Бала тәрбиесіне баса мән беру керек
Тәрбие талбесіктен басталады. Отбасынан тамыр алатын бала тәрбиесіне ата-ана бірдей жауапты. Яғни, жас ұрпақтың бойына ізгілік дәнін себу, жақсы қасиеттерді сіңіру, сапалы білім алуына жағдай жасау, үлгілі ортаға түсуіне ықпал ету – ата-ананың міндеті.
Бұл туралы Президент барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының II республикалық форумында «Жалпы, елде ата-ана жауапкершілігі идеясын алға жылжытуға бағытталған қоғамдық бастама өткізу қажет деп санаймын. Мемлекеттік органдардың назарын дереу осы жағдайға аударып, жас ұрпақтың қауіпсіздігін жан-жақты қамтамасыз етуге қатысты нақты шаралар қабылдауды тапсырамын» деп айтқан болатын.
Расында, ата-ананың дәл тәрбие саласындағы жауапкершілігін арттыру мәселесі қашан да өзекті. Баланы мектеп немесе балабақша, мемлекеттік мекеме ғана тәрбиелемейді. Президент идеясын іске асыру мақсатында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізіліп, білім беру ұйымдарында 198 ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары құрылды. Орталықтарда 2024-2025 оқу жылының қыркүйек-желтоқсан аралығында 832 сабақ өтіп, оған 46 721 ата-ана қатысты.
«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында мектептерде үзілісте апта сайын «Өнегелі 15 минут», «Ұлттық ойын» шаралары ұйымдастырылуда. Сондай-ақ «Мықты ұлт отбасында қалыптасады» облыстық ата-аналар форумының қатысушылары арасында үлгілі 8 отбасы ұлықталды.
Ата-ананың тәрбиелік функциясын толық іске асыруға қол жеткізу үшін білім беру мекемелерінде әкелер мен аналар кеңестері жұмыс жасайды. Әкелер кеңесінің төрағасы Ш.Қуанышұлы әзірлеген «Бағдар жол: күнделік және жоспарлау» авторлық жобасы облыстың 7 мектебінде пилоттық негізде іске асырылды. Аталған күнделік арқылы ата-аналар өз балаларына бақылау жасап, үнемі кері байланыс жасап отырды.
Биылдан бастап ата-аналарды тәрбие процесіне белсенді тарту бойынша «Білім–Инновация» лицейлерінің «Құндылықтарға негізделген білім» тәжірибесін 30 мектепке енгізу жобасы басталады.
Айта кетейін, Атырау облысы бойынша 152 106 оқушы 70 мың отбасында тәрбиеленеді. Олардың 20 мыңы аз қамтылған көпбалалы санатындағы отбасылар. Балаларды тәрбиелеу мен дамытуда мектеп пен отбасы арасындағы өзара іс-қимылды нығайту, ата-ана жауапкершілігін арттыру мақсатындағы жұмыстар күн тәртібінен түспейді.
Сатқан ЕСЕНҒАЛИЕВ,
білім саласының ардагері