БІЛІМДІНІҢ ҚОЛЫНДА БАР МҮМКІНДІК
Биылғы жылы аталған институтты 1367 түлек бітіріп, маман иесі атанды. Оның 45-сі «үздік дипломға» ие болды. Салтанатты жиынды институт ректоры, профессор Дүйсембек Құлжанов құттықтау сөзімен ашып, бітірушілерге сәттілік тіледі. Содан соң, түлектерге «үздік дипломдарды» табыстады.
Оқуда озат, студенттік өмірдің ғылыми-қоғамдық жұмыстарына белсене араласып, жетістіктерге қол жеткізген түлектер биыл да мантия киіп, дипломмен марапатталды. Олардың қатарында «Автоматтандыру және басқару» мамандығының түлегі Рүстем Бекмағамбетов, «Тұрмыстық қызмет көрсету» мамандығы бойынша Қатима Тусаева, мұнай және газ-кен орындарын игеру мамандығының түлегі Ардақ Рахманқұл, «Мұнай-газдың химиялық технологиясының» түлегі Әзиза Сафарова, сондай-ақ, Данияр Қуанышқалиев болды.
Түлектердің арасында мемлекеттік қызмет және өндірістік орындардан сұраныс түсіп, мамандықтары бойынша өз қызметтеріне кірісіп кеткендері біраз. Соның бірі — Ардақ Рахманқұл. Мұнай және газ-кен орындарын игеру мамандығының биылғы жылғы түлегі екінші курстың соңында өндірістік тәжірибеден өткен мекемеде жұмысқа қабылданған.
— Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласындағы американдық «Бейкер Хьюз» деп аталатын компанияда өндірістік тәжірибеден өттім. Кейін мені жұмысқа алып қалды. Қуаныштымын, шетелдік мамандардың қатарында жұмыс жасауды, өз білігімді көрсетуді армандайтын едім, қазір сол мақсатым орындалғандай. Өзім сонау Тараз қаласынан келіп, Атырауға оқуымның себебі де осы еді, — дейді Ардақ қуанышын жасыра алмай.
Салтанатты шарада сөз алған оқытушылар төрт жыл бойы білім берген түлектермен қоштасудың қиын екенін айтты.
Соңында ата-аналар, түлектер сөз сөйлеп институт ұжымына, оқытушыларға алғыстарын білдірді.
Н.НАСЫР.