
Болашақ инженерлерге арналған мүмкіндік: Атырау облысының әкімдігі 5 білім грантын ұсынады
Атырау облысының талапты жастарына кәсіби білім алуына тағы бір мүмкіндік: облыс әкімдігінің қолдауымен 2025–2026 оқу жылына 268 білім гранты бөлінді. Соның ішінде С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің «Материалтану және жаңа материалдар технологиялары» білім беру бағдарламасына 5 грант беріліп отыр.

-Бүгінде материалтану саласы – ғылыми-технологиялық прогрестің басты қозғаушы күштерінің бірі. Бұл салада жұмыс істейтін мамандар жаңа материалдар жасап, оларды өндіріс пен техникаға енгізу арқылы инновациялық шешімдер ұсынады. Энергетика, құрылыс, мұнай-газ, машина жасау, тіпті медицина салаларында да материалтанушылардың еңбегі ерекше қажет,-дейді Атырау мұнай және газ университетінің Н.Нәдіров атындағы мұнай-химия инженериясы және экология институтының деканы Асылбек Қанбетов.
Мемлекеттік тапсырыс негізінде бөлінетін бұл грант иелері толыққанды тегін білім алады. Сонымен қатар, университет тарапынан жатақханамен қамтамасыз етіліп, қосымша шәкіртақы мен тәжірибелік оқу базаларында білім алу мүмкіндігі қарастырылады.
Грантқа құжат 5–10 тамыз аралығында қабылданады. Құжаттарды онлайн тапсыру: eatyrau.kz.