Атырауда білім сапасы көңіл көншітпейді

2022 10 06 128977 1572606291 Білім

Облыс орта мектептеріндегі IVIX сыныптар оқушыларының оқу және математикалық сауаттылығы, жаратылыстануғылыми сауаттылығы бойынша білім сапасы төмен. Халықаралық деңгейдегі механизм бойынша оқушыларды аттестаттау кезінде жүргізілетін тексерулер нәтижесі осыны көрсетіп отыр. Бұл мәселе өткен аптада Атырау қалалық мәслихатының кезекті сессиясында күн тәртібіне шығарылды.

ДЕПАРТАМЕНТ НЕ ІСТЕЙДІ?

Депутаттардың ұсынысымен күн тәртібіне енгізілген өңірдегі білім сапасы туралы мәселеге Атырау облысы білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Қаныбек Жұмашев тоқталды. Қалалық мәслихаттың кезекті III сессиясында бұдан өзге де мәселелер талқыланды.

Алдымен мәслихат депутаттары өңірдің және республиканың рухани-мәдени саласына үлес қосқан азаматтарға «Атырау қаласының Құрметті азаматы» атағын беру, қала аумағындағы жер мәселелері жөніндегі комиссиясы, қоғамдық көлікте жол жүру үшін жеңілдіктер белгілеу туралы ұсыныстарды мақұлдады. Сондай-ақ, былтырғы қала бюджетінің атқарылуы, қалаға қарасты ауылдық округтердің бюджетіне өзгерістер енгізу туралы мәселелер қаралды. Жасыратыны жоқ, білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің құрылғанына он жылдан астам уақыт өтсе де көпшілік бұл құрылымның жұмысынан хабары аз. Осыған қатысты департамент басшысы аз-кем тоқталып, саладағы мәселелерді баяндап берді.

– Департамент білім саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады. Оның ішінде, жоспарлы және жоспардан тыс тексеру, мемлекеттік аттестация өткіземіз. Білім беру мекемелерінің барлығы бес жыл сайын мемлекеттік аттестациядан өтеді. Жыл сайын жоспарлы тексеру жүргізіліп тұрады. Аттестациядан өтпеген мекемелерге анықталған кемшіліктерді жою бойынша әдістемелік ұсыныс береміз. Аттестациядан қайта өту үшін олар уақытын өздері белгілейді. Біз өз тарапымыздан белгіленген уақытқа комиссия құрамыз. Бүгінгі таңда мемлекеттік аттестаттау кезінде сарапшылар мен комиссия мүшелері білім беру мекемелеріне бармай-ақ қашықтан жүргізе алады. Былтыр жылдық жоспарға сәйкес жүргізілген 66 білім беру мекемесінің ешқайсысы да мемлекеттік аттестаттаудан өткен жоқ. Оның негізгі себептері де жоқ емес. Ал, биыл алғашқы 4 айда 19 колледж және 16 мектепке жүргізілген мемлекеттік аттестаттаудан 9 колледж бен 14 мектеп өтпеді. Қайта аттестаттау барысында 9 колледж аттестатталды, – деді Қаныбек Бекболатұлы.

fotooo

ҰСЫНЫС МӘСЕЛЕНІ ШЕШЕ МЕ?

Департамент басшысы халық қалаулыларының алдында қордаланған мәселелермен қатар, орта білім сапасын арттыру бағытында облыс әкімдігіне жолдаған ұсыныстарын ортаға салды.

– Педагогтардың біліктілігін арттырудың өңірлік жүйесін дамытып, мектеп оқушыларының білім сапасын арттыруға бағытталған шараларды іске асыру қажет. Оқушылар, мұғалімдер және мектеп әкімшілігінің жауапкершіліктеріне қатысты кестеге сәйкес білім беру процесіне қатысушылардың барлығының академиялық адалдық саясатын енгізе отырып, білім беру мазмұнын қолдау және дамыту бөлігінде орта білім беруді қаржыландыруды ұлғайтуды ұсынамыз. Сондай-ақ, білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыратын жергілікті мемлекеттік органдардың білім сапасы үшін жауапкершіліктерін арттыру бағытында шаралар қабылдау секілді бірнеше кешенді іс-шаралар жоспарын қабылдауды ұсынып отырмыз, – деді Қ.Жұмашев.

Күн тәртібінде қаралған бұл мәселенің қалалық мәслихат депутаттарын неліктен толғандырып отырғаны белгілі. Өйткені, облыс мектептері оқушыларының 57 пайызы Атырау қаласында оқиды. Ал, қаладағы 11 мектеп үш ауысыммен оқып жатыр. Бұл жағдай оқушылардың білім сапасына әсер етпей қоймайтыны бесенеден белгілі.

Сессия барысында Дамбы, Еркінқала, Қайыршақты, Кеңөзек, Атырау, Алмалы ауылдық округтерінің әкімдері 2023-2025 жылдарға арналған округ бюджеті туралы жобаларын ұсынды. Мәслихат депутаттары тарапынан сұрақтар қойылып, оқушылардың білім сапасын жетілдіру, мұғалімдер мен балалардың денсаулығы  жақсартуға бағытталған шаралар, бос уақыттарын тиімді пайдалану, мектепішілік тәртіптің сақталуы, білім гранттарын арттыру, жекеменшік білім беру мекемелерін бақылауға алу, мұғалімдердің жылдық жұмыс нәтижелерін саралау, өзге де қосымша пікірлер мен ұсыныстар айтылды.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз