
Атырауда дарынды жастар ғылыми жобаларын қорғауда
Жастар арасында ұлттық құндылықтарды компьютерлік ойынмен дәріптеу, оқушыларды «театр әлеміне» тарту арқылы сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, рухани адамгершілік қасиеттерді бойға сіңіру, ағылшын тілін еркін меңгеру үшін арнайы платформа қолдану секілді тың идеялар республикалық ғылыми жобалар байқауында ұсынылды. Бүгін Абай орталығында ресми түрде ашылған білім додасына еліміздің түкпір-түкпірінен шәкірттер қатысып, жобаларын таныстырды. Осылайша, оқушылардың үздік зерттеу жұмыстары мен өнертабыстарын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған конкурс 9 секция бойынша өз жұмысын бастады.

Бүгін ертемен оқушылар сарайы дарынды жастармен толықты. Егемен еліміздің әр аймағынан жиналған оқушылар өздерінің біраз уақыт бойы зерттеген ғылыми жобаларын қазылар алқасының алдында дәлелдеп шықты. Халықаралық тәжірибеге сәйкес ашық көрме фортамында ұйымдастырылған республикалық байқауда қатысушылар ойын емін-еркін айту үшін барлық жағдай жасалған.
– Жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11 сынып оқушылары арасында республикалық ғылыми жобалар конкурсы елімізде 1999 жылдан бері өткізіліп келеді. Жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша ақпан айының 16-21 аралығында Ақтөбе қаласында ұйымдастырылды. Ал Атырау қаласында қоғамдық-гуманитарлық бағытта өтуде. Жалпы, республикалық кезеңге 700-ден астам жобамен 900-ға жуық іріктелген болатын. Соның ішінде қоғамдық-гуманитарлық бағытта 260-қа жуық жобамен 320 оқушы қатысып, жұмыстарын қорғайды. Басты міндет – ғылыми ізднесіке құштар жастарға қолдау көрсету. Балаларға әр секция бойынша тәуелсіз қазылар алқасы келіп, жобаларын тыңдайды. Әрбір оқушыға жұмысын таныстыру үшін 10 минут, сұрақ-жауапқа 5 минут уақыт беріледі. Ең бастысы, байқау ашық әрі әділ өту үшін әр қазылар алқасының қасында ерікті видеографтар жүріп диалогты бастан аяқ түсіріп шығады. Конкурстың ережесіне сәйкес, қатысушылардың 45 пайызы Оқу-ағарту министрлігінің І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен және алтын, күміс, қола медальдармен марапатталады, — деді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының бөлім басшысы Ерқұлан Нұртазанов.

Жамбыл облысы, Меркі ауданынан келген 11-сынып оқушысы Диас Жолшыбек «табақ тарту дәстүрін» оқушылар арасында компьютерлік ойын арқылы насихаттауды қолға алыпты. Оның айтуынша, бүгінде елімізде табақ тарту дәстүрінің 40-тан астам түрі бар. Алайда көпшілік оның барлығын біле бермейді. Сол себепті, ол арнайы ойын арқылы жастардың білімін жетілдірмек ниетте.

–Осы тақырыпты зерттей жүріп, мынадай оқиға естідім. Бұрынырақта жігіт ағасы білместікпен қарындасына «кәрі жілік» тартыпты. Кейін босағада отырып қалған қарындасы «кәрі жілік» алып, кәрі қыз атандым» деп ұзақ жылдар бойы ренішін білдіріп өткен екен. Міне, сондықтан ұлттық дәстүрімізді қайта жаңғырту арқылы табақ тарту дәстүрін де «бір кісідей» меңгергеніміз жөн»,-дейді Диас. Бір қызығы, меркілік жас «табақ тарту дәстүрінің» ұстаздарға арналған бағдарламасын 3D модельдеу тәсілі арқылы ойлап шығарыпты. «Меніңше, бұл тақырып тарих сабағында кеңінен қозғалуы керек. Шындығында, қазіргі жастарды бір ғана дәріспен таң қалдыра алмайсыз. Сондықтан, осындай көрнекіліктер, ойындар арқылы ұлттық құндылығымызды кейінгі буынның бойына сіңірген жөн, — дейді Диас Жолшыбек.
Екікүндік республикалық байқау жұма күні қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталады.
Айбөпе САБЫРОВА
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ