Жарнама
Білім

«BINOM»-дағы бір күн

Атыраулықтар асыға күткен Атырау облысы әкімдігі мен «BI Group» құрылыс компаниясы арасындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтерген оқу ордасының ғимараты алыстан «менмұндалайды». Бүгінде түске дейін 2000, түстен кейін осынша оқушы білім алатын мектепке ағылған көлік те, жаяу жүргіншілер де аз емес. Жазғы уақытта баласын осынау заманауи мектепке беруге асыққан ата-аналардың жанайқайының аз болмағаны да рас.

Қазір мектептегі білім беру жүйесі көптің көңілінен шыға ма? Заманауи білім ордасы жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шәкірттерді тәрбиелеуде қандай жетістіктерге қол жеткізіп үлгерді? Біз осы сауалдарға жауап іздеп, «Нұрсая» шағынауданындағы Әл-Фараби атындағы Binom School мектеп-лицейіне жол тарттық.

Мектепке жеткізер жайсыз жол

«Жолдың жайын жүрген білер» демекші, аталған білім ордасына жеткізер жолдың жағдайы көңілді көншітпейтіні рас. Қазіргі ауа райының қолайсыздығында бұл мәселе тіпті өткір тұр. Ол жаяу жүргіншіні де, көлік жүргізушілерін де біраз әуре-сарсаңға салуда.  Өйткені, құрылысы бітпеген жол ойдым-ойдым. Әбілхайыр хан даңғылынан түсіп, мектепке жеткенше жайсыз жолдың кесірінен кім-кімнің де абайлап жүрмесіне болмайды. Шұрық-тесіктің барлығы жауын-шашынның суына лықып, толып тұр. Жаяу жүргіншілер жолы мүлдем жоқ. Балалардың жол бойындағы қауіпсіздігі мүлдем сақталмаған. Балшыққа батқан көлік те әуре-сарсаңға түсуде. Көлігінің балшықтан оңайлықпен шықпайтынын білген жүргізуші сабақтан кешігіп бара жатқан қызын көліктен көтерген бойы мектепке жаяу жүгіре жөнелді.

«Жол азабы – көр азабы» деп жолда тұрғандардың бірі, Атырау қаласының тұрғыны Ізбасар Қабиев. 

7b925b2f 294f 4399 bb3b d9a0007cd434

– Сөз жоқ, былтыр пайдалануға берілген білім ордасында «оқимын, білім аламын» деп ұмтылған балаға мұнда барлық жағдай жасалған. «Соғылған қоңырауының дауысына дейін ерекше» деп мектепке алғаш барғанында қызым да таңданысын жасыра алмаған. Айтпағым, мектепке дейінгі жол мәселесі тұрғындардың орынды ренішін туғызады. Мұнда жаяу жүргіншілердің арнайы жолы жоқ. «2000 бала оқитын мектепті салған құрылыс компаниясы жолға соншалықты неге немқұрайлы қараған?» деп еріксіз ойланамын. Айтпақшы, бұл нысанды салған жай құрылым емес, Қазақстанның құрылыс индустриясының флагманы саналатын BI Group құрылыс компаниясы ғой, — дейді ол.

Жасыратыны жоқ, мектепке жеткізер жолдың мәселесі өзекті. Жуырда жол-көлік оқиғасына себепкер болып, жүргізушінің  қашып кеткені де осы тұста орын алғаны рас.

Жайлылық пен жылылық лебі

Ал, әлемнің озық мемлекеттеріндегі атақты білім ошақтарынан кем түспейтін нысанда оқушылардың еш алаңсыз оқуы үшін қажетті барлық жағдай жасалған. Мектептің кіреберісінен-ақ мұндағы жайлылық пен жылылықтың лебі есіп тұр. Біз есіктен ентелей кіргенімізде әсем әуен естіліп, балалар дәлізге шыға бастады. Әуенмен көңіліміз жайлана бергені сол-ақ еді, алдымыздан мектеп директоры Өнербек Ерғалиев шығып, мұның әр пән сайын соғылатын қоңырау сыңғыры екенін айтты.

6c8efa3d 8625 425e b64d 2ec078edb712

– Мектеп-лицейде қоңырау күй ойнау, түрлі әуендер арқылы соғылады. Алдағы уақытта қоңырау сыңғырында Абайдың қара сөздерін оқыған оқушылардың өздерінің аудиожазбасы жіберіледі. Бұл үшін дауыс мәнері жоғары, дикциясы жетілген оқушыларды таңдап алдық. Енді олар арнайы студияда дауыстарын жаздырады. Бұл жас ұрпақтың Абайтануға деген құштарлығын арттыруға да зор серпін береді, — дейді Ө.Ерғалиев.

Білім ордасының кітапханасына бет алдық. Мұнда ең алғаш 65 млн. теңгеге 10044 кітап алынған. Одан кейін «Теңізшевройл» компаниясының «Теңіз жүрегі» жобасы бойынша 2000 кітап сыйға тарту етілген. Байқасақ, сөрелерде әлемдік классикадан қазақ тіліне аударылған кітаптар көп.

binommm1

Кітапханада 75 компьютермен қамтылған «Таным» орталығы жұмыс жасайды. Мұнда балалар түрлі конкурстарға, ғылыми жобаларға дайындалады, қалаберді бұл орталықта ҰБТ сынағын өткізуге де болады екен. ХІ сыныптар үшін кейбір сабақтар осы орында өтеді.

– Мұнда штаттық негізде екі қызметкер еңбек етуі керек. Қазір кітапхана меңгерушісінің орны бос. Бізде кітапхана үздіксіз жұмыс жасайды. Түрлі шаралар қолға алынады. Бұл жерге жұмысқа қабілетті, еңбексүйгіш маман керек, — дейді мектеп директоры.

Кәсіби дамуға басымдық мол

Білім ордасын аралай жүріп, мұндағы жаңашылдықтармен таныстық.

– Біз көпшілік күткендей сиқырлы мектеп емеспіз, мемлекеттік стандарт бойынша білім беріледі. «BINOM» мектептері «жайлы мектептерді» жүзеге асыруға себепші болған. Біздегі басты ерекшелік – мұғалімнің кәсіби дамуына үлкен қолдау көрсетіледі. Басқа білім ошақтарында мұғалімдер үш жылда бір рет курстан өтсе, бізде әр каникул сайын білімін жетілдіруге баса мән беріледі. Білім саласында айтары мол, республикалық, халықаралық деңгейдегі сарапшыларды оқу ордасына шақырып, форум, семинарлар өткіземіз. Келесі жылға дейін ұстаздарды Сингапур, АҚШ, Италияға жібереміз. Былтыр Жапония мен Хорватияға барып, онкүндік тағылымдамадан өткендер бар. Бастауыш сыныптағы педагог-шебер Айнұр Мұстафина Жапонияда алған тәжірибесін қазір өз жұмысына кеңінен қолдануда, — дейді Ө.Ерғалиев.

Айнұр Мұстафинаның айтуынша, жапондық оқушылар «Мен бармын» әдіс-тәсілі арқылы сыныпқа кірерде өздерінің аты-жөндері жазылған тақтайшаның түстерін ауыстырып, сабаққа келгені туралы белгі береді. Тақтайшаның ақ жағы көрініп тұрса, оқушының сыныпта, ал егер қызыл түс ауыспаса, сабақта жоқтығын білдіреді. Бұл өзі болмашы нәрсе секілді көрінуі мүмкін. Бірақ, мұның астарында оқушының өз-өзіне жауапкершілік жүктеу мәнері жатыр.

– Жапонияда сапалы білім үшін ең алдымен уақытты тиімді пайдалану – басты мақсат. Сонымен қатар оқушылардың бір-біріне деген құрметіне, сыйластығы мен сөйлеу мәдениетіне баса ден қойылған. Соның нәтижесінде оқушылар баға емес, сапалы білімнің маңызды екенін әбден ұғынған. Біз де осындай түсінік қалыптастыру мақсатында балалармен тікелей жұмыс жасаудамыз, — дейді А.Мұстафина.

binomm5

Білім ордасындағы тағы бір ерекшелік, оқушылар үшін сабақтан тыс уақытта kinotime ұйымдастырылады. Мұнда 312 орындық акт залы, 48 орындық кино залы бар. Оқушылардың қауіпсіздігі үшін дабыл сигналдары, 198 бақылау камерасы жұмыс жасайды. Қатаң тәртіп болуы үшін ер балалардың әжетханасына да жуырда камера орнатылған. Бейнебақылау құрылғысындағы жазбалар 45 күн бойы сақталады екен.

Жоғары және бастауыш сыныптарға арналған 2 спорт залы бар. Бір өкініштісі, мектепте барлығы 160 сынып болғандықтан 3 сыныптың дене шынықтыру сабағы  бір уақытта бір спортзалда өтеді. Бұдан басқа кіші ойын залы жасақталған, мұнда белгілі дзюдошы Сұңғат Закарьяевтың жетекшілігімен күрес секциясы ашылып жатыр.

Жалпы мектепте 22 қосымша үйірме бар, оның алтауы ақылы. Атырау волейбол командасымен келісім-шарт жасақталған. Садақ ату бойынша «Жебе Атыраумен» тығыз байланыс орнатылған. Кондитерлік өнімдер пісіріп үйрету, жедел қимылдайтын арнайы жасақ курстары да бар. Шахмат, ағылшын, футбол үйірмесіне тіркелушілер саны көп. Шахмат пен футболға 600-800 оқушы кезекте тұр екен.  Мектеп басшысының айтуынша, үйірмелерге балалардың барлығын бірдей қамту әрине, мүмкін емес. Кезекке қойылған оқушыларды жаттықтырушылар өздері реттеп отырады.

binom 6

Спортзалда «Атырау» футбол клубының түлегі Арсен Серікқалиевпен кездестік. Жеті жасынан бастап футболмен айналысатын ол – бүгінде кәсіби футболшы. 21 жасында «Астана» командасына қарсы үздік дебют жасапты. Бүгінде аталған мектепте футболдан жаттықтырушы әрі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Футболды жаны сүйетін Арсен аталған клубқа қайтадан шақырту түссе қуана-қуана баратынын жасырмайды.

Жаңа жоба: «Оқитын мектеп»

Балаларды гаджеттен алшақтатып, кітаппен достасуға үйрету – басты мақсат. Өйткені, жасыратыны жоқ, бүгінде арнайы зерттеулердің нәтижесінде облыста балалардың оқу сауаттылығының төмен екені расталып отыр.

binomm 3

– Мұндай олқылықты түбегейлі жою керек. Осы мақсатта «балаларды қайтсек кітаппен достастырамыз?» деген сауалмен «Оқитын мектеп» жобасын іске қостық. Ақпан айына әр сыныпқа «Жусан исі», «Көксерек», «16 жастағы чемпион» немесе «Жекпе-жек» секілді кітаптар таңдалды. Оқушылар 26-29 ақпан аралығында «Таным» орталығында өздері оқыған кітаптары бойынша тест тапсырады. Нәтижесінде «Үздік оқырман» және «Үздік сынып» анықталып, жеңімпаздар марапатталады. Бұл ай сайын тұрақты жүргізіледі, кітаптарды жаңартып отырамыз. Бұдан басқа  «reading timе»  жобасы бойынша гуманитарлық пәндер басталмас бұрын әр сынып оқушысы 5 минуттан әдеби кітаптарды оқу да қолға алынды, — дейді Ө.Ерғалиев.

Тазалық – басты назарда

Бір сүйсінерлігі, мектепте тазалыққа баса мән берілген. Дәліздерде қоқыс салатын эко жәшіктер қойылған. Бұлар алдағы уақытта түрлі-түсті жәшіктерге ауыстырылады. Әрбір сыныпта автоматтандырылған кварцтау құрылғысы орнатылған.  Тазалау жұмыстарын арнайы компания жүргізеді. Сабақ аяқталған соң толықтай түнгі тазалық жұмыстары жасалады. Ал, сабақ кезінде арнайы мамандар кезекшілікпен сүрту, жуу жұмыстарын атқарады.

b9e099db 5d9f 4800 a179 a9f73604ad8f

Әр сыныпта әрбір оқушыға арналған шкаф-локер қойылған. Әрқайсысының сыртында Қазақстанның көрнекті жерлері, информатика ғылымындағы атаулар, химиялық элементтер туралы мәліметтер сақталған QR кодтар бар. Бастауыш сынып оқушыларының локерінде атақты ғұламалардың айтқан сөздері, көбейту кестесі, ағылшын әріптері, ағылшынша  сөздер, 200 мемлекеттің туы, атауы деген сияқты түрлі элементтер қолданылған. Мектеп бөліктеріне Сарайшық, Баянауыл, Ордабасы, Іле Алатауы, Божыра шатқалы деген сияқты атаулар берілген. Бұл оқушылардың танымдық ой-қабілетін арттыруға бағытталған және оқушылар үшін мектепте навигатор есебінде жазылған. Сондай-ақ, мұнда «жоғалған заттар» жәрмеңкесі әр сенбі сайын ұйымдастырылады.

«Face ID»: неге жүзеге аспады?

Мектептің электрмен қамтылуын, инженерлік, күзет жұмыстарын арнайы компаниялар жүзеге асырады.

Айтпақшы, кіреберісте автоматтан-дырылған «Face ID» қолданысқа енгізілуі қажет болатын. Бірақ, бұл жүйе сәтті жүзеге аспапты. Мұның себебін мектеп басшысы былайша түсіндірді.

– Экран әрбір оқушыны 10 секунд фотоға түсіреді. Одан кейін экран оқушыны таныған соң есік тым тез ашылып, қатты жабылып қалады. Балалар өзі кіріп үлгерсе, сөмкесі қыстырылып қалып жатты. Бұл әсіресе бастауыш сынып оқушылары үшін ыңғайсыз болды. Сондықтан, бұл тәсілді қолданысқа енгізбедік. Ендігі уақытта карточка соғу арқылы кіріп-шығу жүзеге асырылады,  — деді Ө.Ерғалиев.

6a12f1a9 0d6c 40d3 957a a9c953fd0abb

Мектепте 242 педагог болса, оның 70 пайызы жас мамандар. Білім сапасы  бірінші тоқсанда 46 пайыз болса, екінші тоқсанда 42 пайызды құрады. Пәндік олимпиада бойынша қалалық деңгейдегі мектептер арасында ІІІ орында, ал облыстық деңгейдегі мектептер бойынша үздік ондыққа кірген. Бір оқушы республикалық олимпиадаға жолдама алған. Спорттан ұлттық мектеп лигасы аясында республикалық деңгейге  өткен командалар бар. Биыл мектеп-лицейді 50 түлек бітіреді. Оның ішінде біреуі «Алтын белгіге» үміткер және осы оқушы IELTS емтиханынан 7 балл жинаған. Бұл – Атырау облысы бойынша жоғары көрсеткіш.

BINOM мектептері арасында В-FEST фестиваль-байқауы ұйымдастырылады.  Астана қаласында өтетін конкурсқа Әл-Фараби атындағы мектеп-лицейі В-ART номинациясы бойынша өнер көрсетеді. Кастингтен өткен 20 оқушы қойылымға дайындалады. 

Жаңа орта, жаңаша көзқарас

Қазір бастауыш сыныптар айлығы басталды. Осының негізінде балалар  қоңырау кезінде түрлі ойындар ойнап, уақытын текке өткізбеуді әдетке айналдырған.

– Мектебіміз «Аманат» білім беру тұжырымдамасына сәйкес оқушылардың бойына құрмет, қамқорлық, жауапкершілік, еңбекқорлық секілді құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған. Сол мақсатта бастауыш сыныптар бойынша ай бойына жоспарланған «Құндылыққа бағдарланған оқыту мен тәрбиелеу – бастауыш сыныпта» тақырыбындағы шаралар басталды. Осы жоспар негізінде міндеттелген іс-шаралар жоғары деңгейде өтуде. Апталықтың ашылуында 4 «е» сынып оқушылары қасықтармен «шулы оркестрдің» дыбыстарын салып,  мектепке келген оқушылар мен ұстаздарға керемет көңіл-күй сыйлады, — дейді  бастауыш сынып мұғалімі, педагог-зерттеуші Балшырын Шәкірова.

Педагогика саласында тоғыз жылдық еңбек өтілі бар Балшырын Ғимыранқызы бүгінде «BINOM» ұстанған бағыт бойынша оқушылар өз бойларына жақсы қасиеттерді, сапалы білімді сіңіріп жатқанын да атап айтты.

–  Оқушыларға алған білімдерін өмірмен ұштастырып, оны қолдана алуына әсер ету үшін үнемі ізденіп жүремін.  Мен бүгінгі біліміммен шектеліп қалмай, кәсіби жетілу, тәжірибе алмасу мақсатында Сингапур еліне барғым келеді. Сингапур мемлекеті білім беру жүйесінде жан-жақтылығымен ерекшеленеді, — деді Б.Шәкірова.

1ced6474 7d69 4fa7 a8b3 23a4fe4732fd

Юлия:

«Қазақ тілі – тірегім»

Мектепте 10 өзге ұлт өкілінің ұстазы қызмет етеді. Оның бірқатарының қазақ тілінде еркін сөйлейтіні бізді таң қалдырды. Орыс ұлтының өкілі Юлия Трофимова – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Ол Құрманғазы ауданы Құрманғазы селосында дүниеге келген. Астрахан университеттерінің бірінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығында оқыған. Жоғары оқу орнын бітірген соң Астраханда үш жыл мұғалімдік жұмыс жасайды.

–   Әкем Вадим орыс, анам Изольда. Үйде Зинаида есімді әжем бар. Біздің ұлтымыз өзге болғанымен, жанымыз, жүрегіміз қазақ. Әжем қазақтың салт-дәстүрлерін жетік біледі. Жұма сайын жеті шелпек пісіреді. Үйде бәріміз қазақша сөйлесеміз. Мектеп кезінде Абайдың әндерін жатқа айттым. Қазір қазақ тілі курсына қатысып, білімімді одан әрі жетілдіргім келеді. Психологиялық бағыттағы кітаптарды көбірек оқып жүрмін. Мектепте сабақтан тыс уақытымды кітапханада өткіземін, — дейді Ю.Трофимова.

P.S. Мұндағы білім беру процесінде олқылық жоқ. Керісінше, сабақтардың заманауи форматта жаңғыртылып, оқытылып жатқанына куә болдық. Ұстаздардың рейтингісін бағалау үшін әрбір сыныптың есігінде QR код қойылған. Бұл арқылы мұғалімнің сабақ беру процесі бағаланады да, оқу жылының соңында әрбір педагогтың жұмысына талдау жасалады.

P.S.S. Осы мектепке қатысты бір ғана мәселе – жолдың жайы екенін баса айтқан жөн. Бұл жұмыс мектеп директорының құзыретіне кірмесе де, аталған мәселенің мән-жайын сұрап білген едік.

– Жол бойынша «Казтехсервис» ЖШС тендерді ұтып алды. Қазір қажетті құжаттардың барлығы жасақталып, аяқталды. Құрылыс жұмыстарына жеткілікті қаражат бөлініп тұр. Жауапты компания ауа райы жылынған соң бұл жұмысқа кіріседі. Алдымен Әбілхайыр хан даңғылы мен Т.Шамелов көшесін қосады. Одан әрі мектепті айналдыра жаяу жүргіншілер жолы жасалуы тиіс. Көліктердің кептелісі болмауы үшін «парковкаларды» кеңейтіп, айналма жол салу жөнінде біздің тараптан ұсыныс айтылып, жауапты органдарға ресми хат та жазылды. Ендігі уақытта осының барлығы оң шешімін тапса мектеп алдында ешқандай кептеліс орын алмас еді, — деді Өнербек Асылбекұлы.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button