Жарнама
Білім

Атырауда білім беру жүйесі жаңарып келеді

Цифрлық технологиялар бүгінгі таңда білім беру жүйесінің ажырамас бөлігіне айналды. Атырау облысында да бұл бағытта бірқатар жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Облыс мектептерін интернетпен қамтамасыз ету, заманауи техникамен жабдықтау, цифрлық білім беру платформаларын енгізу сынды бастамалар өңірдің білім инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеруде.

Облыстық білім беру басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, өңірдегі 207 мемлекеттік жалпы білім беретін мектептің 205-і немесе 99%-ы интернет желісіне қосылған. Бұл көрсеткіш 2023 жылы 91%-ды құраса, 2024 жылы 99%-ға жетіп отыр. Бұл – облыстағы цифрлық инфрақұрылымды жетілдірудің нақты нәтижесі.

2025 жылы мектептерді талшықты-оптикалық байланыс желісі (ТОБЖ) арқылы интернетпен қамту үшін республикалық деңгейде орталықтандырылған сатып алу ұйымдастырылды. Конкурс нәтижесінде “Қазақтелеком” АҚ жеңімпаз болып танылып, 181 мектеп ТОБЖ арқылы интернетке қосылды.

-Қашық орналасқан мектептер үшін Starlink жүйесі арқылы балама шешімдер табылды. Бүгінде 17 мектеп (8,2%) осы жүйе арқылы интернетке қосылған. Сонымен қатар, 7 шалғай ауыл мектебіне (3,4%) спутниктік интернет орнату жұмыстары жүріп жатыр.

Тестілік режимде Құрманғазы ауданындағы Б.Момышұлы атындағы мектеп спутниктік интернетке қосылып, сәтті нәтиже берсе, қалған мектептер де желіге қосылатын болады, — делінген ресми хабарламада.

Орта білім беру мекемелерін материалдық-техникалық тұрғыдан жабдықтау мақсатында соңғы жылдары айтарлықтай қаржы бөлінді.

2024 жылы 500 компьютерге қажетті қаражат бөлініп, соның ішінде 477 компьютер мектептер тарапынан сатып алынса, 2025 жылы 500 моноблок алуға 500 млн. теңге жоспарланған, қазіргі таңда конкурс жариялауға құжаттар тапсырылған.

Қосымша сұраныстар бойынша да техника сатып алынуда: 2024 жылы – 18 ноутбук, 2025 жылы – 168 моноблок және 22 ноутбук сатып алынды.

Дегенмен, қазіргі уақытта қосымша 2023 компьютерге қажеттілік бар, бұл сұранысты алдағы кезеңде шешу көзделіп отыр.

2024–2025 оқу жылында Атырау облысында 198 мемлекеттік мектеп, 3 арнайы мектеп және 19 жекеменшік мектеп “Күнделік” электрондық журнал жүйесіне қосылған. Бұл ата-аналар мен мұғалімдер арасындағы байланыс пен оқу процесінің ашықтығын қамтамасыз етеді.

Алайда, әзірге облыс мектептері “BilimLand” және басқа да білім беру платформаларына қосылмаған. Бұл бағытта болашақта жұмыстар жүргізілуі тиіс.

Цифрлық білім берудің маңызды құрамдас бөлігі – оқушылардың ІТ және техникалық дағдыларын дамыту.

Бүгінде облыста 55 мектепте робототехника кабинеттері ашылған, бұл үйірмелерге 1045 оқушы қатысуда. 56 мектепте IT-сыныптар жұмыс істесе, осынша мектепте STEAM кабинеттері жабдықталған, бұл кабинеттерде оқушылар пәнаралық дағдыларды меңгереді.

Білім беру саласындағы мемлекеттік қызметтердің барлығы бүгінде толық автоматтандырылған. Бұл – цифрлық басқаруға көшудің тағы бір көрінісі.

Атырау облысында білім беру саласындағы цифрландыру жүйелі түрде дамып келеді. Интернетпен қамту деңгейі жоғары, цифрлық инфрақұрылым жыл сайын жаңартылып, оқушылардың заманауи дағдыларды меңгеруіне жағдай жасалуда. Алайда, шалғай ауылдардағы мектептерді толықтай интернетпен қамтамасыз ету, компьютерлік техникаларға деген сұранысты толық жабу және қосымша білім беру платформаларын енгізу – алдағы уақыттың маңызды міндеттері болып қала бермек.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button