Болашақ мұнайшылар компания жұмысымен танысты
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің Summer Industrial School бағдарламасына қатысушы студенттер «Ембімұнайгаз» АҚ қызметімен танысты.
- 2015-2023 жылдар аралығында Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің 156 студенті Ембі өндірісінде Дуалды оқыту бағдарламасы бойынша тәжірибеден өтіп, жоғары балл жинаған 52 студент Компанияға жұмысқа орналасты. Биылғы оқу жылында университеттің 28 студенті аталған жүйе бойынша тәжірибеден өтуде.
Бүгінгі турда сіздер отандық компанияның тарихымен, қызметімен, жүзеге асып жатқан инновациялық жобаларымен танысасыздар. Бұл сапар сіздер үшін аса қызықты, қажетті ақпараттар алуға үлкен септігін тигізеді деген сенімдеміз!, — деді ЕМГ Бас директорының кадр және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Қайрат ӘБЕНОВ.
Сапар барысында студенттерге мұнай және газ өндіру жөніндегі жетекші инженер Еркін Сүлейменов, жетекші инженер-технолог Аманжол Бектасов Ембіде жүзеге асырылып жатқан Цифрлық кен алаңы, полимерлі суландыру және басқа да пилотты жобаларды таныстырды. Сонымен қатар, аға геолог Ерлан Бекенов өнім өндірудің соңғы сатысындағы кен орындарын пайдалану тақырыбында презентациясын ұсынды.
Жастар өндірісті жедел басқару орталығының жұмысымен де танысты. Өндірісті автоматтандыру және ақпараттық технологиялар департаментінің аға инженері Ержан Тлегенов пен өндірісті жедел басқару департаментінің инженер-технологы Артур Дингалиев өндірістік процестерді орталықтан басқару үдерісі туралы айтып түсіндірсе, көлік жөніндегі инженер Батиха Джантокова «Сапарларды басқару» жобасының тиімділігі туралы айтты.
Студенттердің Ембіге сапары интерактивті мұражайды тамашалаумен жалғасын тапты.
(с) Ембілік Мұнайшы