ДАРЫНДЫ БАЛАЛАР КОНЦЕРТІ
Мерекелік концерт шымылдығы Қайыршақты балалар саз мектебінің жанынан құрылған халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен орындалған «Өз елім», «Ұстаз» әндерімен түрілді. «Қазына», «Раушан» хореографиялық ансамбльдері көрсеткен би үлгісі де залға жиналған көрерменге мерекелік көңіл күй сыйлады. Көрермендер оқушылардың жетістіктері туралы өзара әңгімелеп, олар орындаған жаңа туындыларға тәнті болды. Концертте классикалық, халық әндері, қазіргі уақыттағы әндер домбыра, баян, қобыз аспаптарында жеке және оркестрмен орындалды. Әсіресе, халықаралық байқаулардың лауреаты атанып үлгерген жас әншілер Адила Сұлтан, Гаухар Ерболатова, Перизат Ұлықпанова және Талғат Қаленов шырқаған Отан, туған жер, ана тақырыбындағы әндер халық ықыласына бөленді.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.
Суретті түсірген Самат ҚАЙЫРЖАНОВ.