Биылғы ҰБТ-ның ЕРЕКШЕЛІГІ ҚАНДАЙ?

b898a3abf4d646b78ad06b1f89a5e756 Білім

ӘР ОҚУ ЖЫЛЫ САЙЫН 11 СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫ ҰЛТТЫҚ БІРЫҢҒАЙ ТЕСТІЛЕУДІ ОЙЛАП, САРЫ УАЙЫМҒА САЛЫНАТЫНЫ БЕЛГІЛІ. АЛДАҒЫ ҮЛКЕН СЫНАҚТАН СҮРІНБЕУ ҮШІН ҚАЗІР ДЕ МЕКТЕП БІТІРУШІ ТҮЛЕКТЕР ҚЫЗУ ДАЙЫНДЫҚ ҮСТІНДЕ. АЛ, БИЫЛҒЫ ҰБТ-НЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ ҚАНДАЙ? ЖҮЙЕГЕ НЕНДЕЙ ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛДІ? БҰЛ ТУРАЛЫ ӨТКЕН СЕНБІДЕ С.ӨТЕБАЕВ АТЫНДАҒЫ АТЫРАУ МҰНАЙ ЖӘНЕ ГАЗ УНИВЕРСИТЕТІ ЖАНЫНДАҒЫ Н.БАЛҒЫМБАЕВ АТЫНДАҒЫ ДАМУ ЖӘНЕ КОММУНИКАЦИЯЛАР ОРТАЛЫҒЫНДА ӨТКЕН АТА-АНАЛАР ЖИЫНЫНДА ЖАН-ЖАҚТЫ АЙТЫЛДЫ.

Іс-шараға Атырау қаласындағы №3, №30, №19 мектеп-гимназиялары мен №16 мектеп-лицейі және №28 орта мектеп ата-аналары қатысып, тестілеуге байланысты ақпараттар алып, көкейде жүрген сауалдарын қойды. Жасөспірім үшін ҰБТ мамандық меңгеру жолына қадам басар маңызды сәт болғандықтан мұғалім, ата-ана тарапынан да айрықша қолдау күтеді. Сондықтан, жиынға қатысқан облыстық білім беру басқармасы басшысының

орынбасары Айнагүл Дүйсекенова осындай сәтте ата-аналар мектеппен тығыз байланыста болып, баланың сынаққа дайындалуына толық жағдай жасауы керектігін айтты. Сондай-ақ, мамандық таңдау бойынша берілген кеңестерге аса мән беру қажеттігін қаперге берді.

– Мектеп бітіруші түлектердің ата-аналары балаларының мамандық таңдауларына бағыт-бағдар бергені дұрыс. Биыл еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға берілген мемлекеттік гранттардың бірқатары игерілмей қалды. Түлектер ата-аналарының естен шығармауы тиіс басты қағидасы – отбасының өзара түсіністік танытуы, қолдау көрсетуі, құрмет пен сыйластық, сүйіспеншілік әлеуетін арттыруы, – деді ол.

ҰБТ – ға байланысты басты өзгерістердің бірі колледж түлектеріне қатысты болып отыр. Атап айтсақ, егер колледж түлегі ақылы негізде өз мамандығы бойынша оқуды жалғастырғысы келсе, ҰБТ тапсырмайды. Яғни оның ақылы негізде жоғары оқу орындарына қысқартылғаноқыту мерзімдерін көздейтін білім беру бағдарламаларына түскісі келсе, аталған сынақты ойлап алаңдамауына болады. Талапкер құжаттарын жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына өткізсе жеткілікті.

Жалпы, ҰБТ-ға қатысушы бес пәннен сынақ тапсыратыны белгілі. Үш міндетті пәнге Қазақстан тарихы (20 тапсырма), оқу сауаттылығы (15 тапсырма), математикалық сауаттылық жатса (15 тапсырма), қалған екеуі 35 тапсырмадан тұратын түлектің таңдаған мамандығы бойынша берілетін бейіндік пәндер. Биылғы оқу жылында ҰБТ-ғы сұрақтар саны өзгерген. Оқу сауаттылығынан 15 сұрақ берілсе, онда 5 сұрақтан 3 мәтін болады (200-350 сөз). Ал, Қазақстан тарихынан 20 сұрақ, яғни бір дұрыс жауапты 10, мәнмәтін негізде 10 тапсырма беріледі. Сонымен қатар, ата-аналарға дистракторлардың (жауап нұсқалары) да өзгергені туралы хабарланды. Тестілеудің жалпы уақыты – 240 минут болса, жоғары балл – 140. Ал, шекті балл әр сала бойынша ЖОО-да әртүрлі. Мәселен, ауыл шаруашылығы және биоресурстар, ветеринария – 60, денсауық сақтау – 70, құқық педагогикалық ғылымдар – 75, ұлттық ЖОО – 65, қалған ЖОО-дар – 50. Сондай-ақ, талапкер ең кемінде әр пән бойынша 5 балл жинауы тиіс. Шекті баллмен қатар ерекше білім қажеттілігі бар балалар үшін қосымша 40 минут беру, экранда калькулятор, Менделеев және тұздардың ерігіштік кестесінің болуы, ҰБТ-дан кейінгі тақырыптық талдау, әрбір тест нұсқасын таңбалау, «1 компьютер – 2 камера – 1 тестілеуші» қағидаты, тегін онлайн сабақтар ұйымдастыру, тегін онлайн тестілеудің қолжетімділігі секілді бағыттар еш өзгеріссіз қалып отыр.

Аталған іс-шарада осы және өзге де жаңалықтар туралы айтылып, «Зияткер» мамандандырылған мектеп-лицейінің психологі А.Әжігерей ата-аналар үшін пайдалы тренинг өткізді. Мұндай ата-аналар жиналыстары алдағы уақытта кезең-кезеңімен облыс орталығындағы барлық мектептердің ата-аналары үшін ұйымдастырылатын болады.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз