Атырауда – республикалық шығармашылық жобалар байқауы

IMG 0801 14 04 17 04 58 Білім

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында «Менің бастауым — менің Отаным үшін» республикалық шығармашылық жобалар байқауы өтті.

IMG_0801-14-04-17-04-58

Байқаудың мақсаты — дарынды балаларды анықтау және қолдауға бағытталған балалар мен жастар бастамаларын дамытуға ықпал ету.

Жас ұрпақ назарын өзекті әлеуметтік мәселелерге аудара отырып, әлеуметтік-шығармашылық белсенділіктерін, өзін-өзі жетілдіру және дамыту қажеттіліктерінің ірге тасын қалау — бүгінгі қоғамның қасиетті парызы. Мектеп партасында отырған жасөспірімдердің азаматтық және құқықтық мәдениеті де ойландыратын өзекті мәселеге айналғаны ақиқат. Бастамалар мен инновациялық стартаптарды жүзеге асыру үшін алаң құру — заман талабы. Сонымен қатар, қоғамдық белсенділік пен әлеуметтік жобалау дағдысын дамыту үшін де үлкен дайындық қажет екені даусыз. Осы орайда шәкірттердің жобалық қызметтерінің табысты тәжірибесін бағалап, таратып және оларды іс-шараларға араластыру арқылы қосымша біліммен қамтудың қажеттілігі туындағанын да жасыра алмаймыз.

Жоғарыда айтылғандарға сәйкес, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тапсырысы бойынша өтіп отырған республикалық  сайысқа облыстардан, Астана мен Алматы қалаларынан еліміздің жалпы орта және қосымша білім беру ұйымдарынан 160  оқушы қатысты.

IMG_0805-14-04-17-04-58

Шараның ашылу салтанаты Атырау облыстық ұлттық гимназиясында өтті. Шығармашылық жобалар байқауына республиканың түкпір-түкпірінен келген оқушыларға Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев сәттілік тіледі:

– Бүгінгі республикалық байқауда бағын сынамақ болып келген жас өрендер! Елбасы жолдауында адами капиталды дамыту туралы міндеттер алға қойылғаны баршаға мәлім. Міне, мемлекет басшысының бұл тапсырмасы бүгін жалғасын табуда. Осы шараға облыстардан, Астана мен Алматы қалаларынан 160 оқушы қатысуда. Республикамыздағы Н. Назарбаев зияткерлік мектептері, гимназия мен лицейлер білімді ұрпақ дайындауда көшбасшы болып отыр. Бүгінгі шараға қатысып отырған әрбір үміткер — ертеңгі үлкен жетістік иесі. Сондықтан, баршаңыз да табысқа жетуге лайықтысыздар. Өз еңбектеріңізді қорғап, оны көпшілік алдында дәлелдей біліңіздер. Сәт сапар!

Байқау «Өз жылуыңмен бөліс», «Туған қалаға — игілікті істер», «Мен — Қазақстанның азаматымын»,  «Медиа жобалар» номинациялары бойынша өтті.

Гүлзада Ниетқалиева

IMG_0802-14-04-17-04-58

Қала қонақтарының пікірлері:

Еріктілер қоғамға ауадай қажет

Мен «Өз жылуыңмен бөліс» номинациясына «Еріктілер тобы және ерекшеліктері» деген шығармашылық жобаны дайындап әкелдім. Біздің мектебіміздің еріктілер тобы Орал қаласындағы облыстық онкология орталығына барып, сырқаттармен кездесулер, сұхбаттар, психологиялық ойындар өткізіп жүр. Ұранымыз – «Біз біргеміз!» Еріктілер тобының құрылғанына – төрт жыл. Жетекшіміз — Айнұр Әліпқалиқызы.

Алғашқыда дәрігерлер бізге тосырқай қарады, тіпті, елемеді. Ал, сырқаттар болса, біздің келуімізді асыға күтетін. Қазіргі таңда облыстық қатерлі ісік орталығындағы дәрігерлер, барлық медицина қызметкерлері бізді асыға күтеді. Өздері телефон шалып, шақырады. Өйткені, балалардың жан жылуы науқас жандарды сергітіп, серпілтіп, өмірге құштарлықтарын оятады екен. Осы жылдарда менің де өмірге деген көзқарасым өзгерді. Дүниеде ата-ана алақаны мен ұстаздар дәрісінен басқа да әлем бар екенін түсіндім. Ол әлем — ауру тырнағына ілігіп, бейдауа дертпен күресіп жатқан жандар. Мен сол адамдар жүрегінде үміт сәулесін оята алсам — адамзат алдындағы парызымның өтелгені. Сондықтан, алдыма дәрігер-онколог болу арманын қойдым.

Айгүл ЖҮСІПҚАЛИЕВА,

БҚО, Назарбаев зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы

 Жобаның берері көп

Жобаға республикамыздың барлық облысынан дерлік оқушылар қатысып, шығармашылық жобаларды ортаға салуда. Әрине, бір-бірімен танысып, ойларын ортаға салудың шәкірттерге үлкен ой, шабыт сыйлайтыны анық. Тіптен, ойға келмеген ғаламат идеяларды көріп, қуанып жүрміз. Бұл байқаудың берері көп.

Роза ШАЙМАНҚЫЗЫ,

Ақтөбе облысы, Ақтөбе қаласындағы «Дарын» орталығының әдіскері

Ғаламтор қасіреті туралы

Мен медиа-жобаға «Бүкіл әлемдік ермек — ғаламтор» тақырыбында шығармашылық жоба әкелдім. Өзін «Білім көзі» сайтын ашқан едім. Менің еңбегімде ғаламтордың адамзатқа әкелетін қасіреті туралы да сөз болады.

Айымгүл САЙЛАУОВА,

Индер ауданы, «Көктем» қазақ орта мектебінің 10 сынып оқушысы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз