ғана әр мектептің әкімшілігі тиісті кесте жасайды және біз балалар мен ата-аналарға тиісті ақпаратты жеткізе аламыз» деді ол.

P.S. Замана желі құбылып, қай жағыңнан соғары беймәлім кезеңде өмір сүріп отырмыз. Дәстүрлі оқыту форматына қашан ораларымыз да беймәлім. Ал, осынау ғылыми технологиялар қарыштап дамыған кезеңде жас ұрпақ білім алуы үшін мемлекеттік деңгейдегі тегін платформа неге жоқ?

Бүкіл жұртшылықты мазалайтын да осы сауал. Интернет желісі көтермегендіктен, интернет-конференцияға қосыла алмай, мұғалімнің жүзін анық көрмей отырған шәкірт қалай жақсы білім алар екен? Қайткен күнде де ұрпақ денсаулығы мен өмірі ең маңызды болып қала бермек.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button