Жарнама
Білім

«Білім сапасы – кемел келешектің кілті»

ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев 2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты Қазақстан халқына жолдауында білім саласын дамытуға қатысты былай деген болатын: «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек».

Осы орайда білім ұйымдарының және сала қызметкерлерінің басты міндеті – заманауи, халықаралық талаптарға сай салынған мектептерде сапалы тәрбие мен білім беруді қамтамасыз ету. Мемлекет дамуының негізгі қозғаушы күші жастар десек, өскелең ұрпаққа берілген білімнің сапасы – кемел келешектің кілті. Қоғамның өркениет биігінен көріне білуі де, руханият пен мәдениеттің дамуы да, елдің әлеуметтікэкономикалық өрлеуі де азаматтардың білімінің бәсекеге қабілеттілігіне тәуелді. Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтқанда «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін білім».

Атырау облысының білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің (одан әрі – департамент) негізгі функциясы – білім беру саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру болып табылады және өз қызметін Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңы мен «Кәсіпкерлік кодексі» нормаларына сәйкес ұйымдастырады, «Педагог мәртебесі туралы» ҚР заңы мен «Әкімшілік-құқықбұзушылық кодексі» аясында әрекет ету шараларын қабылдайды. 2022 жылы өткізілген мемлекеттік бақылау шараларының жалпы саны 101 (35 мектеп, 66 балабақша), оның ішінде мемлекеттік аттестаттаумен 66 (25 мектеп, 41 балабақша), қайта мемлекеттік аттестаттаумен 37 білім беру ұйымы (12 мектеп, 25 балабақша) қамтылды.

Мемлекеттік аттестаттау жылдық жоспарға сәйкес 66 білім ұйымында (41 балабақша 25 мектеп) жүргізіліп, нәтижесінде ешбір білім ұйымы алғашқыда аттестаттаудан өтпеген. Аттестатталмаған балабақшалар мен мектептер эксперттік комиссияның көрсеткен кемшіліктерін жоя отырып, 2022 жылдың 4 тоқсанында қайта аттестаттаудан өтті.

«Е-лицензиялау» порталы арқылы заңды тұлғалардан білім беру қызметін лицензиялауға (мемлекеттік қызмет) 2022 жылы барлығы 62 өтініш келіп түсті, берілгені 3 (4,8%), бас тартылғаны 59 (95,2%). Бастартудың негізгі себептері: біліктілік талаптарына сәйкес келмеуі, құжаттардың толық ұсынылмауы, өтініштің дұрыс рәсімделмеуі. Ғимаратты пайдалануға беру туралы құжаттардың, жер учаскесіне мемлекеттік актінің , материалдық — техникалық жарақтандырудың болмауы себебінен жаңа мектептердің лицензияны уақытылы ресімдемеу фактілері тіркелген. Яғни, мектеп құрылысы аяқталып, сабақтар басталғанымен, материалдық-техникалық қамтылуы талаптарға сай келмейді. Сонымен қатар, Атырау қаласында жаңадан ашылған 3 мемлекеттік және 4 жеке меншік мектептер рұқсат құжаттарын алмай білім беру қызметімен айналысып жатқандығы анықталды.

Бұл жөнінде облыстық прокуратураға, облыс әкімдігіне, жергілікті атқарушы органдарға хаттар жолданып, облыстық мәслихатта қаралды. Аталған 7 мектепке қатысты департаментпен Қазақстан Республикасы әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 463 бабы 1 тармағы бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, Атырау қаласының әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған сотына жолданып, сот шешіміне сәйкес әрқайсысына 25 АЕК (76036) тенге көлемінде айыппұл салынды. Білім беру құжаттарын апостильдеу – департамент жұмысының бір бағыты, мемлекеттік қызмет көрсету нысанына жатады. 2022 жылы апостильдеуге 520 өтініш түскен, барлығына уақытылы сапалы қызмет көрсетілді. Шығу елдері бойынша талдау ең көп Түркия мемлекетіне – 309 өтініш, Чехия – 55, Италия – 50, Корея – 43, Польша – 22 және т.б. елдерге өтініштер болғанын көрсетті. Департамент білім беру бағдарламаларының игерілуіне және олардың сапасына ұдайы талдау жүргізеді.

Сыртқы зерттеулердің, сондай-ақ оқу орындарын аттестаттау кезінде жүргізілетін тексерулер нәтижелері Атырау облысы оқушыларының білім сапасы соңғы жылдары еліміз бойынша ең төменгілердің бірі болып отырғандығы байқалады. Мәселен, «PISA-2018 қорытындысы бойынша функционалдық сауаттылықтың қалыптасу деңгейі» халықаралық зерттеуінің нәтижелері үш бағыты бойынша Атырау облысының нәтижелері еліміз бойынша ең төмен екендігін көрсеткен.

Бұл оқу сауаттылығы, математика, жаратылыстану ғылымдары. Облыста барлық үш бағыт бойынша функционалдық сауатсыз білім алушылардың ең көп үлесі байқалады:

білім алушыларының 84% оқу сауаттылығы деңгейі бойынша, математика бойынша 69% және жаратылыстану ғылымдары бойынша 80% төмен нәтиже көрсеткен.

Атырау облысы әкімдігінің тапсырысы бойынша 2021 жылы «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Атырау облысының 50 мектебінің білім беру қызметіне оқушылардың оқу жетістіктерін мониторингілеу, кәсіптік қиындықтарды, педагогтардың қажеттіліктерін диагностикалау, мектеп климаты мен инфрақұрылымын талдау арқылы зерттеулер жүргізді. 4 және 8 сынып оқушыларының оқу жетістіктеріне мониторинг жүргізілді (7437 оқушы қамтылды). 14 жастағы 11920 оқушының функционалдық сауаттылығын қалыптастыру тесті өткізілді.

Зерттеу нәтижелері мыналарды көрсетті:

Ауылдық мектептердегі оқушылардың білім сапасы қалалық мектептерге қарағанда 1,3% жоғары. 2021 жылы ауылдық жерлерде «Алтын белгі» белгісі мен ерекше үлгідегі аттестат иегерлерінің саны қалаға қарағанда 3 есе көп болған. Сыныптар бойынша білім сапасы 4 сыныптағы 63,5%-дан 10 сыныптың басында 51,2%-ға дейін төмендейді.

Осылайша, мектептер 5-9 сыныптар аралығында 12% білім сапасын жоғалтып отыр. Оқу жетістіктері мониторингінің нәтижелері:

— 4 сыныптар тапсырмаларды орындау 63% құрады:

математика 67% (орта), жаратылыстану 75% (жоғары),

Қазақ тілі 67% (орта), Орыс тілі 69% (орта);

— 8 сыныптар тапсырмаларды орындау 51,3% құрады: математика 52% (төмен), физика 51% (төмен), химия 56% (төмен), биология 59% (төмен), қазақ тілі 62% (орта), орыс тілі 72% (орта), қазақ тілі мен әдебиеті 65% (орта), орыс тілі мен әдебиеті 59% (төмен), ағылшын тілі 59% (төмен). 14 жастағы оқушылардың функционалдық сауаттылығының қалыптасу деңгейін талдау мыналарды көрсетті:

– математикалық сауаттылық – 28,3%;

– оқу сауаттылығы – 38,3%;

– жаратылыстану-ғылыми сауаттылық – 40,7%.

Көрсеткіштер облыс бойынша тесттің барлық бөлімдері бойынша функционалдық сауаттылықтың қалыптасуының орташа төмен пайызын (35,8%) көрсетеді. 100% үлгеріммен оқушылардың білім сапасы орта есеппен 50% құраған, яғни әрбір екінші оқушы «үштікке» үлгереді деген сөз. Ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) нәтижелерін талдау орташа балдың төмендеуі бес жылдық кезеңде орын алғанын (орташа есеппен 43% орындау) көрсетеді.

Оқу жылдары бөлінісінде ҰБТ-ның орташа балы:

2016-2017 – 65,5; 2017-2018 – 65,7; 2018-2019 – 60,2; 2019-2020 – 54,7; 2020-2021 – 55,8. Жоғары оқу орындарына түсу үшін түлектердің сапалы дайындығы жүргізілмейді. Соның салдарынан жыл сайын 75% мектеп түлектері мемлекеттік білім гранттарынан қағылып отыр.

2019-2020 оқу жылында мектепті бітірген 5286 түлектің 951 мемлекеттік білім гранттарын иеленсе (18%), 2020-2021 оқу жылында 5819 түлектің 1372 (23,58%),

2021-2022 оқу жылында 5749 түлектің 1419 (24,68%) мемлекеттік білім гранттарын иеленген.

Мемлекеттік және ұлттық университеттердің ақылы бөлімдеріндегі оқу ақысы шамамен 350- 970 мың теңгенің аралығында деп есептегенде, жыл сайын балаларын оқытуға орта есеппен облыстағы ата-аналардың 1,5-4 млрд. теңге қаражаты жұмсалып отыр деп болжауға негіз бар. Осылайша, балаларын ақылы бөлімде оқыту ата-аналардың отбасылық бюджетіне салмақ салуда, оның ішінде табыстары төмен отбасылар үшін бұл жағдай айтарлықтай қиындықтар тудыратыны белгілі. 2022 жылы облыстың 25 мемлекеттік күндізгі жалпы білім беретін мектептерін мемлекеттік аттестаттау өткізілді, оның барысында 4, 9 және 11 сынып оқушыларының білімі тексерілді, тестіленді (барлығы 3829 оқушы қамтылды). Сыртқы бағалауға қатысушылардың 47,2% республикалық мәндерден төмен нәтижелер көрсетті.

Барлық пәндер бойынша оқушылардың көрсеткіштері республикалық орташа мәннен төмен болды. Егер гуманитарлық пәндер бойынша айырмашылық 1,2-2,3 балды құраса, онда математика, физика, биология, химия бойынша республикалық орташа көрсеткіштерден артта қалу 3,35-4,1 балл шегіне жетеді.

Ал 2021-2022 оқу жылындағы мектептердің есептері бойынша үлгерімге назар аударсақ: 18757 оқушы «үздік» (13,65%) және 54040 оқушы «жақсы» (39,33%) үлгерген, бұл жалпы 53% құрайды.

Айталық, Павлодар (57,32%) және Батыс Қазақстан облыстары (55,76%) сияқты білім беру сапасы бойынша табысты өңірлермен салыстырғанда Атырау облысы оқушыларының ағымдағы көрсеткіштері тым алшақ емес, жақын десекте болады. Яғни, білім сапасына сыртқы бақылаулардың бұл көрсеткіштерді дәлелдемей отырғандығы — оқу процесінде мұғалімдердің оқушыларды жоғары бағалауы орын алып отырғанын көрсетеді. Осылайша, 2018 жылғы халықаралық зерттеулер мен 2021, 2022 жылғы білім сапасына жүргізілген мониторингілердің нәтижелері жақын екенін, яғни облыс мектептеріндегі оқушылардың білім сапасының тұрақты төмен екендігін байқауға болады.

Зерделеу нәтижесі Атырау облысының орта білім саласында тиімді менеджерлік басқарушылық деңгейінің төмендігін көрсетіп отыр. Ұжымды бір мақсатқа біріктіре білу, педагогтардың өз міндеттерін адал атқаруына жағдай жасау және бақылауды күшейту, ұжымда жайлы орта қалыптастыру және т.с.с. мәселелер, яғни мектепішілік бақылаудың негізгі бағыттарын тиімді жүзеге асыру деңгейінің төмендігі байқалады. Сонымен қатар, білім саласында уәкілетті органдар тарапынан білім мазмұнын қолдаудың жеткіліксіз екендігін айтуға болады. Қазақта «Оқу – білім азығы, Білім – ырыс қазығы» деген мақал бар, ал ырыс түбі – береке екендігін жақсы білеміз.

Ендеше қоғамымыз ынтымақ пен берекеге толуы үшін, әлбетте жастарымыз білімді, білікті, бәсекеге қабілетті болуы шарт. Осыған жауапты барлық уәкілетті мемлекеттік органдар өз қызметінде жауапкершілік деңгейін арттырғаны мақсатқа сай келеді деп ойлаймыз.

Қаныбек ЖҰМАШЕВ, ҚР «Білім беру ісінің үздігі», Атырау облысының білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button