Білімді ұлт – басты көрсеткіш
Атырау қаласында «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырған «Жаһандану жағдайындағы Қазақстан кәсіподағы: түйткілдері мен болашағы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.
Конференция жұмысын қатынасқан «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Майра Амантаева:
− Әрбір қазақстандық үшін «білімді ұлт» деген сөз – құрғақ сөз болмауы тиіс. Білім саласын датытуға бағытталған шаралар – қоғамды, ең бастысы, әр қазақстандықтың қоғамдық санасын жаңғыртудың негіздері. Оны іске асыруда ұстаздар қауымының рөлі ерекше. Білім саласын дамыту келешегі, мұғалімдердің әлеуметтік мәртебесін арттыру мәселесі Мемлекет басшысының Жолдауы аясында кең көрініс тауып отыр, — деп атап өтті.
Тарих ғылымдарының кандидаты, «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы:
–Елбасы алға қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін «бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығарып», ұйымшылдықпен жұмыс істеуге тиіспіз. Бұл жолда қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы оң нәтиже көрсететініне сенім мол,- деді.
«Рухани жаңғыру және білім мәселелері» баяндамасында тарих ғылымдарының кандидаты, Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің доценті Самат Есқалиев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлт жоспарын жүзеге асыруға және реформаларға белсенді қатысуға шақырды. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Әділбек Тұрдалиев пен Лев Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінің оқытушысы, заң ғылымдарының кандидаты, философия PhD докторы Айнұр Мұғауова да кәсіподақтардың еңбек ету құқығын қолдану жағдайындағы рөліне, қоғамдық сананы жаңғырту тұрғысында мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби құқықтық мәдениетін қалыптастыруға қойылатын талаптарға айрықша тоқталды. Конференция жұмысы екі секцияда жалғасты.
«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Майра Амантаева кәсіподақ қызметкерлерінің арасында республикалық ғылыми-практикалық конференцияның бірінші рет өтіп отырғанын айта келіп, жиынды ұйымдастыруға мұрындық болған «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлына шараға қатысушылар атынан алғыс білдірді.
Республикалық ғылыми-практикалық конференция «Педагог мәртебесі» туралы Заң жобасын талқылауда педагогтардың әлеуметтік мәселелерін шешуге, олардың қоғамдағы беделін арттыруға қарар қабылдады.
Жиынға қатысушылар Алтын орда, Ноғайлы, қазақ хандығы дәуіріндегі жеті хан жерленген «Хан ордалы Сарайшық» кешендік мұражай қорығына және Атырау облысының тарихи-өлкетану мұражайына саяхат жасады.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА