ҒАЛЫМ АЛҒАН АСУЛАР

 «Ғылым ел дамуына қызмет етуі тиіс». 

 Нұрсұлтан Назарбаев. 

Елбасы «мен ғылым жүйесіндегі жаңа құрылымды қуаттаймын» деп алқалы жиындардың бірінде еліміздегі ғылымның дамуына деген өзінің оң көзқарасын білдіріп еді. Ғылымды өркендетіп, оның сапасын заманауи талаптарға сай арттыру қажеттігіне аса көңіл бөлініп отырған қазіргідей кезде, Бүркіт Баймұхановтың еселі еңбегі – ел Тәуелсіздігінің ертеңі үшін, болашақ жастар үшін жасалған өнегелі іс, ұланғайыр ұлағат.

Қазақ мектептері үшін алғаш рет «Есеп тану құралы» атты математикалық оқулық жазған Міржақып Дулатов болатын. Осы оқулықтан бастау алған математика құралдарын жазуда халқымыздың аяулы ұлдары мен қыздары көп болды. ХХ ғасырдың ортасынан бастап бұл істің жалғастырушысы болған ғалым-педагогтардың ішінде Бүркіт Баймұхановтың шоқтығы биік.

Ол – өз өңіріміздің тумасы. Махамбет ауданында дүниеге келген.1953 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтын орта мектептің математика және физика мұғалімі мамандығы бойынша үздік бітіріп, ғылымның аса дәлдікті қажет ететін осы бір нәзік те, қиын саласына ден қойған жас маман сол кездегі Гурьев (қазіргі Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті) педагогикалық институтында еңбек жолын бастады.

Тынымсыз еңбек пен жылдар жетегінде жинаған іс-тәжірибе оның құлашын кеңге жайып, ғылым жолына түсуіне жол ашты. Сөйтіп, Украинаның Харьков қаласындағы политехникалық институттың аспирантурасына түсіп, оны 1961 жылы бітіріп, кандидаттық диссертация қорғап, физика-математика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды. Одан кейін атбасын туған елге бұрып, бұған дейін қызмет еткен Гурьев педагогикалық институтында абыройлы еңбек етіп келеді. Аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, факультет деканы сияқты қызметтер атқарып, студенттердің сапалы білім алулары үшін бар күш-жігерін, білімін аямады.

Өз мамандығын терең игеру, оның іс жүзіндегі дәрежесін арттыра білу де – талант. Оның үстіне ұстаз болса бұл жауапкершілік жүгі салмақтана түсетіндей. Өйткені, болашақ маман ұстаз берген дәріске тәуелді. Осы бір жазылмаған қағидатты терең сезінген Бүркіт Баймұханұлы ізденуден талмады. Төккен тер, көз майын тауысып, қағазға үңілген талай түндер өз нәтижесін беріп отырды. Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінде жұмыс істеп, жоғары оқу орындары оқытушыларының білімін жетілдіру факультетін ұйымдастырып, сол факультеттің алғашқы деканы болды.

Бұрынғы кеңестер одағы кезіндегі Педагогикалық ғылымдар Академиясы «Оқытудың мазмұны мен әдістері» ғылыми-зерттеу институты Қазақ филиалының аға ғылыми қызметкері болып жұмыс істеді. 70 жылдардың басынан бастап математика мен физиканы оқытудың проблемаларымен жіті айналысып, осы бағытта көптеген құнды еңбектер, оқулықтар мен оқу құралдарын жазды. Ғалымның бұл бағыттағы ғылыми еңбектері Мәскеудегі, республикамыздағы баспалардан жарық көріп, бұқаралық ақпарат құралдарынан да жиі көрінді.

«Болдым, толдым, өзім» деген тіркестер – Бүркіт Баймұханұлы үшін санаға еніп, орнықпаған жат түсініктер. Ол өзінің білген, түйгенін басқаларға үйретуді өзіне төл міндет санайтын. Орта мектептерде математиканы оқытудың мазмұнының өзгеруіне және оған сәйкес жаңа оқулықтардың енгізілуіне байланысты мұғалімдердің біліктілігін арттыру мақсатында еліміздің көптеген мектептерінде болып, мұғалімдер қызметтеріне қолқабысын тигізіп, көмек жасады.

Зуылдай өткен ұшқыр уақыт Бүркіт Баймұханұлының математика саласындағы қарышты қадамын одан әрі дамытты. Ол өзінің ұзақ жылғы еңбектерін жинақтай келе, 1992 жылы математиканы оқыту әдістемесі саласы бойынша «Қазақстан мектептерінде жалпы математикалық білім беруге даярлаудың базалық деңгейін қамтамасыз етудің методикалық негіздері» атты докторлық диссертациясын қорғап, 1997 жылы профессор атағын алды. Ол – қазақтан шыққан математиканы оқыту әдістемесі бойынша тұңғыш ғылым докторы, әрі професcоры. Қазақстандағы әдіскер-математиктердің мектебін құрушылардың бірі.

Ол Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті жанында педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін беру жөніндегі диссертациялық кеңестің ашылуына да себепші болды. Сол кеңестің төрағасы ретінде жас ғалымдардың ғылыми дәреже алуына үлкен көмегін тигізді. Ғылым жолына түскен жастарға ақыл-кеңестерін беріп, үнемі қолдау көрсетті. Олардың ғылыми ізденістеріне жетекшілік етуден аянбады, болашақтарына үлкен үмітпен қарап, сенім білдірді.Ұстаз сеніміне селкеу түскен жоқ. Профессор Бүркіт Баймұхановтың шәкірттері бүгінгі күні республикамыздың әр түпкірінде есімдері құрметпен аталатын ұлағатты ұстаз, ғылым жолында өзіндік қолтаңбасы бар белгілі ғалым, мемлекет қайраткері ретінде еңбек етуде.

Бүркіт Баймұханұлы – 150-ден астам мақалалар мен еңбектердің авторы. Оның ғылыми жетекшілігімен 50-ден астам ғылым кандидаттары, 10-нан астам ғылым докторлары диссертациялық зерттеу жұмыстарын қорғады. Ол еліміз егемендік алғаннан кейін әр пәннен төл оқулықтарымызды жазып, бағдарламалар мен оқулықтарды жетілдіруге, мұғалімдерге арналған әдістемелік құралдар жазуға ерекше еңбек сіңірді, оның ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын «Математика» оқу пәні бойынша алғаш құрастырған ғалымдар тобының жетекшісі ретінде жұмыс істеуі орта мектепте математикалық білім беру мазмұнын жаңартудағы маңызды іс болды. Сонымен қатар, «Жалпы білім беретін қазақ орта мектептерінде математикалық білім берудің тұжырымдамасы», «Математиканы оқыту әдістемесі», «9,10 сыныптарда алгебраны оқыту», «9,10 сыныптарда геометрияны оқыту», «Математикадан есептер шығаруға үйрету», «Алгебра – 7», «Алгебра – 8» және басқа да көптеген оқулықтар мен әдістемелік құралдардың авторы.

Ерен еңбек иесінің өңірінде «Қазақ ССР білім беру ісінің үздігі» белгісі жарқырайды. Және көптеген Құрмет грамоталарымен марапатталып, есімі «Қазақстан зиялылары» кітабына жазылған. Бұған қоса, еліміздегі көптеген жоғары оқу орындары мен университеттерінің Құрметті профеcсоры.

«Әдіскер әлемінің әйдігі» атанған Бүркіт Баймұханұлы әлі де сапта. Еліміздегі білім беру саласының одан әрі дамуына жанашырлықпен қарайтын ардақты ұстаз Ұлттық ақпараттандыру орталығында жетекші ғылыми қызметкер болып жұмыс жасай жүріп, жас ғалымдардың еңбектерінің жарық көруіне ықпал етіп,өзі де математика және информатика саласы бойынша оқу, әдістемелік құралдарын жазып келеді.

«Бойында қабілеті бар жастарды ғылым жолына тартып, олардың өз мақсаттарына жетулеріне бағыт-бағдар сілтеуді өз парызым деп есептеймін», – дейді ұлағатты ұстаз.

Бүркіт Баймұханұлын жерлестері әркез ықыласпен қарсы алып, құрмет тұтып отырады. Ол – Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры.

Әл-Фараби «адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты» десе, ұлы Абайдың пікірінше, мінез ғылым мен ақылды сақтап тұратын сауыт екен. Ұлылардың мінезге байланысты осы пікірлері Бүркіт ағамызды тап басып сипаттайтындай. Ол – ағамыз парасатты, үлкенге де, кішіге де сыпайы мінезімен қадірлі адам. Әркез айналасындағы адамдарға көмек қолын созуға дайын тұратын, дархан жүректі, адамгершілігі мол, бірегей тұлға. Оны білетіндер ағаны қазақы мінезді, әзілқой, әңгімешіл, сөзге шебер жайдары мінезді адам ретінде таниды.

Ұстаз еңбегі қашанда құрметті. Өз еңбегінің жемісін шәкірт бойынан көріп қуану тек ұстазға ғана лайық. «Бүркіт Баймұханұлы – атақ-даңққа қызықпаған, мадақ пен мақтауды онша ұнатпайтын, өзінен гөрі жанындағы әріптестері, шәкірттері туралы айтуды жаны сүйетін өте қарапайым жан. Ол кісі бар бақытты еңбекте деп бағалайды және өзі де сол бақытты еңбектен тауып отыр» деп шәкірттері тебіреніспен әңгімелейді.

Ағайын-туыс пен жора-жолдасқа қайырымды болу – бойдағы имандылықтың белгісі. Бөкең – шынымен де жанына иман лебін сіңірген адам. Жақындарының барлығының жақсылықтарына бірге қуанып, үлкендерге ізеттілікпен, кішілерге ағалық қамқорлықпен қарау – ол үшін тек парыз ғана емес, атаның ұлағатымен, ананың ақ сүтімен сіңген туа біткен қасиет. Жан жолдасы Тамара Васильевна екеуі екі ұл тәрбиелеп, өсірді. Үлкені Марат әке жолын қуып, математиканы оқыту әдістемесінен кандидаттық диссертация қорғап, сол салада жемісті еңбек етуде. Екінші ұлдары Олжас – заң қызметкері. Үш немересі – екеуінің көз қуаныштары, өмірлерін шуаққа бөлер шаңырақтарының шаттығы.

Осындай ұлағатты ғұмыр кешіп, саналы ғұмырын еңбекке ғана арнаған Бүркіт Баймұханов 85 жасқа толып отыр. Адамның қадір-қасиеті бастан кешкен жылдар санымен емес, тындырған істерінің ауқымымен және құндылығымен бағаланса керек. Оның өмір жолы, істеген игі істері мен бойындағы қадір-қасиеті кейінгі жастарға үлгі-өнеге, бағалы мектеп болары сөзсіз. Мұндай ұлағатты ұстазды қалай ұлығыласа да, артық болмайды деп есептейміз.

Бақыт БАРСАЙ,

педагогика ғылымдарының

докторы, профессор.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз