![Атырауда 2500-ге жуық жасөспірімге психологиялық кеңес берілді 1 k](https://atr.kz/wp-content/uploads/2025/02/k-780x470.jpg)
Атырауда 2500-ге жуық жасөспірімге психологиялық кеңес берілді
Өңірде адам жанының қыр-сырын ашып, ішкі үйлесімділікті табуға көмектесетін бірқатар шара ұйымдастырылып жатыр. Д.Қонаев атындағы «BINOM» мектеп-лицейінде «Психологиялық қолдау қызметі: мақсаты, міндеттері, негізгі бағыттары» тақырыбында өткен облыстық семинарда да маңызды мәселелер талқыланды.
![Атырауда 2500-ге жуық жасөспірімге психологиялық кеңес берілді 2 kkkkk](https://atr.kz/wp-content/uploads/2025/02/kkkkk-1024x682.jpg)
Былтыр желтоқсан айында облыстық білім беру басқармасының «Психологиялық қолдау орталығы» ашылған болатын. Орталық директоры Шынар Төкенова 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге психологиялық көмек және қолдау көрсету басты назарда екенін қаперге берді. Оның айтуынша, жұмыс бөлімінде сенім телефоны (8-708-068-12-10) тәулік бойы қосулы болады. Мамандар балалар мен жасөспірімдерге қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ психологиялық көмек алу мәдениетін дамытуға үлес қосады. Былтыр қазаннан бастап онлайн – 321, офлайн түрде 2103 адамға психологиялық кеңес берілген.
![Атырауда 2500-ге жуық жасөспірімге психологиялық кеңес берілді 3 kk](https://atr.kz/wp-content/uploads/2025/02/kk-1024x682.jpg)
Сонымен қатар антибуллингтік бағдарламалар бойынша білім беру мекемесінің мамандары мен басшыларына біліктілікті арттыру курстары өткізілген. Бүгінде KIVA бағдарламасы бойынша 3 мектеп, ДОСБОLIKE бағдарламасы бойынша 9 мектеп жұмыс атқарып жатыр.
Пайдалы ақпараттарға қаныққан облыстың түкпір-түкпірінен жиналған педагог-психологтар, әлеуметтік педагогтар, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары семинарда өзара тәжірибе алмасып, кәсіби біліктіліктерін шыңдады.
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ