Атыраулық түлек Корея университетінен шақырту алды!
ҰБТ-дан ең жоғары ұпай жинаған атыраулық түлек Корея университетіне оқуға түсті.
Атырау қаласындағы «Білім-Инновация» лицей-интернатының түлегі Ризабек Алпамыс ҰБТ-дан ең жоғарғы 132 балл жинады. Болашағына нық сеніммен қарайтын түлек Оңтүстік Кореядағы Ulsan National Institute of Science and Technology (UNIST) университетіне оқуға түсті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Ол сонымен қатар Оңтүстік Кореяның екі алдыңғы қатарлы ғылыми зерттеу және технология университеті мен Гонконгтағы ғылым және технологиялар университетінен шақырту алған.
Түлек 2021 жылы Еуропалық физика олимпиадасынан күміс медаль, биыл Азия олимпиадасынан қола медальді қанжығасына байлаған. 2021-2022 жылдары халықаралық физика олимпиадасынан екі дүркін күміс медаль иегері атанды. Биыл О.Жәутіков атындағы халықаралық олимпиададан да алтын медаль иемденген.
-Мақсатым — жаңа технологияларды ойлап табуға өз үлесімді қосу. Қазақстандағы ғылым мен техника саласын дамытуға ат салыссам деген ойым бар. Бос уақытымда бағдарламалар құрастырғанды, футбол ойнағанды жақсы көрем. Бірақ уақытымның көбін ғылыммен айналысуға арнаймын, дейді болашақ ғалым.
Ulsan National Institute of Science and Technology оқу ордасы білім деңгейі бойынша әлемдегі ең мықты 200 университеттің қатарына кіреді. Енді бұл университетте Ризабек Алпамыспен қатар халықаралық додаларда оза шауып жүрген Нұрдаулет Хаженов, Әділ Султанов, Әділет Зауытхан есімді атыраулық түлектер де білім алады. Дүниежүзі бойынша небары 15 түлекке берілетін гранттың төртеуін атыраулықтар иеленіп отыр.