Атыраулық оқушылар бағалаулардан босатылады
Атырауда оқушылар ағымдағы бағалау, яғни, бөлім бойынша жиынтық бағалау және тоқсандық жиынтық бағалаудан босатылады. Бұл туралы Атырау облысы білім беру басқармасы басшысының орынбасары Орынтай Биманова мәлімдеді, — деп хабарлайды облыстық жедел штаб.
Оқу-ағарту министрлігінің 10 сәуірдегі хаттамасына сәйкес, су тасқыны болып жатқан аймақтардағы оқушылар ағымдағы бағалау, яғни, БЖБ, ТЖБ-дан босатылады.
«БЖБ, ТЖБ болмаған жағдайда, оқушылар күнделікті онлайн сабаққа қатысып, тапсырма орындау арқылы, формативтік қалыптастырушы бағаларын ала алады. Облыс бойынша, 149 мың оқушы бар. Олардың барлығы БЖБ және ТЖБ-дан босатылады» деді Атырау облысы білім беру басқармасы басшысының орынбасары Орынтай Биманова.
Сонымен бірге, су тасқыны болып жатқан аймақтардағы мұғалімдердің біліктілік санатын арттыруға арналған аттестациядан өту мерзімі тамыз айына шегерілді. Айта кетелік, Атырау облысы бойынша 9000-ға жуық мұғалім бар.
Қуандық ШӘКІРОВ