Атыраудағы «Жайлы мектеп» жайлы бола ма?

bdec73fd e965 4873 afc8 966c84dfffb2 Білім

Атырау облысында жалпы білім беретін 200 орта мектеп бар. Алайда ол өңірдегі оқушы санына тапшылық етеді. Соның кесірінен оқушылар бұған дейін 11 үш ауысымды, 4 апатты жағдайдағы мектепте білім алуға мәжбүр болды. Десек те, балалардың қолайлы білім алуына жағдай жасау мақсатындағы мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы аясында жүйелі жұмыстар басталып кетті. Жобаға сәйкес 2025 жылға дейін облыста 12 білім ордасы салынса, оның 9-ы келесі жылы пайдалануға берілуі тиіс.

Жобаның ерекшелігі неде?

Атырау халқы күн санап көбейіп келеді. Демографиялық көрсеткіштің қарқынды өсуінің нәтижесінде шәкірттер контингентінің өсімі де байқалып отыр. Мысалы, 2015 жылы облыс мектептерінде 109 392 оқушы білім алса, өткен оқу жылында оның саны 34 089 балаға көбейген. Егер аталған жоба аясында жайлы мектептер салынар болса, ғимаратқа деген сұраныс біршама азайып, оқушылардың толыққанды білім алуына жағдай туар еді. Жобаның басты ерекшелігі де осы – мектепте оқушы үшін жан-жақты қолайлы жағдай жасау. Өйткені мұндай мектептер заманға сай құрылғылармен жабдықталып, бастауыш сыныптарға арналған жеке блокта дербес асхана, дәретхана, басқа да кабинеттері болмақ. Халықаралық стандартпен жасақталатын білім беру мекемелеріне бірыңғай оператор болып «Samruk-Kazyna Construction» компаниясы белгіленген.

Президент ұсынған «Жайлы мектеп» пилоттық жобасы арқылы облыста биылдан бастап екі жылда 12 мектептің құрылысын салу көзделген. Атап айтқанда, Атырау қаласындағы «Жұлдыз-2», «Жұлдыз-3», «Ақсай-2» шағынаудандарының әрқайсысына 900 орындық, Сарыөзек ауылында 300 орындық, Береке ауылы мен «Байтақ» (Водников) шағынауданында, Құлсары қаласының «Атырау» шағынауданында 1200 орындық, «Жайық» (Зарослый), «Самал» шағынаудандарында 2000 орындық, Құрманғазы ауданының Құрманғазы, Ақкөл ауылдарынан және Қызылқоға ауданындағы Сағыз ауылынан 600 орындық орта мектеп салу жоспарланған.

Санын көбейтіп, сападан айырылмайық

Мамандардың пікірінше, «Жайлы мектеп» жобасы оқушыларға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, салаға да жаңа серпін бермек. Оны жүзеге асыру барысында әкімдіктердің құзыретіне жер телімдері мен инфрақұрылымды бөлу мәселелері кіреді. Сондықтан, облыс әкімі Серік Шәпкенов жыл басындағы жобаның жайы қаралған жиында жайлы мектепті жүзеге асырғанда оның инфрақұрылыммен қамтылуын қадағалауға да басты назар аударған болатын.

– Инженерлік инфрақұрылымды жүйелі жүргізу үшін әр мектептің проблемасы, оның уақыты мен қаржысы туралы нақты көрсетілуі керек. Мәселені шешу ғимарат құрылысымен қатар жобаға енгізіліп, бірге қолға алынуы тиіс. Ертең ертегідегідей ғимаратқа оқушы балшық кешіп барса қалай болмақ?! Сондықтан, жол, су, газ, жарықпен қамтуды қазірден бастап қолға алғанымыз жөн, – деген еді облыс басшысы.

Сонымен қатар, білікті кадр мәселесін де назардан тыс қалдырмай, алдағы екі жылда 12 «Жайлы мектеп», биыл 2 BINOM мектеп есігін ашқанда маман тапшылығы қазіргіден бетер ушығуы әбден мүмкін. Сондықтан, маманмен қамту ісін құрылыспен қатар қолға алуды облыстық білім беру басқармасы басшысына жүктеген болатын.

Білім беру маңызды әрі ауқымды сала десек, әр баланың болашағы – бүгінгі алған біліміне байланысты. Сол себепті, педагогикалық әдісте қателік пен кемшілікке жол берілмеуі тиіс. Ал, мектептердің саны көбейгенімен сапасы болмаса бұл құзырлы органдарға сын ғана емес, баланың болашағына балта шапқанмен тең. Сондықтан, мектеп салу мәселесі бір бөлек, оны білікті кадрмен қамту ісі бөлек жүргізілмей, нақты жұмыстар өзара байланысты талап етілуі орынды әрекет болса керек.

Дегенмен, мұғалімдер жалақысының өсуіне байланысты соңғы жылдары облыста педагогикалық мамандықтарға сұраныстың артқанын аңғару қиын емес. Мәселен, Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжіндегі студенттердің саны өткен оқу жылында бұрынғыдан 70 пайызға көбейген. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне педагогикалық мамандықтарға түскен жастардың саны да жыл санап артып келеді.

Үш ауысымнан арылар күн…

Облыс орталығында салынған білім ұяларының бірқатары «Теңізшевройл» ЖШС-нің әлеуметтік жобалары арқылы бой көтергені рас. Десек те, алпауыт мұнай компаниялары орналасқан өңірде балаларға білім беретін мектептер саны әлі де болса аз.  Бұл да тұрғындарды мазалап жүрген басты мәселенің бірі.

Жыл сайынғы тамыз мәслихаты мен әкімдікте өтетін білім беру жайы қаралатын селекторлық жиындарда үш ауысымды мектептер мәселесі міндетті түрде көтеріледі. Тіпті, мәселені шешуге бағытталған арнайы жобалар да таныстырылады. Оның үш-төрт жыл ішінде шешімі табылатыны туралы талай жиында айтылды да. Алайда, жиын өткен залдан шыға сала проблеманы ұмытып кететініміз жалған емес. Соның кесірінен үш ауысымды мектептер саны жылдан-жылға көбейіп барады.

Ақпарат көздері өткен оқу жылында Алматы қаласында үш ауысымды 54 мектептің барын, тіпті оның бірінде «У» сыныбы ашылғанын хабарлады. Жағдай осылай жалғаса берсе, халық саны жыл санап артып келе жатқан Атыраудың да ірі мегаполистің кейпін кимесіне кім кепіл?! Сондықтан, ахуалды ушықтырмай, салаға серпін беру мақсатымен облыста ондаған мектептің салынып жатқаны көңілге сенім ұялатады. Қазір облыста «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы бастаған мектеп құрылыстарының қарқынды жүргізіліп жатқанына сол себепті қуанамыз. Өйткені, бала үшін мектеп ғимаратының тарлығы проблема болмауы тиіс.

Жеті мектеп шәкірт қабылдайды

Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев биыл облыста 7 мектеп пен 1 жапсаржай пайдалануға берілетіні туралы әлеуметтік желілердегі парақшаларында жариялаған еді. Жасұлан Орақұлы жазбасында мектептер құрылысына жауапты жұмыс тобымен бірлесіп, алдағы жоспарлардың пысықталғанын хабарлады.

«Жоспарымызды нақтылай келе, жыл аяғына дейін жалпы саны 6450 орынға шақталған жаңа мектептер оқушыларға қызмет етеді деп күтілуде. Қолданысқа берілетін Атырау қаласы бойынша 5 мектеп бар. Нақтыласақ, облыс орталығындағы «Нұрсая», «Сарыарқа» шағынаудандарындағы BINOM мектебі, Жаңаталап, Ақжар ауылдарындағы мектептер, Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп және Махамбет ауданында, Исатай ауданының Тұщықұдық ауылында мектептің жапсаржайы қолданысқа берілмек. Келесі жылы облыс бойынша 18 жаңа мектеп жұмысын бастайды. Оның ішінде, 9 білім ордасы «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша салынады. Осылайша, мектептердің екі ауысымда білім беретінін ескерсек, 2023-2024 жылдары мектептерде 26 мыңнан астам жаңа орын құрылады», – деп жазды Ж.Бисембиев.

Бастысы, облыстағы мектеп құрылыстары, «Жайлы мектеп» жобасының жүзеге асуы да жергілікті әкімдіктің бақылауында. Сондықтан, олардың уақытылы қолданысқа беріліп, орын тапшылығын жоюға септігін тигізеріне сенім мол. Әйтпесе ахуалдың ушыға түсері анық.

Естеріңізде болса, өткен жылы оқу басталар-басталмастан-ақ Атырау қаласындағы Ж.Нәжімеденов атындағы №2 мектептің ата-аналары үш ауысымды білімге қарсылық танытып, кешкі сағат сегізге дейін созылатын сабақтан балалардың үйге қатынауына алаңдаушылық білдірген еді. Әсіресе күн салқын түсе жарықсыз көшеде бала өміріне қауіп төнетінін айтып, амалсыздан сабақ уақытын 40 минутқа азайтуды, үшінші ауысымдағы сабақ уақытын қысқартып, 7 пән емес, 6 сабақ етуді ұсынып, мектеп ғимаратының алдында дау-шар туғызған.

Егер жаңа мектептер мезгілінде салынып бітпесе, мұндай жағдайдың тағы да қайталануы сөзсіз. Өйткені, үш ауысымды мектептің зардабын тартатын басқа емес, балалар!..

P.S. Бұған дейін кімнен барып сұрасақ та, облыста үш ауысымды мектептің болуын демографиямен байланыстырды. Бірақ мәселе туындамас үшін демографиялық өсімге байланысты арнайы алдын-ала зерделенген жоспардың жасалмайтыны да белгілі болды. Оқушыларға қолайсыздық болмас үшін мектептің бала санына орай салынуы кез-келген адам үшін де ойлай алатын логика. Алайда…

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз