АБАЙДЫ ОҚЫМАЙ

өмірді түсіну қиын
Болашақ ұрпақты ізгілік бесігіне бөлейтін басты нәрсе – адамгершілік тәрбие.

Адамзаттың тарихында Абайдың гуманистік ізгі ойларына, тәжірибелеріне көз жіберсек, адамзаттың дамуында әр дәуірде, әр ұлттың ойлау жүйесінде қалайша пайымдалғанын салыстырмалы қарауға мүмкіндік береді. Абайдың қара сөздерінде ізгіліктің негізгі идеялары анық көрініс тапқан. Оларға жататындар: адамды ерекше құрметтеу, бағалау, халыққа жанашырлық білдіру, адамды сүйіспеншілікке баулу, т.б.
Руханилық, имандылық, қоғамдық өмір, адамның сыр жаны… Бұл ұғымдар ұлы Абайдың шығармашылық негізін құрайды. Оның ойлары мен идеялары, ұстанымдары мен құндылықтары қазақтың ұлттық санасын жаңа деңгейге көтереді.
«Тарихтың өзі де, көзі де –адам» дейтін қағиданы қолданған Абайдың көзқарасының басында адам тұрады. Абай үшін адам – дүниенің ең сүйікті, ең асылы. Сондықтан, Абай дүниетанымын талдағандағы ең бірінші бетке ұстарымыз – оның адамға деген риясыз сүйіспеншілігі, оның гуманизмі.
«Абайдың адамға деген сүйіспеншілігі қай еңбегінде бар?» деген сұрақ орынсыз болар еді. Себебі, ойшыл ақынның қай өлеңі мен қайсыбір «Қара сөзін» алсаңыз да, одан адамға деген құштарлығы сезіледі, сүйіспеншілігі білінеді. Бұны білдіретін тек қана «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп басталатын өлеңі емес, әрбір қара сөзі куә. Байды жамандаса, панасыз кедейді қолдайды, қорғайды, күз бен жазды суреттесе, адамның мінезі мен көңіл-күйіне қызығады, сүйсінеді.
Абайдың сүйіспеншілігі, махаббаты, адамға құштарлығы тек адаммен шектелмейді.
«Махаббатпен жаратқан
адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы
жаннан тәтті,
Адамзаттың бәрін сүй
бауырым деп,
Және хақ жолы деп әділетті».
Адамға деген сүйіспеншілікті, гуманизмді, сұлулықпен ұштастыру, сезіммен байланыстыру гуманизмнің барлық нысандарына тән.
«Ғашықтық, құмарлықпен – ол екі жол,
Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол.
Сенен артық жан жоқ, ғашық болдым,
Мен не болсам болайын, сен аман бол».
Абай ғашықтықты жанмен байланыстырып, жан қасиеті деп, ал құмарлықты тән қасиеті деп табады. Абайдың бұл туралы түсінігінде екі түрлі қасиет бар. Біреуі: жеу, ұйықтау «тән қасиеті – тәннің құмары». Олар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Екіншісі: білу, көру, қызығу, бұл – жанның қасиеті, жан құмарлығы. Адамның білімге деген құштарлығы, сұлулыққа ғашықтығы оны одан да көп білуге жетелейді.
Абайдың түсінігінде адам өмірінің ең басты көрінісі – тәртіпке өз өмірін бағындыру, ретпен өмір сүру. Адам жүрегімен тыңдайтын жолға немесе оның дамуының үшінші рухани сатысына жетелер жол.
Рухани жетілу жолы – шексіз жол. Бұл шектілі де шексіз адамды жетілу жолына түсіру немесе қарапайым адамды «толық адам» болуына жеткізу жолы. Бұл жолға адам өмірлік тіршілігінің шектілігін сезініп, саналы түсініп, өз әрекетінің дұрыстығын түсінеді. Абайдың дүниетанымын адам туралы іргелі ілім деп айтуымыз керек. Абай ілімін мектептерде әлі де тереңірек оқытуға мән беру керек. Абайды білмей өмірді түсіну қиын.

Латифа ІЗМҰХАМБЕТОВА,
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы Атырау облысы
бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты талдау және сараптау бөлімінің жетекші маманы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз