Армысың, алтын ұя – мектебім!

Білім

Өткен оқу жылын тәуір  жетістіктермен аяқтаған Атыраудағы №17-ші мектеп-лицей биылғы жаңа  оқу жылында өзінің 1538 шәкіртіне есігін айқара ашты. Қуанарлығы, былтырғы түлектердің ішінде бесеуі «Алтын белгі» мен біреуі «Үздік аттестатты» ойдағыдай қорғаған болса, жүздеген оқушы түрлі қалалық, облыстық, республикалық, тіпті халықаралық сайыстар мен олимпиадалардың жүлдегері атанды.

Биылғы оқу жылы өзге жылдағыдан ерекше айтулы. Өйткені, биыл – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Олай болса, Елбасымыз айтқандай, ел ертеңі де, ел қорғаны да – білімді ұрпақ. Білім күнінде мектеп-лицейдің талантты шәкірттері мен педагогикалық ұжымын Атырау облыстық мәслихатының  хатшысы  Сағындық Лұқпанов арнайы құттықтады. Ол: «Терең біліммен қаруланған жастар ғана бар арманына қол жеткізеді, тәуелсіз еліміздің байрағын биіктен түсірмейді», – деді.

Ал,  білім ошағының басшысы Дариға Балтабекова ата-аналардың аталған мектеп-лицейге деген сенімінің барған сайын тереңдеп  отырғанын зор қуанышпен жеткізді. Олай дейтін себебі – тек биыл жаңа оқу жылында мектеп-лицей табалдырығын тұңғыш аттағандар тоғыз сыныпты құрап отыр! Бүгінде бұларда үш жүзге жуық шәкірт білім нәрімен сусындайтын болады.

Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы, Ата Заң мен Білім күніне орай өткен шараға оқушылармен бірге, олардың ата-аналары да көптеп келді. Өнерлі шәкірттер ән салып, би биледі. Білім мен спортта, түрлі ғылыми жобаларда оза шапқан оқушылар көп алдында тағы бір ұлығыланып, зор мәртебеге ие болды.

Лиза  СЕЙТІМОВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған