Жарнама
БілімҚоғам

Атырауда алғаш рет шетелдік «International Education Fair» ЖОО-ның ірі көрмесі өтуде

Кеше Атырауда «Болашақ» стипендиясының 25 жылдық мерейтойы аясында халықаралық білім көрмесі өтті. «International Education Fair 2018-2019» атты көрмеге ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Орсариев, Атырау облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Таубаев және 26 елден келген.

90-ға жуық университет өкілдері қатысты

Президент бастамасымен 1993 жылы «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалып, білімге құштар жастарымыз шетелдерге оқуға жіберіле бастады. Расымен, сонау бір қысылтаяң кезеңде мұндай салмақты шешім қабылдау көрегенділіктің белгісі еді. Себебі, дәл осы шешім ел мүддесінің, болашағының негізін қалады десек те болады. Содан бері 25 жыл ішінде 13 мыңнан астам жас шетел асып, 10 мыңнан астам маман бүгінде елге оралған.

Шараның ашылу салтанатында сөз алған ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілі Арын Амангелдіұлы аталған бағдарламаның маңызын атап өтті. «Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы санаға сілкініс жасап, рухани құндылығымызды байыта түспек. Өзге елдермен қарым-қатынас рухани көкжиегімізді кеңейтеді, ол тек жеке адамның өзіне ғана емес, еліне де орасан пайда әкеледі. Ал, бүгінгі шара сол мақсатқа жол ашпақ» деді ол.

Астанадан бастау алып, бүгінде Атырауға табан тіреген халықаралық білім көрмесі аясында елімізге 40-қа жуық мемлекеттен 200-ге тарта университет өкілдері келген. Көрме еліміздің төрт қаласында (Астана, Алматы, Атырау, Шымкент) өтуде. Көрмеге келушілер арасында әсіресе, студенттер мен жас мамандардың қарасы көп болды. Бұл жерде шетелде білім алғысы келетіндер өзіне қажетті барлық мағлұматтарға қол жеткізіп қана қоймай, әлемнің озық оқу орындары мамандары тәжірибелерімен бөлісіп, ақыл-кеңестеріне де құлақ түрді.

«Кез келген саланың мамандары сауатты, әлемдік бәсекеге қабілетті, зияткерлік деңгейі жоғары болса, ол ел дамуының негізгі көзі болады. Ал, біздің ел үшін адами капиталды дамытудағы алғашқы қадамның бірі ретінде осы «Болашақ» стипендиясын айтуға болады. Бүгінде бағдарлама аясында шетелдік оқу орындары 20 мың білім грантын ұсынып отырса, оның санын алдағы уақытта 40 мыңға арттыруды көздеп отырмыз» дейді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Жанболат Мелдешов.

Қазақстан елінің білім саласындағы нәтижелі брендке айналған «Болашақ» бағдарламасы ел экономикасына айтарлықтай серпіліс әкеліп қана қоймай, адами капиталдың дамуына да айрықша үлесін қосуда. «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегерлері  әлемнің озық 70 университетінде гуманитарлық, инженерлік-техникалық, медициналық және шығармашылық мамандықтар бойынша  білім алған.

«Біздің негізгі мақсатымыздың бірі – Қазақстанды Орта Азиядағы «білім хабы» дәрежесіне жеткізу, ол үшін ең алдымен өз жоғары оқу орындарымызды белгілі бір дәрежеде әлемдік деңгейдегі университтермен қатар тұра алатындай дәрежеге көтеру. Міне, осыған байланысты, халықаралық білім көрмесінде еліміздің университтері шетелдік мамандардан тегін шеберлік сабақтарын алуды ұйымдастырып отырмыз. Олардың ең жақсы деген модульдері мен жеткен жетістіктерінен өзімізге қажеттілерін үйренуіміз керек», –  деді Жанболат Мелдешов.

Жихан Гобаноглы, Стамбулдағы Шехир университетінің өкілі:

– Біздің оқу орны қазақстандық жастар үшін білім грантын ұсынып отыр. Қызығушылық танытып жатқандар өте көп. Жеті факультеті бар Шехир университеті теңіздің жағасында орналасқан. Ал, университет логотипінде велосипед суреті не үшін көрсетілген десеңіз, оқу орнында студенттерге арналған екі жүз велосипед бар. Мұны студенттер еркін пайдалана алады. Біздің елдің есігі қазақстандықтар үшін әрдайым ашық.

Гүлшекер ҚУАНБАЙ,«Болашақ» бағдарламасының түлегі:

– Әр елдің тілін меңгерген сайын, сол мемлекеттің тарихы, әдебиеті, мәдениетімен танысып, өзіңе тәжірибе жинақтайсың. Ол тек өзің үшін ғана емес, еліңнің келешегі үшін де маңызды. Англияның Лидс университетінде оқып жүріп соны түйдім. Халықаралық журналистика мамандығы бойынша оқып, біліктілігімді арттырдым. Біз алдымен «Шетелдерге неге қызығады?» деген жалпылама түсініктен арылуымыз керек. Мәселен, мен білім алған оқу орынның кітапханасы жайында ауыз толтыра айтуға болады. Уақытпен санаспай, 24 сағат жұмыс жасайын кітапханада барлық жағдай жасалғандықтан, адамдар көп уақыт кітап оқиды. Онда ауқаттанып, тынығуға арналған арнайы орындар да жасақталған.

Нұрбибі АБЗАЛҚЫЗЫ, 11-сынып оқушысы:

–Чехия елінде білім алғым келетін. Көрме барысында Чехия туралы толық мағлұмат алып, арманыма бір табан жақындағандай болдым. Жыл сайын қазақстандық үш мыңға жуық жас Чехияға оқуға түседі екен. Бұл тәуелсіз еліміздің болашағы саналатын жастардың білімге құштарлығын, ынтасын білдіреді.

Мәлике Қуанышева

Суреттерді түсірген: Е.АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button