БІЗ ҮШІН ЕҢ БАСТЫСЫ – БІЛІМ САПАСЫ
— Сәнім Уапқызы, республикамыздың білім саласындағы қадағалаушы органның құрылғандағы мақсаты, жалпы департаменттің міндеті мен атқаратын қызметі қандай?
— Еліміздің білім саласы Мемлекет басшысының назарынан шет қалған емес. Елбасының қолдауымен мемлекетімізде білім саласына, оның сапасын арттыруға байланысты, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базаларын нығайту бағытында біршама жұмыстар жасалып жатыр.
Мемлекеттік басқару жүйесіндегі бұл құрылымның қалыптасуына қатысты Елбасы: «Бір жерден басқарып, бір жерден тексеру қиын болады. Сондықтан да, білім саласындағы сапаны қадағалайтын жаңа құрылым қажет», — деген болатын. Міне, содан кейін ел Үкіметі 2011 жылғы қаулысымен ҚР Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің аумақтық органдарын құру жөнінде қаулы қабылдаған-ды.
ҚР «Білім туралы» Заңында көрсетілгендей, департамент бақылау және рұқсат ету қызметімен тікелей айналысады. Айталық, білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестациялау меншік нысандарына қарамастан мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім, техникалық және кәсіптік білім, орта білімнен кейінгі білім беру, қосымша білім беруді іске асыратын заңды тұлғалар қызметтерінің мемлекеттік талаптарға сәйкестігін бақылау бес жылда бір жүргізіледі.
Бұл қызмет ҚР Үкіметінің қаулысы мен ҚР Білім және ғылым министрлігі құжаттарымен рәсімделген және міндеттелген. Аттестация жалпы білім беру мекемесі бойынша және техникалық пен кәсіптік білім, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, сонымен қатар, әрбір мамандық бойынша өтеді.
Келесі өте бір жауапты тексеру – мемлекеттік бақылау. «ҚР мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Заңы және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексі негізінде меншік нысанына және қызмет түрлеріне қарамастан білім беру ұйымдарында мемлекеттік бақылау және қадағалау жүргізіледі.
Тексеру білім беру ұйымдарының тәуекел дәрежесін бағалау критерийі бойынша анықталады. Тексерілетін нысандар анықталған кемшіліктеріне қарай жоғары, орташа, болмашы тәуекел топтарына бөлінеді. Жоғары тәуекел дәрежесі болса, жылына бір рет, орташа тәуекел дәрежесі кезінде үш жылда бір рет, болмашы тәуекел дәрежесі кезінде бес жылда бір рет тексеру ұйымдастырылады.
Білім саласына мониторинг қызметі — бақылаудың ерекше түрі. Мониторинг — жергілікті білім беру органдарынан берілген мәліметтер мен шынайы жағдайларды салыстырмалы түрде бақылау. Оның қорытындысы бойынша кемшіліктер мен ұсыныстар анықтама ретінде жазылады.
Ал, лицензиялауға келсек, ҚР «Лицензиялау туралы» Заңы және Үкімет қаулысымен бекітілген «Білім беру қызметін лицензиялау ережелеріне» сай бастауыш, негізгі, орта, техникалық және кәсіптік білім берудің, оның ішінде кәсіптер мен мамандықтар бойынша кәсіптік бағдарламаларды іске асыратын заңды тұлғалардың білім беру қызметін жүзеге асыру құқығына лицензия және оның қосымшаларын беруді «Е-лицензиялау» ішкі порталы арқылы жүзеге асырады.
— Ал, әлемдік тәжірибеде білім саласын бақылайтын осындай құрылымдық жүйелер бар ма?
— Әлемнің көптеген алдыңғы қатарлы елдерінде білімнің сапалы болуына жауап беретін білім беру ұйымдары да, оның қаншалықты сапалы екенін қадағалайтын бақылау ұйымдары да бар. Жапония, Франция, Ұлыбритания, Швеция және Финляндия елдерінде қалыптасқан тәжірибе сырттай бағалау жүйесін құрудың тиімділігін көрсетіп отыр.
Мысалы, көршілес Ресейде де осындай қадағалау қызметі федералдық деңгейде де (Рособрнадзор), аймақтар деңгейінде де бар. Тек олардың бізден айырмашылығы – бірыңғай вертикаль түрінде емес, жергілікті губернаторларға қарайтын аймақтық орган ретінде құрылған.
Қазақстанда білім сапасын сырттан бағалайтын құрылым бұған дейін болмады. Жергілікті білім беру органдары өз қызметін, оның сапасын өзі бағалап отырды. Бұл білім сапасына кері әсерін тигізбей қойған жоқ.
— Көпшілік ата-аналардың көкейінде жүрген сауал – оқушыларды 1-сыныпқа тестілеу арқылы қабылдау қаншалықты заңды? Осы мәселе жөнінде түсіндіріп өтсеңіз.
— Иә, дұрыс айтасыз. Қазақстан Республикасы Конституциясының 30-бабында «Азаматтардың мемлекеттiк оқу орындарында тегiн орта бiлiм алуына кепiлдiк берiледi. Орта бiлiм алу мiндеттi» деп көрсетілген. Соған қарамастан білім беру ұйымдарында, әсіресе, мектеп-гимназияның бірінші сыныбына оқушыларды қабылдау үшін тест өткізу фактісі анықталуда. Бұл әрекет заңсыз болып табылады. Яғни, ҚР Үкіметінің Қаулысында бастауыш білім беру ұйымының бірінші сыныбына қабылдау кезінде емтихандар, тестілеулер, сынақтар, конкурстар жүргізілмейтіндігі де көрсетілген.
Сонымен қатар, жоғарыда аталған қаулының «Мамандандырылған білім беру ұйымдарына қабылдау тәртібі» деген тармағында мамандандырылған білім беру ұйымдарына, дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерге қабылдау конкурстық негізде жүргізілетіндігі айтылған.
Ал, жалпы білім беретін лицейлер мен гимназиялар өзге мөлтекаудандардан да дарынды балаларды қабылдаумен қатар, сол аумақта тұратын оқушылар үшін жай сыныптар ашып, оларды жалпыға міндетті білім берумен қамтамасыз етулері тиіс.
— Осы орайда, тағы бір көкейкесті мәселеге қатысты сауал туындап отыр. Бейресми деректерден «мектепке келген жас мамандарға толық сағат болмайды, кей оқу орындарында зейнет жасына шыққан ұстаздар артық сағатпен жүреді» дегенді естиміз. Осы мәселеге қатысты аражігін ажыратып, оқырмандарға заңдылығын түсіндіре кетсеңіз?
— Сіздің айтып отырған мәлімет бейресми дерек көздерінен алынғанымен, біз білім ұйымдарына тексеріс барысында мұндай фактілерді кездестіріп жүрміз.
Дегенмен, ҚР «Білім туралы» Заңының «Білім беру ұйымдары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесі» 52-бабы 1-тармағында «Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен айқындалады» деп анық көрсетілген.
Нақтырақ айта кетсек, осы баптың 7-тармағында: «Мемлекеттік білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие процесін тікелей жүзеге асыратын педагог қызметкерлерге айлық жалақыны есептеу үшін аптасына нормативтік оқу жүктемелері былайша белгіленді. Айталық, 18 сағат бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары, білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қосымша білім беру ұйымдары, мамандандырылған және арнайы білім беру ұйымдары үшін деп белгіленді.
Сондай-ақ, 24 сағат мектепке дейінгі ұйымдар және мектепке дейінгі тәрбие берудің мектепалды топтары және білім беру ұйымдарының мектепалды сыныптары, сонымен бірге, балалар мен жасөспірімдердің спорттық білім беру ұйымдары үшін деп көрсетілді.
30 сағат интернаттық ұйымдардың, демалыс лагерьлерінің, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары жатақханаларының тәрбиешілері үшін де белгіленеді.
25 сағат арнайы білім беру ұйымдары және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының тәрбиешілері үшін де белгілі норматив бар. Нормативтік оқу жүктемесі белгіленбеген білім беру ұйымдары қызметкерлерінің жұмыс уақытының ұзақтығы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес белгіленеді» деп айқын көрсетілген.
Бұдан артық сағат жүктемесін бөлу білім беруде сапаның төмендеуіне әкеліп соғады. Оқу жүктемесінен артық сағат мұғалімнің сабақ беруіне және шығармашылықпен жұмыс жасауына кедергісін тигізеді. Сонымен қатар, қала мектептерінде зейнеткерлік жастағы мұғалімдердің оқу жүктемесі 26-27 сағатпен, ал, жас маман алты сағат оқу жүктемесімен сабақ беруде. Әр мұғалім заман талабына қарай жаңа идеялардың жаршысы болып ізденуі, үнемі өз білімін жетілдіруі тиіс. Зейнеткерлік жастағы мұғалімдеріміздің де мектепте жүргені, әрине, жаман емес. Оның тәлім-тәжірибесі бір төбе. Олар жас мамандардың тәлімгері, ақылшысы болуға тиіс. Ал, жастар үлкеннен өнеге мен тәрбиені ала отырып, сапалы білім мен саналы тәрбие берудің жолында қызмет ету — олардың азаматтық борышы.
— Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбатты жүргізген Айгүл ЕРТІЛЕУ.