Арман орындалған күн.
Атырау мұнай және газ институтын бітіруші түлектердің диплом алу салтанаты өтті Институт – еліміздің мұнай-газ саласының кемелденіп дамуына үлес қосып отырған іргелі білім ошағы. Биылғы жылы 800-ге жуық бітіруші түлек оқу орнын тәмамдаса, олардың ішінде 54-і – ерекше диплом иегері.
Мұнайлы аймақтың жоғары кәсіби инженер мамандары осы институтта даярланып шығады. Түлектердің алды кәсіптік білімдерін табысты іске асырып, мемлекеттік құрылымдарда, еліміздің ірі компанияларында еңбек етуде, білім және ғылым салаларын дамытуға айтарлықтай үлес қосуда, — деді институт ректоры Әли Әбішев.
Айта кетейік, өткен оқу жылында институт «Ембімұнайгаз» АҚ-мен бірлесіп, дуальдық білім беру жүйесін жүзеге асырды. Нәтижесінде, «Полигон» аталған білім беру тәжірибесі негізінде «Мұнай газ ісі» мамандығының он бес бітіруші түлегі білім ала жүріп, Құлсары кен орынында жұмыс жасады. Студентке институт қабырғасында еңбек кітапшасын ашуына жағдай жасап, қамқорлық көрсеткен білім ордасының «Қамқоршылық кеңесінің» төрағасы, техника ғылымдарының докторы, «KAZENERGY» қауымдастығы төрағасының орынбасары Ұзақбай Қарабалин еді. Салтанатты шарада Ұзақбай Сүлейменұлы он бес түлекке дипломмен қоса еңбек кітапшасын табыстады. Өндіріс пен білімді қатар қойған тәжірибе еліміз бойынша аталмыш институтта ғана енгізілген. Тәжірибе келесі жылы да жалғасын таппақ. Алдағы уақытта оқу орны төрт ірі мұнай кәсіпорнымен бірлесіп жұмыс жасауды көздеп отыр.
Сондай-ақ, салтанатты рәсімде «Меридиан Петролеум» компаниясының президенті, «Қазақстанның мұнайшы-геологтар» қоғамының басшысы, геология және минерология ғылымдарының докторы Балтабек Қуандықов, «Каспий тұрба құбырлары консорциумы-Қазақстан» (КТК-Қ) АҚ-ның аймақтық менеджері Сәрсембай Мұрынов, «Экология және өмірдегі тіршілік қауіпсіздігі» халықаралық академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы Мағауия Шырдабаев, Атырау қалалық мәслихатының хатшысы Қанат Әзмұханов түлектерге жылы лебіздерін білдіріп, сәт-сапар тіледі. Бітіруші түлектер атынан студенттік пәндік олимпиада жүлдегері Алтынай Қадырғалиева, «Қазақстан студенттер Альянсы» және студенттік еріктілер қозғалысының көшбасшысы Бауыржан Қарағұлов құттықтау сөз сөйледі. «Ғибрат-Лидер» дебат клубының белсенді мүшелері және студенттік еріктілер қозғалысының көшбасшысы Асқар Есенгелдин мен Евгения Исаевская, «Халықаралық мұнайшы-инженерлер» қоғамының жастар тобы бойынша жетекшісі Дина Мейірманова егемен еліміздің гүлденуіне өз үлестерін қосуға аянбай тер төгетіндерін айтты.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.