Атырау облысында 200-ден астам мектепте алғашқы қоңырау соғылды
Олардың арасында оқу жылын жаңадан бастаған «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты бар. Мұндай мектеп Атырау облысында алғаш рет ашылып отыр. Аталған білім ордасының алғашқы қоңырау салтанатты шарасына облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев қатысып, әскери біліммен қоса елінің патриоты болуға ұмтылған оқушыларды мерекемен құттықтады.
— Баршаңызды 1 қыркүйек — Білім күнімен құттықтаймын. «Сармат» мектебінің құрылысы басталғалы оның концепциясы, тәрбиелік жұмыс бағыты жасалып, облыстағы көптен күткен жобаның бірі болды. Бұл білім ордасына түсу үшін оқушылар норматив тапсырып, тестілеуден өтті. Олардың арасынан үздіктер таңдалып, қабылданды. Осы ретте баласының патриоттық тәрбие алуына қолдау көрсеткен ата-аналарға алғыс білдіремін. Білім мен тәрбие ажырамас ұғым. Мұнда оқушыларға сапалы біліммен қатар, ұлттық тәрбие беріледі. Оның әр түлегі елі сенген, Отанына адал қызмет еткен азамат боларына сенімім мол,— деді Ж.Бисембиев.
«Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында 7,8,9 сыныпқа 150 оқушы қабылданды. Келер жылы 300-ге оқушы қамтылады. Оларға 14 мұғалім сабақ береді.
Жаратылыстану-математика бағытындағы физика, биология, химия, география пәндері тереңдетіп және әскери-бейіндік пәндер оқытылады. Қосымша спорт, алғашқы әскери дайындық, би, ән, домбыра сынды үйірмелері бар.
Мектеп 3 қабатты және жатақханасы бар. 5 мезгіл тамақ беріледі. Пәндік сыныптардан бөлек, әскери дайындық үшін арнайы жаттығу алаңы, заманауи зертханалар мен кітапхана бар.
Анықтама үшін: Облыста 204 мемлекеттік мектепте алғашқы қоңырау соғылады. Олардың ішінде 5-уі жаңа мектеп (Атырау қаласында «Сармат», олимпиада резервтерін дайындайтын спорт мектеп-интернаты, Исатай ауданында мектеп-гимназия және екі Binom мектебі). Сонымен қатар апатты мектептердің орнына салынған Д. Төленов атындағы мектеп-гимназия (Махамбет ауданы), Абай орта мектебі (Жылыой ауданы).
Сондай-ақ 12 000-нан астам бала 1-сыныпқа қабылданды.