ҚАНЫШ СӘТБАЕВ БАСТАҒАН ІСТІҢ ЖАЛҒАСЫ

Қазіргі таңда материалдық игіліктерді жасау көп жағдайда ғы­лым мен техни­ка­ның дамуына немесе осы ғылы­мның өндірісте қолданылуына тікелей байланысты. Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында біз Атырау мұнай және газ институтының ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Әли ӘБІШЕВПЕН кездесіп, осы бағытта ой бөліскен едік.

Әли Әжімұлы, сіз жуырда оқу орнында өткен бір жиында «институт тарихы 1949 жылдан басталады» деген болатынсыз. Ал, кей деректерде «бұл оқу орны 1980 жылдары құрылды» делінген. Бұл жөнінде өз ойыңызды ашып айтсаңыз.

– 1946 жылдың маусымында  академик Қаныш Сәтбаевтың бастамасымен Гурьев қаласында Орал-Ембі ғылыми-зерттеу базасы жасақталып, 1956 жылы Мұнай институты болып қайта құрылады. Ал, 1960 жылы  осы Мұнай институты Геология және  геофизика институты, кейін Мұнай және табиғи тұздар химиясы институты болып бөлінеді. Өйткені, басты өндіріс орны осы жерде болды.

Өндірістің қасында зерттеу институты болуы керек, сондықтан, мен институт тарихын сол 1949 жылдан басталады деп толық айта аламын. Қазіргі уақытта көптеген жоғары оқу орындары ғылыми-зерттеу орталығына айналуды көздейді. Ал, біздің институт тамыры ғылыми институттан бастау алды. Яғни, басқа жоғары оқу орындары білімнен ғылымға ұмтылып жатса, біз өзіміз ғылымнан бастадық. Қазіргі заман талабына сай бірде-бір жоғары оқу орны ғылымсыз дами алмайды. Ғылыми-зерттеу жұмыстары жүрмесе, ешқандай өндіріс дамымайды. Өндірістің дамуына кадр және жақсы зерттеу жобалары қажет. Осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Алған бетімізден таймасақ, үлкен белеске көтерілеміз деп ойлаймын.

– Осы орайда бір сауал туындап отыр. Институт университет мәртебесін алуға жұмыстанып жатыр деседі…

– Иә. Университет – қоғамдық, техникалық, әлеуметтік ғылымдар саласы бойынша кең көлемде жоғары білімді мамандар даярлайтын, көп салалы жоғары оқу орны. Университетте оқу-білім мен ғылыми-зерттеу жұмыстары қатар жүргізіледі. Жоғарыда айтып өткендей, білім берумен қатар ғылыммен шұғылдану – қазіргі негізгі міндет. Осы мақсаттарды көздей отырып, оқу орнына университет мәртебесін алғалы жатырмыз. Жаңа оқу жылынан бастап университет мәртебесіне сәйкес жұмыс жүргізбекпіз. Мысалы, алдағы 2015-2016 оқу жылында мұнай-газ саласының басым бағыттары бойынша магистратура және PhD докторантура бағдарламаларын жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз.  Сөйтіп, Атырауда екі үлкен университет болмақ.

Осы жолда әлем елдері ғылымының озық тәжірибесінен үйренеріміз аз емес. Мәселен, Америка Құрама Штаттарын алып қарасақ, Нобель сыйлығының иегерлері осы елден шығып жатыр. Оңтүстік Корея әлемді түрлі технологиямен қамтып отыр. Мәселен, «КИА», «Хундай», «Део», «Самсунг». «LG» және тағы басқа жобалары арқылы Оңтүстік Корея тек өздері ғана дамып қоймай, бүкіл әлемге танылып отыр.  Бұл  осы елдер ғылымның қарқынды даму жолына түскендігін көрсетеді. Бұның себебі – оларда ғылыми-зерттеу орталықтары жоғары оқу орындары жанынан да ашылғандығында.

– Сіздің ойыңызша, қазіргі уақытта  институтта ғылым қалай дамуда және оның өркендеуіне не кедергі болып отыр?

– Қазір білімді бірінші орынға шығарып, ғылымға аз көңіл бөліп жүргеніміз жасырын емес. Кадр дайындау, балаларды оқуға түсіру, диплом алу басты мәселе ретінде қаралып келді. Ал, сол балаларды ғылыми жұмыстарға тарту қажет. Мысалы, дипломдық жұмыстардың тақырыбын алайық.  Олардың көпшілігі – қазіргі таңда маңыздылығы мен қажеттілігі төмен жалпы тақырыптар. Өзі ғылыми-зерттеумен айналыспаған оқытушы шәкіртке қандай тақырып ұсына алады? Ал, егер бір тақырыпты тереңнен зерттеп, ғылыми жобалармен айналысатын оқы-тушы болса, шәкіртке берер тақырыбының мазмұны да терең, енгізер жаңалығы да болар еді. 

Оқытушы  тек ғылыми дәреже алу үшін ғана ғылыммен айналыспауы керек. Ғылыммен айналысу – тұрақты зерттеуді, орнықтылықты, ізденуді, нәтижелілікті талап ететін үздіксіз, ұзақ үдеріс.

– Сіз елімізде білім мен ғылым саласына қатысты бірнеше нормативтік-құқық-тық құжаттарды дайындауға қатыстыңыз?

Соңғы қатысқан жұмысым – «Ғылым және ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру заңы».

Қоғамда ғылымның орны өте ерекше. Ғылымның халыққа және ел экономикасына пайдасы болуы керек. Әйтпесе, тек қағаз жүзінде оның еш қажеті жоқ.

Қазіргі таңда әлемде ғылым қарқынды дамуда. Бүгін ашылған жаңалық 5-6 жылдан соң өз күшін жойып, оның орнын басқасы басып жатыр. Ғылым бір орында тұрмайды. Өмірдің өзгеру қарқындылығы соншалық, кез келген салада ғылым арқылы экономика дамып, өнім шығарылады, жұмыс орындары ашылады, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарады.

Ғылым – табыс көзі. Мысалы, бір технология миллиард доллар шамасын құрауы мүмкін. Сіз зат шығарып сатпай, технология сата аласыз. Сондықтан, өмір көшінен қалыспау үшін, әлем елдерімен жан-жақты  бәсекелес болу үшін, жақсы тұрмысымыз үшін  балаларды ғылымға тарту керек.

Мұны қалай жүзеге асыруға болады?

– Студенттердің курстық және дипломдық жобалары институт ғылыми зертханасы мен орталықтарының тақырыптарынан туындауы керек. Зертхана мен ғылыми орталық қандай бағытта зерттеумен айналысып жатқаны студенттің ғылыми жұмыстарынан көрі-ніс тауып отыруы қажет. Әр аспектіні студенттер өзара бөлісіп зерттесе, нәтиже байқалады. Сондықтан, осы мақсатта оқу орнындағы үш ғылыми зертхана мен бес орталықты біріктіріп, «Каспий зерттеу орталығын» құрдық.

Ал, идеялардан туындаған жобаларды жүзеге асыру мақсатында институт жанынан шағын зауыты мен орталықтары бар Атырау технолэндін ашу алдағы жоспарымызда бар.

Бұдан басқа институтқа қандай жаңалықпен, игі бастамамен келдіңіз?

– Әрбір жоғары оқу орны, ең алдымен, мәдени орталыққа айналуы тиіс. АтМГИ Студенттер  қалашығын абаттандыру  және қазіргі заманға сай (этномәдени, спорттық, демалыс орындарын) жасақтау мақсатында студенттердің «Ең үздік инновациялық-техникалық жобалар» сайысы өтуде. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Ең үздік Қазақ этномәдени орталығы», «Ең үздік ақпараттық аллея»,  «Ең үздік спорт алаңы» номинациялары бойынша үздік жобаларға байқау жарияланды. Сол жобаларды студенттердің  өз қолдарымен жасауы, институттың білім, ғылым  ошағы болуымен қатар, атыраулықтардың қолжетімді демалыс орнына айналуы және мәдени, спорттық, көпшілік орны болуы үшін жұмыстанып жатырмыз. Гольф, волейбол, баскетбол алаңдарын ашуда жоспарда бар.

Сұхбатыңызға рахмет! Мереке құтты болсын.

Сұхбаттасқан

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз