Атырау студенттері Малайзияда білім алады

img 20220426 wa0046 Білім

С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті базасында Universiti Teknologi PETRONAS филиалын ашу жоспарланып отыр.

Жақында АтМГУ ректоры Гүлзада Шакуликова бастаған делегация Малайзияға барып, екіжақты ынтымақтастық туралы келіссөз жүргізіп келді.

PETRONAS компаниясының жобалар мен технологияларды іске асыру жөніндегі вице-президенті Bacho Pilong UTP мен АтМГУ-дің стратегиялық әріптестігіне қолдау көрсетті. Қазіргі заман талабына сай инженер кадрларды даярлау үшін шетелдік жетекші жоғары оқу орындарымен байланыс орнату – Атырау мұнай және газ университетінің стратегиялық міндеті. Осы бағытта Universiti Teknologi PETRONAS (UTP)-пен бірге білім беру бағдарламаларын үйлестіру, «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасын жүзеге асыру, РhD докторанттарын даярлау, ғылыми мақалалар жазу бойынша бірлескен жобалар қолға алынып келеді.

-Атырауда UTP филиалын ашу – сапалы білім беру бағдарламалары, мықты профессорлар мен олардың ғылыми – зерттеу жұмысындағы тәжірибесінің трансферін қамтамасыз етеді. Оңтүстік-Шығыс Азиядағы біздің университетпен бірдей бейіндегі жоғары оқу орнымен серіктестік орнату – жұмысымызға тың серпін беретін қадам деп есептейміз, – дейді С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің Басқарма төрағасы-ректор Гүлзада Шакуликова.

Айта кетейік, Universiti Teknologi PETRONAS – 2020 жылы Quacquarelli Symonds рейтингінде әлемдегі алдыңғы қатарлы инженерлік университеттердің қатарында аталды. Оқу орнының нанотехнология және «жасыл технологиялар», гибридтік энергетикалық жүйелер, зияткерлік қалалар мен тұрақты даму сияқты өзекті салалардағы әзірлемелері мен зерттеулері халықаралық беделін нығайтып отыр.

Университетті интернацияландыру халықаралық байланыстарға айқын жол ашып, серіктестік әлеуетті бірге қолдануға мүмкіндік береді. Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің студенттері «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы аясында Еуропадағы жоғары оқу орындарына барып, білім алып жүр. Сонымен қатар, шетелдік профессорлар Атырауға келіп, дәріс өткізеді. Биыл АтМГУ үш оқытушысы «Болашақ» бағдарламасының иегері атанды, жақында олар әлемдегі жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарына барып, тағылымдамадан өтеді. Малайзиядағы Petronas университетімен арадағы келісім-шартқа сәйкес оқытушылар Химия инженериясы және Мұнай-газ ісі бағыттары бойынша докторантурада оқиды. С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен индустриалды университетке трансформациялану жұмысын жүргізіп жатыр. Соның аясында өңірлік ғылыми-зерттеу орталығы құрылады.

Atr.kz

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз