«Бағдаржол» балаға жол ашады

a6828cd2 10ec 4d9f 812e 6e6919a4739e Білім

Бала тәрбиесі қашан да өзекті. Әсіресе, қазіргідей әлемге жол ашқан әлеуметтік желілердің қолжетімділігінен балалар уақытын текке өткізіп, олардың дұрыс қалыптасуына кері әсерін тигізіп жататындығы рас

Балаңыз жоспар құра ма?

​Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында қала тұрғыны, кәсіпкер Шота Қанатов оқушыларға күнделікті жұмыстарын жүргізіп, жоспарлауға арналған «Бағдаржол – күнделік және жоспарлау» кітапшасын құрастырып шығарған болатын. Жоба облыстық білім беру басқармасы тарапынан қолдау тапқан соң, әдістемелік орталықтың кеңесінде талқыланып, саралау жүргізілген.

Әдістемелік кеңес отырысының хаттамасы негізінде облыстың 7 ауданында пилоттық жоба ретінде ұсынылған кітапша орта білім беру мекемелерінде өткен кездесулерде таныстырылып, ата-аналар тарапынан қолдау тапқан көрінеді. 

​Жуырда облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияда биыл пилоттық жоба ретінде жүргізілген кітапшаның қорытынды семинары өтіп, оған ата-аналар, оқушылар, мұғалімдер қатысты. Бұрын мектепте мұғалім болып еңбек еткен жоба авторының айтуынша, әзірге облыс көлемінде пилоттық жоба ретінде жүзеге асып жатқан күнделік кітапшасы оқушыны білім, тәлім – тәрбие арқылы жетістіктерге жетуіне жол көрсетіп, ата-ана мен мұғалім арасын, мұғалім мен оқушы арасын байланыстыратын құрал. Автор алдағы уақытта баланың өзі жоспар құрып, алдына мақсат қоюға үйрететін кітапшаның электрондық онлайн нұсқасын жасап,облыстық, республикалық деңгейге жеткізіп, мемлекет көлемінде қолдау табуына жұмыстанып жатқандығын айтады.

24410990 c30a 4f4e a499 752639736fc2

​Пилоттық жобаға қатысуға 105 оқушы, 21 ата-ана, 21 мұғалім ниет білдіріп, қатысқан. 

​– «Бағдаржол» күнделік кітапшасы бастауыш, орта, жоғарығы сыныптарға арналған. Өзімнің де мектеп жасындағы үш балам бар. Олардың да өздерінің әр күнін бекер өткізіп жататынын көріп, осы кітапшаны құрастырып шығуға кірістім. Кейін балаларыма бұл кітапшаның пайдалы болғандығына көзім жетті. Әр күнделіктің мұқабасы жас ерекшеліктеріне қарай әртүрлі. Бұл күнделікте бала өзі жазып, өз қиялымен бояйды. Баланың ойлау және шығармашылық қабілетінің дамуы алғашқы беттен басталады. Бала күнделік кітапшасымендос болып, өз іс-әрекетін күнделікке жазып отырса жақсы нәтижеге жететіні анық. Сондай-ақ, кітапша оқушының уақытын үнемдеуге, нақтылыққа, мақсатқа жетуге тәрбиелейтін таптырмас құрал. Күнделікпен жұмыс жасағанда жалықтырып жіберетіндей емес, керісінше күнделікті шығармашылығын дамытып, ой-өрісін, сөздік қорын, рухани байлығын дамытуға көмектеседі. Кітапшаның ішкі беттерінде  баланың өзі туралы толтыратын мәлімет бар. 9-10-11 сынып оқушыларына болашақ мамандыған таңдаудың жүйесі көрсетілген. Баланың  бос уақытын  қызықты, пайдалы өткізуге арналған кеңестер бар. Кеңесті пайдаланғанда өзімен бірге достарын, сыныптастарын және отбасы мүшелерімен бірігіп түрлі шаралар ұйымдастырылады. Бұл кеңестермен өмірлік тәжірбиесін ұштастыра алады.Әр апта және ай біткесін апталық қорытынды жүреді. Сынып жетекшісі бала бойынан байқаған өзгерістерді ата-анаға пікір ретінде жазады, – деді жоба авторы Шота Қуанышұлы.

​Сондай-ақ, күнделікте денсаулық, білім, өзін дамыту, рухани – адамгершілік, өнер және шығармашылық, отбасы және жалпы тәрбие секілді 7 құндылық қарастырылған. 

7300eec5 76a8 493f 8b2b 41759907dcc8

Күнделік толтырып «президент» атанды

​Мақат кентіндегі Мұса Баймұханов атындағы орта мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Гаухар Балпейсова жобаға өткен оқу жылынан бастап оқушыларымен бірге қатысқандығын айтады.

​– Күнделік арқылы біз оқушының білмеген қырларын танып, оқушылардың өздері де жаңа қырынан көрініп, жетістікке жетіп отыр. Өткен оқу жылында 9-шы сыныпта күнделік толтырып бастаған оқушым мақсат қоя біліп,мектеп президенті болды. Алдағы уақытта осы жоба жалғасын тауып, онлайн платформаға көшіп жатса тиімді болар еді. Мектептегі үш оқушыға арнап үш күнделік берілген болатын. Мен өзімнің сыныбымнан үш деңгейлі оқушыны таңдап алдым. Соның ішінде тұйық оқушылар көшбасшы оқушыға қарап, қызығушылығы артқандығын байқадық. Олардан өзге де оқушылар күнделік кітапшаға қызығушылық танытып, жобаға қатыспаған бір оқушы бізбен бірге келіп, жобаның қорытындысына қатысып отыр, – деді Гаухар Қалиоллақызы. 

​Мектепішілік, аудандық, облыстық сайыстарға белсене қатысып жүрген мектеп президенті, Мұса Баймұханов атындағы орта мектептің X сынып оқушысы Мерей Азаматқызы «Бағдаржол» кітапшасы арқылыоқушылар мен ата-ана арасындағы, ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыстың нығая түскендігін, әрқашан жаңа идеялар ойлауға, жаңа бастамаларға қол жеткізуге ынталандырғандығын жеткізді.

​– Күнделік өміріме пайдаға асты. Себебі осы арқылы өзімді жоспарлы, өз мақсатына жете алатын адам ретінде тани отырып, өзім көздеген барлық армандарыма біртіндеп қол жеткізіп келемін. Алдағы уақытта да осы қалпымнан тайынбай жұмыстана беремін. Мен секілді өзге де оқушыларға осы «Бағдаржолды» ұсынып, әр қарай жалғастырғанын қалаймын. Күнделік тек бізге өз күнімізді жоспарлау үшін ғана емес, өзіміздің жарқын болашағымызға жаңаша бағыт алып, қол созуға септігін тигізеді деп санаймын, – деді Мерей Азаматқызы. 

f782bc92 6f19 4a23 a00c e20ab125fe44

​Жобаны қорытындылауға арналған семинарда жоба авторы мен аудандардан келген ұстаздар тренинг сабақтарын өткізді. Алдағы уақытта күнделік кітапшасының электрондық онлайн нұсқасы шығатын болса мектеп жасындағы бала тәрбиесіне айрықша үлес қосатынына жоба авторы сендіріп отыр. 

 Алмас ҚАБДОЛОВ

суреттер автордікі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз