Сағыныш сезімімен егіз ұғым іспеттес сары күз ел өмірінде елеулі өзгеріспен есте қалатын болды. Мемлекет басшысы халыққа жыл сайынғы Жолдауын жариялады. Халықтың әл-ауқатын арттыру алдыңғы кезекке қойылып, адами капиталды дамыту жайы ерекше назарға алынған маңызды құжатты қазақстандықтар жылы қабылдады. Әсіресе, қоғамдағы айшықты орны төмендеп бара жатқан мұғалімдердің мәртебесі мен бас ауырып, балтыр сыздай қалса, баршаның өміріне араша түсетін дәрігерлер жалақысын көтеру, барлық мемлекеттік қызметті цифрлық жүйеге көшіру сынды маңызды мәселелер еңсені көтерді. Тапсырма берілді, мақсат айқындалды. Ендігі кезек – оның орындалысында.
Мемлекеттің құнды капиталы – адам факторы. Жан-жақты дамыған, замана көшіне ілескен, көзі ашық, көкірегі ояу, білімді халқы бар елдің қамалын ешкім бұза алмайды. Тіпті, табиғат сыйы – пайдалы қазбаларға бай болып, шекесі шылқып отырмаса да, еңбекқор, жаңашылдыққа жаны құмар жұртының арқасында әлемге аты әйгіленген елдер аз емес. Демек, қарқынды экономиканың негізгі қозғаушы күші – шикізатпен қатар, адами капиталды дамыту керек. Ұлы Абай айтпақшы, «адам өмірге келгеннен есті болып тумайды». Өсе келе айналасындағылардан тәлім-тәрбие алып, солардан үйренгенін, көргенін істейді. Ал, саналы азамат, тұлға етіп қалыптастыратын ұстаздардың орны бөлек.
Маңызды құжаттан туындайтын басқа да міндеттерді жергілікті жұртпен бірге талқылап, шешімін күткен түйткілдерді бірлесіп шешу мақсатында ақпараттық топ өкілдері аймақтарды аралап жүр. Сондай кездесулер өңірдегі оқу орындарының бірінде өткізілді. Әдеттегідей емес, бұл жолы насихаттық топ өкілі салақұлаш баяндама оқымады. Жолдаудағы негізгі аспектілерді өзінің өмір тәжірибесімен бөлісе отырып әңгімеледі. Иә, бірнеше сағатқа созылатын «сірескен» жиынға ұқсамаған еркін форматта өткен жүздесу әлдеқайда қызығырақ болды. Студенттер де жалықпады. Қайта бірнеше тілді еркін меңгерген топ мүшесіне өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Айтсақ, өзімізге сын, бірақ, аға буын өкілдерінің топ мүшесінің ағылшын тілінде емін-еркін әңгімелескеніне таң қалып, алғыс білдіргеніне еріксіз мырс еттік. Осы біз қанға сіңген жағымпаздық қасиеттен қашан арылар екенбіз? Елімізге үш тұғырлы тіл саясаты әбден енген тұста Елордадан келген өкілдің шет тілде сөйлегеніне таңданыс білдіргеніміз қалай? Қазір мектеп оқушыларының өзі үш тілде «сайрайды» емес пе?
Кенет ақпараттық топ мүшесі шет тілдері факультетінде оқып жатқан студентке ағылшын тілінде сұрақ қоймасы бар ма? Қапелімде аузына сөз түспеді ме, әлде сасқалақтады ма, әлгі жас сауалға мардымды жауап бере алмады. Ең өкініштісі, «түсінбедім, орысша да білмеймін» деп, қысқа қайырды. Мәссаған, қарапайым сауалға өз жауабын бере алмаса, қалай студент атанып жүр? Астаналық өкілдің: «Бәріміз де жас болдық қой. Бірақ, ортада ойыңды айта алмасаң, жоғары оқу орнының табалдырығын неге тоздырып жүрсің? Оқуға зауқың соқпаса, орта білім алып, еңбекке араласқаның дұрыс. Кейін тәжірибе жинақтағанда қосымша жоғары білім алуға болады ғой» деген кеңесінде үлкен мағына жатқанын ұқтық. Сонда біздегі білім беру деңгейі осындай болғаны ма деген ой мазалағаны рас. Әлде бауыр еті – баласын қалай да жоғары оқу орнына түсіремін деп қабілет пен қарымына назар аудармаған ата-ана кінәлі ме?
Жасыратыны жоқ, қай әке мен ана да ұрпағының жоғары білім алып, жалақысы жақсы жұмысқа орналасқанын қалайды. Мектептің 9-10 сыныбында оқып жүрген кезде-ақ баламен кеңесудің орнына «мына жоғары оқу орнына түсесің, осындай мамандық таңдайсың» деп «кесіп» айтатындарды да көріп, естіп жүрміз. «Әртіс боламын немесе шығармашылыққа бет бұрамын» десе, бірден келісім бермейтініміз де өтірік емес. Әрине, ата-ананы түсінбеске тағы болмайды. Балаға тек жақсылық қана ойлағандықтан, олардың болашағына алаңдауы заңдылық.
Бірақ, кейде «артық қыламын деп, тыртық қылатынымыз» да бар. Оның үстіне, бүгінгі таңда заңгер немесе экономист мамандықтары «трендке» айналды. Дәрігер мен мұғалімнің айлығы шайлығына жетпейді, құрылысшы болып, күні бойы далада жұмыс істегенін тағы қаламайды. Не болса да, жоғары білім дипломын алып, әйтеуір, бір кеңседе қатардағы қызметкер болсын деп армандайды. Алайда, баланың білімі мен білігіне назар аударып жатқан ешкім жоқ. Мамандық таңдауда да солай. «Экономист болсаң, жұмыссыз қалмайсың». Қазіргі таңда ата-аналардың ұстанатын принципі – осы. Ал, ақылы негізде оқып жатқандықтан, жоғары оқу орны да мұндай студенттен айрылғысы келмейді. Сөйтіп, білімсіз маманның қатары көбейеді.
Р.S: Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасы жөніндегі талаптарды күшейтуге қатысты тапсырмасы орын алған осындай кемшілікке тосқауыл болса игі. Әйтпесе, сандықтың түбінде жатқан күректей дипломнан не пайда? Миллиондаған қаржы жұмсап, қажетсіз құжат сатып алғанша, жүрек қалауымен, нарық талабымен мамандық таңдағанымыз жөн емес пе?
Айбөпе САБЫРОВА