Атырауда жоғары білім көрмесі өтуде
Бүгін Атырауда жоғары білім көрмесі басталды. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, «Жайық» мәдени-спорт кешенінде өтіп жатқан шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 40-тан астам жетекшісі жоғары оқу орындарының өкілдері қатысып, өздерінің білім ордаларындағы мамандықтар және гранттар жөнінде жан-жақты ақпарат беруде.
Қазірдің өзінде шараға Атырау қаласының 1000-ға жуық мектеп оқушысы келіп, өздері таңдаған мамандықтар бойынша мәлімет алып, университеттермен жақынырақ танысуда. Өңірімізде екінші мәрте ұйымдастырылып отырған бұл іс-шараның мектеп бітіруші түлектер мен ата-аналар үшін маңызы жоғары. Олар бұл жерден екі күн қатарынан яғни, 16 және 17 мамыр күндері өздерін толғандырған сауалдарға жауап алып, ЖОО-ның білім беру бағдарламалары мен жатақханалар жөнінде біле алады. Сондықтан шара ұйымдастырушылары оқушылар мен ата-аналарын мұндай мүмкіндікті жіберіп алмауы керктігін айтады.
Көрмеде С.Торайғыров атындағы университеті, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, С.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университеті, Д.Серікбаев атындағы Шығыс қазақстан техникалық университеті, Қарағанды индустриялық университеті, Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті, «Халықаралық білім беру корпорациясы» АҚ, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті және өзге де жоғары оқу орындары бой көрсетіп, атыраулық талапкерлерге тың мәліметтерімен бөлісуде.
Мәлике МӘЛІК
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ