Атырауда IQanat Олимпиадасының бірінші туры табысты өтті
Индер ауданы Индербор ауылындағы «Көктем» қазақ орта мектебінде IQanat Олимпиадасының бірінші турының салтанатты ашылуы өтті. Олимпиада ауыл мектептеріндегі дарынды оқушылардың қабілеттерін анықтап, дамытуға бағытталған маңызды дода ретінде танымал. Биылғы бәйгеге облыстың барлық ауданынан 1850-ден астам оқушы қатысты.
Олимпиаданың ашылу салтанаты арнайы презентациямен басталып, білім бәйгесі мен мектептің маңыздылығын түсіндіретін бейнероликтер көрсетілді. Бұл оқушыларға және қонақтарға олимпиаданың тарихы мен мақсаттары туралы тереңірек түсінік берді.
Олимпиаданың ең әсерлі сәттерінің бірі – қатысушыларға арналған сертификаттарды табыстау рәсімі болды. Олимпиаданың бастамашылары оқушыларға өз армандары үшін талмай еңбектену мен мақсатына жету жолындағы табандылықтың маңызын атап өтті.
Сонымен қатар, ерекше назар аударуға тұрарлық оқиға – Мақат ауданының тумасы, кәсіпкер Гауһар Қаппарованың қолдауы болды. Ол өткен жылдары мектепке түсуге сәл ғана қалған өңір оқушыларына көмектесу үшін өз атынан IQHSB мектебіне арнайы грант бөлген. Бұл бастама аймақтың дарынды оқушыларына үлкен мүмкіндік беріп отыр. Осы орайда Гауһар Сәрсенқызына үлкен алғыс айтылды.
Олимпиаданың ең әсерлі сәті – Гауһар Сәрсекенқызының бөлген грантын алған оқушының есімін жариялау болды. Ол – Мақат ауылының мақтанышы Әділхан Тынымғали. Жиналғандар оның табандылығы мен еңбегі үшін қошемет көрсетті.
IQanat олимпиадасы ауыл оқушыларының білімін арттырып, олардың болашағына жарқын жол ашады. Олимпиада жеңімпаздарын қарқынды білім беру бағдарламасы күтеді, оған ағылшын тілін оқыту, IT жобалары, кәсіптік бағдар беру, ҰБТ және IELTS сияқты маңызды дайындық курстары кіреді. Қазір IQanat түлектері Қазақстан мен әлемнің 17 еліндегі үздік университеттерде білім алып, үлкен жетістіктерге жетуде.
Бұл байқау ауыл оқушыларының армандарына жетуге деген сенімін нығайтып, білімге деген құлшынысын арттырды.
Жайна МӘЛІМҚОЖА