Атыраулық оқушылар робот пен дрон құрастырып шығаруда (+ВИДЕО, ФОТО)
Қызылқоға ауданы бойынша жалғыз STEM лаборатория Сағыз орта мектебінде жұмыс істейді. Қазіргі таңда зертханада 5-11 сынып аралығындағы 30 оқушы ілім алуда.
«Оқушылар құрастырып шығарған дрон әдеттегідей әуеде ұшады және су бетінде жүзіп, кадрлар түсіре алады» дейді STEM зертхана лаборанты Ләйла Шыңдыбаева.
Дронның әуеде ұшу жылдамдығы секундына 1,5 метрге тең. Су бетінде секундына 2,5 метрге дейін жүзеді. Әзірге сынама түріндегі дрон қуаты 6 минутқа жетеді. Кейін қайта қуатталады. Сонымен бірге, оқушылар ағаш станогы, 3D ноутбукпен жұмыс істеуде.
STEM зертхана лаборанты Ләйла Шыңдыбаеваның айтуынша, лабораторияда 3D принтермен негізінен жоғары сынып оқушылары жұмыс істеуде. Арнаулы бағдарлама жүктелген принтер көмегімен бүгінде оқушылар телефон тіреуіші, құмыралар, ерекше форматтағы Абай кітабын, брелоктар, медальдар жасап шығарған.
STEM лабораторияда үш түрлі функция атқаратын роботтар жасалып шықты. Мәселен, Мбот роботы кедергілерден өздігінен бұрылу арқылы өте алады, екінші робот әуен арқылы қозғалады. Үшінші робот бағдарлама арқылы арнайы сызылған сызбалар көмегімен жүреді.
«Әлемдік деңгейдегі дамыған лаборатория математика, инженерия бағытындағы технологиялық ізденістерге бағытталған. Жоғары сынып оқушылары роботтарды құрастыруда, төменгі сынып оқушылары өнім жасаудың жолдарын үйреніп жатыр» дейді Сағыз орта мектебі директорының міндетін атқарушы Мейрамгүл Аяғанова.
2020 жылдың қаңтар айынан бастап іске қосылған лаборатория – ауыл мұғалімінің жеңісі. Олай дейтініміз, аталмыш мектептің информатика пәнінің мұғалімі Ақынта Бисембиева 2019 жылы республикалық ғылыми жобалар байқауына қатысып, жеңімпаз атанған. Жүлдеге осы зертхананы ұтып алған.
Сағыз орта мектебінде сондай ақ, кәсіби би үйірмесі жұмыс істеп жатыр.
«Сабақ негізінен классика, эстрада және ұлттық билер бағытында өтеді. Оқушылар арасында жақсы нәтижелер бар. Мәселен, онлайн түрде өтіп жатқан «Жарық жұлдыз» конкурсында үйірме қатысушыларының шоқтығы биік тұр» дейді Сағыз орта мектебі жанындағы би үйірмесінің жетекшісі Бақыт Қойшығали.
Қазіргі уақытта би үйірмесінде жиырмадан астам оқушы тәлім алуда.
Еске сала кетелік, 424 орындық Сағыз орта мектебі 2018 жылы қолданысқа берілген. Типтік жобада салынған заманауи мектепте кадет сыныбы, өндірістік шеберханалар, тігін цехы, гимнастика орталығы және ТИР алаңы бар. Оқушы шығармашылығын дамыту мақсатында білім ордасында 16 үйірме және 4 клуб жұмыс істеп жатыр.
«Атырау облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі»