Атырауда халықаралық ғылыми конференция өтуде
UTEBAYEV UNIVERSITY-де халықаралық «Каспий тынысы» ғылыми конференциясы басталды. Іс-шара университеттің 65 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Конференция аясында академик Нәдір Нәдіровке арналған XVI халықаралық Нәдіров ғылыми оқулары өтеді. Ол мұнай-газ және мұнай өңдеу салаларындағы тұрақтылық пен экологиялық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған.
Конференцияны Атырау мұнай және газ университеті мен Қытай ғылым академиясы Шыңжаң филиалы, JiangxiNormal университеті бірлесіп ұйымдастырды. Әлемнің 12 елінен жиналған 50-ге жуық ғалым UTEBAYEV UNIVERSITY алаңында су ресурстарын тұрақты дамыту, биоалуантүрлілік, экология және судың ластануын бақылау, суды басқару және су экономикасы, индустрия (мұнай-газ саласы) үшін суды ұтымды пайдалану мәселелерін қозғайды.
Биыл Қазақстан-Қытай кездесуі аясында Қытай Ғылым академиясы UTEBAYEV UNIVERSITY-мен «Суды басқару және суды үнемдеу саласындағы құзыреттерді дамыту» жөніндегі кооперативтік мемлекеттік бастамаларын қолдап, ынтымақтастық жөніндегі Меморандумға қол қойған болатын. Сол келісім аясында өтіп отырған халықаралық ғылыми конференцияны UTEBAYEV UNIVERSITY ректоры Гүлзада Шакуликова ашып, іс-шараның маңыздылығын атап өтті.
Қытай Ғылым академиясы Шыңжаң филиалының президенті, Шыңжаң экология және география институтының профессоры Си Чен өз баяндамасында
Орталық Азияның құрғақ жерлеріндегі ресурстар мен қоршаған орта жағдайларын зерттеудегі жаңашылдықтар туралы айтты.
Айта кету керек, профессор Чен 20 жыл бойы Шыңжаң мен Орталық Азияның солтүстіктен оңтүстікке дейінгі Тянь-Шань таулары мен Арал теңізінің жағалауына дейінгі барлық жерді зерттеген. Конференция жұмысы екі күнге жоспарланды.
Мәлике МӘЛІК