БОЛАШАҚҚА БАСТАР ҚАДАМ
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңына және басқа да білім саласындағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу, сондай-ақ, оның ұйымдастырылуы мен өткізілуі барысын бақылау және қадағалау білім саласындағы бақылау департаменттері қызметінің басты міндеттерінің бірі болып табылады.
Білім беру ұйымдары қызметін объективті бағалау, оқушылар мен мұғалімдердің білім алудағы жоғары нәтижелерге ұмтылысын ынталандыру, барлық бітірушілердің жоғары білім алуға тең қолжетімділігін қалыптастыру, білім берудің сыртқы тәуелсіз бағалау жүйесін құру – ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізудегі басты мақсаттар.
Сондықтан, департаментте 2015 жылғы ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу және бақылау мақсатында іс-шаралар жоспары әзірленіп, тиісті жұмыстар жүргізілген болатын. Атап айтқанда, департамент қызметкерлері қаңтар-сәуір айларында биылғы ережедегі өзгерістерге сәйкес барлық аудан орталықтары мен Атырау қаласында жалпы орта білім беру ұйымдары басшыларымен, мұғалімдермен, ата-аналармен және оқушылармен кездесіп, ақпараттық-түсіндірмелік жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес департамент қызметкерлері биылғы ҰБТ-ның өткізілу барысына министрлік өкілі ретінде бақылау жүргізетін болады. Ол үшін облыстағы ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу пункттерінің барлығына департамент қызметкерлері жіберілді.
Биылғы жылы өткізілетін ҰБТ форматында өзгерістер жоқ, алайда, министрлік бұйрығында айқындалған талаптарды қатаң түрде сақтау жоспарланып отыр.
Осыған сәйкес, бітіруші қағидаларды бұзған жағдайда министрлік өкілі нысан бойынша тыйым салынған заттың тәркіленуі және бітірушіні аудиториядан шығару туралы актісін жасайды және тест нәтижелерін жою туралы шешім қабылдайды. Тестілеу аяқталғаннан кейін тест тапсырушы жауап парағын және сұрақ кітапшасын өзі отырған орнында министрлік өкіліне тапсырады.
Биылғы жылы ҰБТ-ға қатысушылар тест нәтижелерін Ұлттық тестілеу орталығының сайтынан (www.testcenter.kz) ЖСН және ТЖК ендіру арқылы біле алады.
Тестілеу барысына бейнебақылау жүргізіледі. Барлық пункттерді бейне тіркеуіштермен жабдықтау, металл іздегіштердің, ұялы байланыс сигналдарын тұншықтырғыш құралдардың және бейне тіркеуіштердің үздіксіз және сапалы жұмыс істеп тұруын қамтамасыз етуді мемлекеттік комиссия ағымдағы жылдың 20 мамырына дейін ұйымдастыруы қажет. Осы жұмыстардың дұрыс ұйымдастырылуын, техникалық құралдардың сапалы жұмыс жасауын қадағалау үшін әрбір тестілеу пунктіне бір техникалық маманнан және үлкен аудиторияларға екі-үш министрлік өкілдері жіберілетін болады.
Соңғы жылдардағы ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу барысында бақылаудың күшейтіліп, тестілеу өткізілетін аудиторияларда ұялы телефондарды тұншықтырғыш қондырғылардың, бейне камералардың орнатылуы, есік алдындағы металл іздегіш құрылғылардың жұмыс жасауы және жылдағыдай аудиторияларда, дәліздерде жергілікті жерден жасақталған кезекшілер емес, Білім және ғылым министрлігінің өкілдерінің қадағалауы жүзеге асырылғаны белгілі.
Дегенмен, өткен жылдардағы келеңсіз оқиғалар, оның ішінде ұялы телефон, шпаргалкалар арқылы жоғары нәтижелер алуға тырысу бүгінгі күні жалпы жұртшылыққа белгілі болып қалған жайт. Ең сорақысы, мұндай жағымсыз әдіс-тәсілдер балалардың, тіпті, ата-аналар мен ұстаздардың да санасында шегеленіп, оңай жолмен жоғары баға алу мүмкіндігі туралы жаңсақ пікірдің қалыптасуына әсер еткен.
Тестілеу басталғанға дейін оқушылардан ұялы телефонның, шпаргалкалардың алынуы оқушылардың көпшілігінің өткен жылғы тестілеуді өз білімімен тапсыруға толық дайын емес екендігін көрсетті. Атап айтқанда, облыс бойынша 2014 жылғы тестілеуде оқушылардан шпаргалкаларды айтпағанда, 5272 ұялы телефон алынған. Тіпті, ҰБТ кезінде ұялы телефон пайдаланғаны анықталған 16 оқушыға аймақтардан келген министрлік өкілдері тарапынан ережеге сәйкес арнайы акт толтырылып, аудиториядан шығарылып және олардың жұмыстарының нәтижелері жойылған.
Осы жерде айта кету керек, кейбір ата-аналар балаларының мектепте қалай білім алып жатқандығына мән бермей жатады. Ата-ана жауапкершілікті тек мектепке артып қоймай, бастауыш сыныптан бастап күнделікті жұмыстан кейін үйде де баласының сабақ үлгерімін, оның ертеңгі сабағына дайындалуын қадағалап, мектеппен тығыз байланыста болып, баласының үлгерімі төмен пәндерінен қосымша сабақтар алуына жағдай жасауы қажет.
Сонымен қатар, тест кітапшаларында қойылған сұрақтарға бірқатар оқушылардың төмен жауап беруі олардың жан-жақты іздену арқылы дайындалмайтындығын, тек тестілеу өткізу пункттерінде сынама тестілеуде келетін сұрақтармен ғана дайындық жүргізетіндігін және сол сынама тестілеу кезіндегі берілген кітапшалардағы сұрақтарды жаттаумен ғана шектелетіндігін көрсетіп отыр.
Ұлттық бірыңғай тестілеу тек оқушылардың білімін сараптауға ғана бағытталған науқан емес. Бұл маңызды шара ел болашағына жасалған айтулы қадам екендігі де сөзсіз. Әрине, тестілеуді ұйымдастыру, өткізу және бақылау барысында, тест сұрақтарының мазмұнында біршама кемшіліктер де орын алуы мүмкін. Тек одан тиісті қорытынды шығарып, оқушылар зардап шегіп, орны толмас жағдайларға ұрынбауы үшін заңдылық шеңберінде бар мүмкіндікті жасап, алдағы жылдары өткен кемшіліктердің қайталанбауына күш салуымыз қажет.
Бектұр ҚАЛИ, Атырау облысының Білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы.
«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Онан басқа нәрселермен оздым демектің бәрі де – ақымақшылдық…»
Абайдың он сегізінші
қара сөзінен.