
Білім-инновация лицейі жаңа ғимаратқа көшті
Атырау облысы білім беру басқармасының №2 «Білім-инновация» лицей-интернаты 2025-2026 жаңа оқу жылын ерекше қуанышпен бастады. 2015 жылы Жылыой ауданы, Құлсары қаласында ашылған бұл білім ордасы араға он жыл салып, Атырау қаласы, Талғайран ауылындағы жаңа, заманауи ғимаратқа қоныс аударып, алғашқы қоңырауын соқты.

Бүгінде лицейде 450 оқушы білім алуда. Соның ішінде 170 бала жаңадан қабылданса, 270 орындық интернатта шалғай ауылдардан келген оқушылар жайлы жағдайда тұрып, оқуға мүмкіндік алып отыр.

– Ел Президентінің тапсырмасы аясында өңірлерде сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету – басты басымдық. Бұл лицей тек Жылыой ауданы үшін емес, бүкіл облыс үшін маңызды білім беру орталығына айналды. Жаңа ғимарат заманауи талаптарға толық сай. Білім беру процесін тиімді жүргізуге барлық жағдай жасалған. Бұл – ауыл мен қала арасындағы білім теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты әрі нәтижелі қадам, – деді №2 «Білім-инновация» лицей-интернатының директоры Арман Шәріпов.
Жаңа лицейдің материалдық-техникалық базасы заман талабына сай жаңартылды. Сынып бөлмелері интерактивті тақталармен, қажетті цифрлық құрал-жабдықтармен толық қамтылған.

– Бұл лицейдің жаңа ғимараты — өңіріміздің білім саласына жасалған ірі инвестиция. Мұнда оқушыларға барлық заманауи жағдайлар қарастырылып, сапалы білім алуға толық мүмкіндік берілді. Сонымен қатар, лицейдің дамуы — аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң ықпал ететін стратегиялық маңызы зор жоба. Заманауи технологиялар мен инновациялық әдістерді тиімді пайдалана отырып, мұғалімдер мен оқушылар жаңа белестерді бағындырып, еліміздің білім беру жүйесінің алдыңғы қатарлы үлгісіне айналады деп сенемін, — деді облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов.
Бұдан бөлек, мектепке жоғары жылдамдықты интернет желісі тартылып, Edupage платформасы арқылы оқушылар, ата-аналар мен мұғалімдер арасындағы байланыс толық автоматтандырылды.

– Лицей 11 сыныптық, 38 мұғалім қызмет етеді. Олардың басым бөлігі – жоғары білімді, тәжірибелі мамандар. Жаратылыстану және математикалық пәндердің ағылшын тілінде жүргізілуі оқушылардың тілдік құзыретін арттырып, шетелдік жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігін кеңейтеді, – деді облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов.

Жас жеткіншектердің жетістіктері де сөзсіз. Лицей оқушылары республикалық және халықаралық деңгейдегі олимпиадалар мен байқауларда жүлделі орындар иеленуде. Жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық пән олимпиадасы, Қазақстан білім олимпиадасы, «Жарқын болашақ», ЮНИОР, Лингвистикалық олимпиада, «Ғалам сенің қолыңда» секілді түрлі байқауларда лицей оқушылары жүлделі орындарды иеленіп келеді. Сондай-ақ, «Ел үміті» жобасы аясында 24 оқушы Елбасы медалімен марапатталды. Лицейдің шығармашылық бағыты да жоғары деңгейде. «Біз жанбасақ лапылдап» атты КВН командасы Білім-инновация лицейлері арасындағы ойындарда бірнеше мәрте чемпион атанып үлгерді. 2021–2023 жылдары аралығында лицей ҰБТ-да 100% шектік балл жинап, еліміз бойынша үздік 100 мектептің қатарына енді. Облыс көлемінде үздік 4 мектеп қатарынан көрініп жүр. Лицей түлектері бүгінде ел ішіндегі және шетелдегі беделді жоғары оқу орындарында білім алуда. Олардың арасында АҚШ-тағы North American University, Гонконгтағы City University of Hong Kong, сондай-ақ Италия мен Оңтүстік Корея университеттерінің халықаралық гранттарын жеңіп алған жастар бар.

Айта кету керек, мектеп аумағында қауіпсіздік талаптарына сай жүргіншілер жолы салынған. Лицей қазір бір ауысымда 450 оқушыға сапалы білім беруге толық мүмкіндік жасап отыр. Алдағы уақытта жаңа интернат ғимаратының салынуы арқылы оқушылар санының артуы көзделуде.






Тоғжан ЕРМЕК
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ