Жарнама
Білім

Атырауда әр екінші бала үшке оқиды

Өңірде білім сапасының сын көтермейтіні баршаға мәлім. Ұлттық бірыңғай тестілеудің де көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Алайда, солай екен деп қол қусырып қарап отыруға да болмайды. Керісінше, балалардың білім деңгейін көтеруге барлық мүмкіндікті пайдаланып, жауапкершілікті күшейту қажет. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің қатысуымен өткен кеңейтілген алқа отырысында айтылып, білім саласын дамытудың жай-күйі қаралды.

Атырау облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Қаныбек Жұмашевтың айтуынша, соңғы бес жылда еңсенің, анығында сапаның көтерілмеуі қоғам мүшелерін айтарлықтай толғандыруда.

«PISA-2018-дің қорытындысы бойынша, функционалдық сауаттылықты қалыптастыруда Атырау облысы республика бойынша ең төменгі орында қалып отыр. Облыстағы білім алушылардың 84%-ы сауаттылық деңгейі бойынша төмен нәтиже көрсеткен. Математика бойынша – 60%, Жаратылыстану ғылымдары бойынша – 84%. Ал, ағымдағы оқу жылындағы директорлар мен мұғалімдердің қойып отырған бағаларына назар аударсақ, үздік және жақсы оқыған оқушылар 53%-ды құрап отыр. Республикада алдыңғы орында тұрған Павлодар облысында ағымдағы сапа – 57%, Батыс Қазақстан облысында – 55,76 %. Бұл көрсеткішке қарап, біздің өңірдің де алдыңғы қатарларға орныққанын байқайсыз. Ал, сыртқы мониторингтік бақылаулар келген кезде сапа өте төмен көрсеткіш көрсетеді.

Бұл мектептердегі бағалаудың дұрыс еместігін айғақтайды. 2021 жылы НЗМ жүргізген зерделеу нәтижесінде, ауылдық мектеп оқушыларының білім сапасы қалалықтарға қарағанда 1,3% жоғары болған. Сол жылы ауыл балалары арасында «Алтын белгі», ерекше үлгідегі аттестат иеленгендер 3 есе көп болған. Ал, облыста оқушылардың 57%-ы Атырау қаласында оқиды» деген ол оқушылардың 100% үлгере отыра, білім сапасы 50% болу деген, әрбір екінші оқушының үштік бағаға оқитынын білдіретінін айтты. Сонымен қатар, ҰБТ нәтижелеріне талдау жүргізген кезде де соңғы 5 жыл бойына облыс төменгі пайыз көрсеткенін атап өтті.

Иә, білім беру саласында қордаланған мәселе көп. Кеңесте сала мамандарының «ауруды» жасырмай ашық айтып, оның тетігін табу жолдарын қарастыруы саланы дамытуға арналған нақты жұмыстардың дәлелі.

Мәлике МӘЛІКҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button